Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Балағат сөз айтпаңдаршы

Балағат сөз айтпаңдаршы

Әдеттегідей қоғамдық көлік іші лық толы. Бірі үйіне, бірі жұмысқа енді бірі сабаққа асығып барады. Ауданның үлкені мен кішісі толық осында жиналған секілді. Жолаушылар бір ауыздан келісіп алғандай жасы егде тартқандар көліктің алдыңғы жағына отырған. Ал, артқы жақта топырлап отырған жасөспірімдер. Шіркін, жастық шақ-ай. «Жас уақытта өмір гүл» демекші әрнәрсеге бір қызыққан жастар көлікке мінгелі ауыздары бір дамыл таппай, әртүрлі әңгіме айтып келеді. Бір кезде жолаушылар елең ете қалды. Себебі, жаңа ғана өздерінше әңгіме айтып, көңіл көтеріп отырған жас жігіттердің арасынан аяқ асты дау шыға қалды. Әңгімелерінің байы­­бына барып тыңдасаңыз болмашы нәрсе. Бірақ олар үшін олай емес секілді. Өйткені, жігіттер қауымы шыж-быж болып, бір кезде боғауыз сөздер қарша борады. Бірі әкесіне тіл тигізіп, құлаққа түрпідей тиетін сөз айтса, екіншісі одан қалыспай қарсысында тұрған баланың шешесін жер жебіріне жеткізіп жатыр. Осылайша, жастар қауымы барлығын шулатып, өздеріне көптің назарын аудартты. Ал, мұны ойлап, қымсынып тұрған олар жоқ. Қайта боқтықты айтқанды мақтаныш көргендей екі сөздерінің бірінде лепіріп барады. Әрине, мұндай сөз кімнің болса да шымбайына батады. Алайда көптің ішінен суырылып шығып, «тәйт» дейтін адам табылмады. Тек жүргізуші ғана алдыңғы айнадан қарап «Не болды ей?! Тыныш отырыңдар, әйтпесе түсіріп кетемін» деп қатқыл дауыспен үн қатты. Дәл бір осы ескертуді күтіп отырғандай барлығы жым бола қалды. Бірақ, сонда да өздерінің арасында сыпсың етіп әлі де боқтасып отқанын ел-жұрт байқап отыр.
Сөз – қасиет. Сөз – құдірет. Сөз – сиқыр. Кейде денесіне дерт жабысып, төсекке таңылып жатқан адамды бір-ақ ауыз сөз орнынан тұрғызуы мүмкін, кейде керісінше өмірге ғашық, бал-бұл жайнап жүретін жанды бір ауыз сөз түңілдіріп жібере де алады. «Бір ауыз сөз қасіретті тыяды, бір ауыз сөз айықпас дерт жияды, бір ауыз сөз ұшса бақыт құсы боп, бір ауыз сөз жаман атқа қияды» демекші сөздің құдіреттілігі сонша оны жөнді пайдалана алмасаң барыңнан айырылып, құрдымға кетуің де ғажап емес. Осыған байланысты мынандай бір мысал бар. Орыстың Сергей Довлатов деген диссидентт жазушысы болған екен. ХХ ғасырдың тоқсаныншы жылдарынан кейін оның кітаптары Ресейде шыға бастайды. Осы жазушының бір кітабы оның бұрынғы жұмыс істеген газетінің редакторы Генрих Туроноктың қолына тиіпті. Үш томдықтағы «Компромисс» повесінде жазушы бұрынғы редакторының, тікелей бастығының бейнесін, сипатын ащы, қара юмормен аяусыз әжуалапты. Куәгерлердің айтуынша осыны оқығаннан кейін Туронок ешкіммен сөйлеспей, бір бұрышта Довлатовтың үш томдығын парақтап томсырайып, басын қайта-қайта шайқап «Ех, Сергей, мен саған не жазып едім! Құдай көріп тұр ғой, мен сені