Тәуелсіз елдің тілі – тұрғындарына тәуелді
Тіл десек ескі жараның бетін тіліп түсеміз-ау. Ескі дейміз, ескі емес ескірмеген, жазылмай жүрген жара бұл. Тазалық – тілден дейміз тағы. Бірақ, оны кім білген? Шүмектегі балаға шүлдірлеп таза қазақша сөйлей алмайтын ана, қайдан ана тілінің құдіретін ұқтырсын?
Бүгінде тіл қолданысы бұзылып, көптеген жанның орыс тілінің сөйлеу заңдылығына бағына бастағаны байқалады. Бұл дегеніңіз – қаймағы бұзылмаған қазақ қара сөзінің ұсқыны қашып, аралас неке баласындай бет-бейнесі дүрегей рең алады деген сөз. Қазақ ұлтының сөз сөйлеу мәнері, сөзді дұрыс қолдану ережесі бұзылса, қазақ тілінің жайын ойлаудың өзі қорқынышты. Дегенмен күнделікті өмірде тіл нормасының өрескел өзгеріске ұшырап, қазақы тілдің қойыртпақталып бара жатқанының куәсі болып жүрміз. Ләм демейміз. Жәй ғана бір дүкенге барып көрдік. Бір сағаттың ішінде жүздеген адам сауда жасады. Он шақты адам дәретхана қағазын сұрады. Бірақ, «туалетная бумага бар ма?» деді. Көбісі, «свежий» өнімдердің қай күні келетінін білгісі келді. Балғын десе саудагер ұқпай қалатындай көрінсе керек. Ал, «короче, еще, вооще» сынды сөздер қазақ тіліндегі қыстырма сөздердің көшін бастап тұр екен.
Бүгінде тіл қолданысы бұзылып, көптеген жанның орыс тілінің сөйлеу заңдылығына бағына бастағаны байқалады. Бұл дегеніңіз – қаймағы бұзылмаған қазақ қара сөзінің ұсқыны қашып, аралас неке баласындай бет-бейнесі дүрегей рең алады деген сөз. Қазақ ұлтының сөз сөйлеу мәнері, сөзді дұрыс қолдану ережесі бұзылса, қазақ тілінің жайын ойлаудың өзі қорқынышты. Дегенмен күнделікті өмірде тіл нормасының өрескел өзгеріске ұшырап, қазақы тілдің қойыртпақталып бара жатқанының куәсі болып жүрміз. Ләм демейміз. Жәй ғана бір дүкенге барып көрдік. Бір сағаттың ішінде жүздеген адам сауда жасады. Он шақты адам дәретхана қағазын сұрады. Бірақ, «туалетная бумага бар ма?» деді. Көбісі, «свежий» өнімдердің қай күні келетінін білгісі келді. Балғын десе саудагер ұқпай қалатындай көрінсе керек. Ал, «короче, еще, вооще» сынды сөздер қазақ тіліндегі қыстырма сөздердің көшін бастап тұр екен.
Әне-міне дегенше Тәуелсіздіктің төртінші онжылдығына қадам басқалы тұрмыз. Елімізде мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мақсатында келелі шаралар кешенді түрде жүзеге асырылып жатыр. Үкіметтің шешімімен барлық мемлекеттік қызметкерлер қазақ тілін толық меңгеру мәселесі күн тәртібіне қойылды. Оның жемісі уақыттың еншісінде енді. Бірақ, уақыттың керуені адымдап алға басса да мәні мен маңызын жоймай, құны құлдырамайтын рухани байлықтар болады. Ал, біз үшін тіршілікте тілден артық қазына жоқ.
Оның байлығы салт-дәстүрмен сабақтасып, тамыры тарихпен біте қайнасып, өлмейтін һәм өміршең қалпында қала бермек. Кез келген мемлекеттің келешегіне баянды бағдар беріп отыратын осы бір құндылықтың бағасына жете алдық па?
