Өзгеріс ойдан басталады
Студенттік күнімнен Шынар Әбілда атты аудармашының есіміне қанықпын. Реті келіп «Өзгеріс ойдан басталады» кітабын Астанадан алдырдым. Әлеуметтік желіде аудармаларымен белсенді, тәрбиелік мәні бар шағын әңгімелерді тәржімалаған Шынар апайдың парақшасы үнемі мені өзіне ынтықтырып тұратын. Бірінен соң бірін оқып, ерекше әсер алатынмын. Содан бір күні «Неге сұхбат алмасқа» деген ой газет оқу барысында сап ете қалды. Тегінде зиялы, шығармашылық адамнан түйірдей нәрсе үйрену мен алу қазақта жақсылыққа теңелген. Осыны ескеріп, менде аудармашыдан сұхбат алуды және әлеуметтік желіде отырмайтын жұртпен бөлісуді жөн көрдім.
– Сәлеметсіз бе, Шынар апай!
– Кеш жарық!
– Ең алдымен сізге қояр сұрағым: көркем, еркін аудармаға қалай келдіңіз?
– Көркем аударма – ауқымды ұғым. Аудармаға жетелеген ниет. Сол ниеттің, тілектің қалауымен аударма саласына ойыстым. Үлкен дүние аудардым деп айта алмаймын. Мен көбінесе мотивациялық бағыттағы кітаптар мен мақалаларды аударып жүрмін. Көркем туынды аудару келешектің еншісіндегі арманның бірі.
– Аудармаға қай жылы келдіңіз?
– 2013 жылы.
– Бүгінге дейін қанша туындыны аудардыңыз?
– Шағын әңгіме, әпсана, мақала аударып бастадым. Кейін ертегілер аударып көрдім. Өзімді түрлі жанрда сынап келемін. Аударылған мақалада есеп жоқ. «Анна Франктың» күнделігі, Хэл Элродтың «Таң шапағаты» деген кітаптарды аудардым. Стивен Ковидің «Жасампаз жандардың жеті дағдысы» деген кітабын аударған аудармашылардың арасында бармын. «Жетілудің жеті жолы», «Тренинг» деген кітаптарға Мырзагелді Кемел ағайым екеуміздің аударма мақалаларымыз енді. Өзімнің аударма жинағым «Өзгеріс ойдан басталады» деп аталады. 2 кітаптан тұрады. Біріншісін тәрбие тақырыбына, екіншісін махаббат тақырыбына арнадым.
– Шет ел әдебиетінен, мотиваторларынан көбіне кімді оқисыз және аударасыз?
– Мен оқитын авторлар көп. Робин Шарма, Джозеф Мерфи, Луиза Хей, Рами Блект, Дэн Вальдшмитд, Регина Бретт, Нил Дональд Уолш, Руслан Нарушевич, Ольга Валяева, Анна Кирьянова, Аглая Датешидзе сынды авторларды оқып, шетінен ұнатқан мақалаларын аударып келемін.
– Ниет дедіңіз ғой, бұл салаға сізді бұрған немесе бастап жетелеген кім? Басында жетекшілік еткен адам болды ма?
– Жетекшілік еткен ниет. Менен аудармашы даярлаған ешкім жоқ. Бұл стихиялы түрдегі өзімнің жан сұранысым, хоббиім болды.
– Қазақ прозаиктерін, классиктерін орыс тіліне аудару ойыңызда бар ма?
– Жоқ. Жалпы орысшаға аударма сирек жасаймын. Тек тапсырыспен. Негізі қазақшаға аударған маған жеңіл. Ой-таназарым қазақша.
– «Өзгеріс ойдан басталады» жинағының екінші нұсқасы құтты болсын! Махаббат жайлы дедіңіз. Бұл тақырып таусылмас бір керемет құбылыс. Өзіңіздің махаббатыңызға арнадыңыз ба? Жоқ, әлде жалпылама тақырып па? Ерекшелігі қандай?