өкпелетпеген едім ғой» деп беріпті. Осыдан кейін ол бір жұмадай жұмысқа келмей, хабарсыз кетіпті. Кейін әріптестері іздесе, қайтыс болып кетіпті. Ащы сөз шымбайына батса керек. Міне, сөздің құдірет-күші қайда жатыр. Ащы сөз өткір қылыш сияқты емес пе? Тиген жерін аямай қиып түседі. «Таяқ еттен, сөз сүйектен өтеді» деген сөз бар қазақта. «Сегіз тұтам сары садақ, секірген аңды сұлатар. Сегіз қырлы өткір сөз, ақырған ерді құлатар» деген мақал және бар. Сөздің құдіреті туралы біздің қазекемнен асып ешкім айта алмас, сірә. Сол себепті қазақтар дау-жанжал болса бірден билерге жолыққан. Олардың тауып айтқан сөздеріне тоқтап, есін жиған. Елдің мүддесін қорғап, түнде ұйқы, күндіз күлкі көрмеген батырлар да бір ауыз сөзге тоқтай білген. Ал, олардың қасында бір ауыз сөзге тоқтамай, одан қалды ауыздан шыққан сөзімізге еге бола алмай, қалай болса солай сөйлейтін біз кімбіз? Шыны керек, заман дамыған сайын адамдардың да көзқарасы, ойлау қабілеті өзгеріп барады. Осының барлығын тәптіштеп айта бастасаңыз, барлығы бір ауыздан «Жаңа заман, жаңа ғасыр» дегенді алға тартады. Сонда жаңа заманның жаңашылдығы көрінген жерде боғауыз айтып, бір-бірін сөзбен сұлатып, намысын қайрау ма? Әй, қайдам. Егер әлі күнге дейін есімізді жиып, етегімізді жинамасақ, тілімізді керек кезінде тиып, қай жерде қалай сөйлеу керегін үйренбесек жаңа заманның талаптарына ілесе алмаймыз-ау.
Бәзбіреулер үшін боғауыз айту я болмаса қоғамдық ортада мәдениетсіз сөйлеу болмашы нәрсе болып көрінер. Алайда қазақ халқында «Киіміңе қарап қарсы алады, ақылыңа қарап шығарып салады» деген сөз бар екенін естен шығармау қажет. Иә, сұлу бет-бейне мен әдемі, жарқыраған киімнің астарында сөз құдіретін түсінбейтіндігіңізді жасыруға болады, алайда қызыл тіліңіз сайрағанда өзіңіздің жан дүниеңізді жұртқа жариялап жатқаныңызды ұмытпағайсыз. Айтпақшы, боғауыз айту анау айтқандай жетістік де емес. Керісінше оны айтқан әр адам өзінің дәрежесін әлдеқайда түсіреді. Ол боғауыз айту арқылы ең әуелі өзін сыйламай тұр. Ал өзін-өзі сыйламаған адамды кім сыйласын?!
Тобықтай түйін: Боғауыз айту, бір-бірін жағымсыз сөз арқылы жерден алып, жерге салу жастардың арасында ғана емес, ерлі-зайыптыларда да кездеседі. Әсіресе, ер-азаматтар кейде келіншектерін аяусыз боқтап, намысын жанитын сәттері өкінішке қарай, бар. Мұндайда әйел байғұс үнсіз шыдап, іштен тынып, өзінің қор болғанына жылап, жермен жексен болатыны сөзсіз. Сонымен қатар, бірте-бірте еріне деген сыйластығы да азаяды. Отбасында сыйластық пен түсініспеушілік болмаса оның аяғы ажырасумен бітетіні әмбеге аян. Міне, кейбіреулер мән бермей көрінген жерде түкіріп жүретін боғауыз сөздің алып келетін қасіреті қаншама. Сол себепті ер-азаматтар, әсіресе тепсе темір үзетін жастар қауымы боғауыз айтпаңыздаршы.

Маржан ҚҰРМАНҒАЛИЕВА
21 қыркүйек 2021 ж. 473 0