Жоқ, тілге деген махаббат тілдің ұшында қалып қойды ма?
– Қазақ тілін дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі болып қала береді. Бұл салада айтарлықтай нәтиже бар. Қазақ тілі шын мәнінде білім мен ғылымның, мәдениет пен іс жүргізудің тіліне айналуда. Жалпы, мемлекеттік тілді қолдану аясы кеңейіп келеді. Бұл – заңды құбылыс. Өмірдің басты үрдісі. Сондықтан қазақ тілінің өрісі тым шектеліп барады деуге негіз жоқ. Ата заң бойынша, Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар. Бұл – қазақ тілі, – деп, 1 қыркүйек күні ел Президенті Қ.Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында тілдің тынысын кеңейте түсті.
Ғалымдардың зерттеуінше, әрбір екі апта сайын әлемде бір тіл жер бетінен жойылып кетеді екен. Ал 21 ғасырдың аяғына қарай қазіргі 6 мыңнан астам тілдің тең жартысы мүлдем қолданылмайтын болады. Онымен бірге сол ұлттар да тарих қойнауына еніп кетеді. Бұл қорқынышты сценарийдің кейіпкері болып кетпеу үшін билік те, халық та басты құндылығын дәріптеп, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға атсалысу қажет. Яғни, Тәуелсіз елдегі тілдің тағдыры тұрғындарының, яғни біз бен сіздің қолыңызда.
Иә, ана тілдің арына дақ түсірмей, керісінше оның кемелденуі сол мемлекетті мекендейтін тұрғындарға байланысты болмақ. Қарапайым ғана қарым-қатынас барысындағы сөз мәнерін, тіл тазалығын сақтауды әрбір адам өзінен бастаса, бұл үлкен өзгеріс алып келері сөзсіз. Бұл біреулер үшін түкке тұрғысыз болып көрінсе де, қазақ тілінің қарыштап дамуына, қолдану аясының кеңеюіне айтарлықтай әсерін тигізуі бек мүмкін. Көшеде, әртүрлі сауда орындарында, жарнамаларда кетіп жатқан тілдік қателер, қате аудармалар, барлығы мемлекеттік тілдің абыройына нұқсан келтірмей қоймайды. Осы ретте аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің маманы Жадыра Отарбаева бастаған мамандар кент ішін шолып шығып, тілдік қателерді түзеуге тырысқан еді. Ол туралы газеттің №64 санында «Сөз түзелмей, көш түзелмейді» деген материал да жарық көрген болатын.
«Ел жұртшылығы төртінші жыл Қазақстан халқы тілдері күнін ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күнімен орайластырып атап өткелі отыр. Тіл – кез келген халықтың ұлттық ерекшелігін танытып, ғасырлар тереңіне бойлауына мүмкіндік беретін қасиетті құралы. Сүйенетін тамырдан ада болған ел қаңғырған қаңбақтай домаланып, ұлттық құндылықтарынан да қол үзетінін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Мерекеге орай тілдің әлеуметтік маңызы туралы ақпараттарды мейлінше таратып, жұртшылықтың жадын жаңғырту мәселесін басты орынға қойып отырмыз» – дейді Ж.Отарбаева.
Тіл туралы қалам тартқанда еврей халқының басынан өткергенін жиі мысал етіп жатамыз. Себебі, дүниенің төрт бұрышына тарыдай шашылып, ұлтын жоғалта жаздаған еврей жұртының тарихи отанына жиылып, әліппесінің әр әрпін қалпына келтіріп, ана тілін қайта үйреніп, көне ивритше оқып, жазуға қол жеткізгені адамзатқа үлгі, сабақ бола алады. Олар өз ұлтының тілін түзеп алмай, ұлтын көркейте алмасын ұқты. Сондықтан ел шаңырағын қайта көтеруді ана тілінен бастады. Бізге тек ана тілімізде сөйлеп, тәуелсіз елдің Туын биік ұстау ғана керек!
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