Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Баланы ұрып тәрбиелеуге бола ма?

Баланы ұрып тәрбиелеуге бола ма?

Алыс-жақын ағайынның басы жиі қосылмаса да, араға ай салып отырыс жасайтын әдет барлықтарыңызда бар шығар? Әсіресе, жылжыған жылдармен келетін туған күнде үйдің іші қонаққа толады. Үлкендердің өзін айтпағанда, асыр салып ойнайтын балалар-ақ шаңырақты у-шу ететіні бәріңізге мәлім. Осындай сәттері әр жерде баласына жекіп немесе нұқып айқайлап тұрған ата-ананы амалсыз көзіміз шалады. Ол кісілерге анадайдан тұрып «Қойсаңызшы» деп те айта алмаймыз. Десек те, осы мақала арқылы тентектік жасайтын баласын таяқ арқылы тезге салатын ата-анаға ой тастағымыз келеді.
Сәби шыр етіп дүниеге келген сәтте барлығының мән беретіні тәрбие. Кез келген ата-ана баласының саналы һәм ақылды болғанын армандайды. Бірақ, сөздің шыны керек, тал шыбықтай иілгіш жас буынның ойындағыдай жетілуіне ықпал жасамайды. Көбісі баланың армандары мен мәселелерін түкке тұрғысыз дүние санайды. Одан қалды, тілі шыққан бөбек былдырлап сөйлей бастаса, тыйып тастайды. Ең сорақысы, енді есейіп, оң-солын ажырата білген баланы таяқтың астына алады. Иә, сіз бен біздің ортамызда қандай жағдайда болсын қызбалыққа салынып өз баласын көкала қойдай сабайтын жандар жоқ емес. Жә, ата-ана болу оңай емес делік. Алайда, баланы тәрбиелеудегі таяқтың орнын басқамен алмастырса болмас па екен?

Психологтар пайымы
Қазіргі заманның бірден бір жаңалығы адамдардың жаппай психологтардың көмегіне жүгінуі. Өйткені, әр адамның ішкі дүниесінде көзге көрінбейтін кірбіңі мен өзгеге ашып айта алмайтын сыры болады. Бірақ, психолог мамандарға мұң айтып, сыр ақтару ғана керек десеңіз қателесесіз. Олар тікелей түпкі санамен жұмыс істеп, шаңырақтағы шаттықты қалай сақтап қалуға болатынын айтады. Осы орайда біз әлеуметтік желідегі бірнеше психологтың пайымына көз жүгірттік. Байқағанымыз барлық маманның пікірі «Баланы таяқтап тәрбиелеуге болмайды» дегенге саяды. Ал, оның себебі мен салдарын балалармен тікелей жұмыс істеп жүрген психолог Ләззат Төлешова айтып берді.
– Қазақ халқы баланы құрсақтан бастап тәрбиелеуге ден қойған. Ол аяғы ауыр ананың жақсы сөз айтып, тек позитивті ойлауына байланысты. Ал, нәресте дүниеге келгенде оны жазалаудың жолдарын емес, тәрбиелеудің пунктерін қарастырған абзал. Себебі, отбасында зорлық-зомбылық көрген баланың психикасы бұзылады. Ең біріншіден, баланың өзі бұғанасы қатпай жатып қатыгездікке барады. Одан кейін өз ойын айта алу қабілеті төмендейді. Бұл баланың алдағы уақытта жоспарын іске асыруда белсенділігінің азаюына, өз-өзіне сенімсіздігіне әкеледі. Ал, балаға дауыс көтергенде, өзін керексіз сезінеді. Қорқақ, үркек болады. Мінезі тұйылып, қоғамнан бөлектене бастайды, – дейді білікті маман. Сонымен қатар Ләззат психолог әңгіме арасында ата-аналарға баланы таяқсыз тәрбиелеу үшін бірнеше кеңестерімен бөлісті.
– Біріншіден, балаға бірнәрсе айтар болсаңыз, оның назарын өзіңізге аударып алыңыз. «Балам, маған қарашы» деген сыңайлы қаратпа сөздерді пайдаланып, сізді тыңдап тұрғанына көз жеткізіңіз. Екіншіден, нақты тапсырма берерде «сен» деп міндеттемей, «біз» деп жұмыла жұмыс істеуге тырысыңыз. «Біз сабақ оқимыз», «Біз үй жинаймыз» деп әрқашан балаңызбен бірге екеніңізді сезіндіріңіз. Осындай екі жолмен де баланы сіз ойлағаннан да оңай тәрбиелей аласыз.
Жасыратыны жоқ, қазақ халқы психологтың кеңесіне жүгіне бермейді. Өйткені, ұлтымыздағы көпті көрген адамдардың ақылы кез келген маманды шаң қақтыратындай еді. Ақ жаулықты әжелер мен айбынды аталар кейінгі ұрпақты ұждан алдында ұятқа қалмайтындай тәрбиеледі. Ал, қазір ше? Өкінішке қарай бүгінгі таңда бұрынғыдай баталы, өмірі өнегелі ата-әжені кездістіру қиын. Сондықтан отбасы мүшелері, әсіресе, жас отбасы бала тәрбиесінде психологтың ойымен санасқаны жөн шығар.

Дінде не дейді?
Дүниеге келген сәби бүтіндей бір әулеттің жалғасы. Сол себепті оның ертеңіне айналатын тәліміне енжар қарауға болмайды. Ал, асыл дін саналатын исламда туған нәрестеден бастап, ер жеткенге дейін перзентке қандай тәрбие беру керектігі нақтылап айтылған. Ең бірінші біздің ойымызға адамзаттың асылы Мұхаммед (с.ғ.с) Пайғамбардың бала тәрбиелеудегі өзін-өзі ұстауы оралады. Бұл әрине, сүйсінерлік жағдай. Өйткені, хадистерде пайғамбардың баласын ұрмайтындығы сан түрлі мәліметтерде келтірілген. Пайғамбар балаларын махаббатпен, даналықпен тәрбиелеген.

Жақсыдан үйрен
Ұрпақ тәрбиелеу қазақ ұлты үшін ғана маңызды емес. Сондықтан мақаламызға басқа елдер баласын қалай тәрбиелейтіндігі туралы да жаза кетпекпіз. «Жақсыдан үйрен» демекші, бәлки, өзге елдің бала тәрбиелеудегі үлгісін тәжірибеде байқап көрерсіз.
Еуропа мен Дания елдері балаларын еркін әрі өз құқығын қорғай білетіндей тәрбиелейді. Отбасындағы баланың жасына қарамастан оның пікірін ескеріп, перзентімен уақытты бірге өткізуге тырысады. Ал, Ирландия баланың қауіпсіздігіне басты мән береді. Егер ол бірнәрсені сындырып немесе бүлдіріп қойса, оған айқайламай әуелі сәбиінің амандығына көз жеткізеді. Австриялықтар керісінше, ғаламдағы қатал ата-аналар осы елде екен. Бірақ, олар балаларына көп ойыншық әпергенді ұнататын көрінеді. Канада да балалар үшін «жоқ» деген сөз айтылмайды. Ол баланың болашаққа деген сеніміне селкеу түсіреді деп түсінеді. Осы және өзге елдердің бала тәрбиелеудегі тағылымды үлгілері осындай. Бір қарағанда біздің үйренеріміз көп. Бірақ, жиренетін тұстарымыз да бар екенін естен шығармайық. Ең бастысы, баланы тәрбиелеу мен жазалаудың ара жігін ажыратып, тепе-теңдікті сақтай білейік, оқырман!

Маржан БОЛАТҚЫЗЫ
24 қыркүйек 2021 ж. 993 0