– Бұл қарым-қатынастағы түйткілдерді болдырмау, алдын алу, тиімді шешу тәсілдері, психологтардың ақыл-кеңестерінен тұратын кітап. Екеудің сыйластығы, махаббатты сақтаудың амалдары айтылады.
– Аударма барысында өзіңіздің қолтаңабаңызды қалдыру мақсатында өзгеше ой қосасыз ба?
– Аудармада сөзбе сөз аудару менде болмайды. Еркін аударма жасаймын. Орысшадағы ойды қазақыландыруға тырысамын. Кейде сәтті, кейде сәтсіз шығып жатады. Көбіне оқырманға түсінікті тілмен жеткізуге талпынамын. Журналистикадағы алғашқы тәжірибем ТВ жаңалықтарында өткен еді. Информбюрода. Сонда Татьяна Дельцова деген редактор түсіндіргені бар. Сенің жасаған сюжетің еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін түсінікті болуы тиіс, термин сөздерден қашып, елге ұғынықты ұғымдарға ден қой деген. Мен сол стильді ұстанып келемін. Мен жазған, аударған дүние үлкен-кішіге бірдей түсінікті, тағылымды болуына барымды саламын. Сонда ғана аударманың міндеті орындалады.
– Аударма – бай сөздік қорды қажет етеді. Ол сізде бар. Қазақ не орыс тілінде шығарма жазу ойыңызда бар ма?
– Шығарма жазып жүрмін. Бірақ әзірге жариялай қоймадым. Аударма келешек төл туынды жазуыма жақсы платформа болды. Стиль қалыптастырды. Ықшамдады, тіл ұстартуға септігін тигізді. Жазуды, ойлауды үйретті. Ұзақ еңбектенуге баулыды. Сөз өнеріне әлі де зор үлес қосатыныма сенімдімін.
– Сіз үшін қуаныштымын. Мен сіздің оқушыңызбын! Пандемияда жұмыс жасау қиын болмады ма? Керағар әсері болған шығар?
– Керісінше, пандемияда жұмыс ауыстырып, жаңа саланы меңгерудемін. Магистратураға түстім, білімімді де жетілдіру маңызды. Заманға сай жан-жақты болуға талпыныс бар.
– О, керемет! Алла жар болсын! Арманыңыз бар ма?
– Көп. Саяхаттайтын елдер, тындыратын мақсат, шығармашылық жоспар баршылық.
– Бөлісетін биік шың мен мақсатыңызды айтпайсыз ба?
– Жоқ. Ондайды айтуға болмайды. Орындалмай қалған арманым бар. Соны айтайын. Бала күнімде «Секретные материалы, Фокс Малдер и Дана Скалли» сынды құпия агенттер жайлы киноны көп көріп, сондай киноға түссем деп армандайтынмын. Қазір кино туралы ұмыттым. Арман өзгерді.
– Сізбен қауышқысы келетін оқырмандармен кездесу ұйымдастырасыз ба?
– Шығармашылық кездесу ұйымдастырмадым. Екінші кітаптың тұсаукесерін астанада өткізсем бе деген ойым бар. Астаналықтар көп шақырады. Оқырманның басын қосатын бір кеш өткізер болсам, онда ол тұсаукесер болады.
– Уақыты әзірге белгіленбеді ме?
– Қыркүйектің ішінде өткізіледі.
– Қазақ тіліне байланысты дау көп. Пікір білдірсеңіз? Латын әліпбиін қолдайсыз ба?
– Мен лингвист маман емеспін. Әліпбиге қатысты мәселені маман ғалымдар шешуі тиіс деп ойлаймын. Латын әліпбиіне көшу заман көшіне ілесу. Маған салса, бүгін көшер едім.
– Қазақ поэзиясынан, жазушыларынан кімді оқисыз?
– Мен лирик ақындарды көп оқимын. Мұқағали Мақатаев, Жұмекен Нәжімеденов, Жұматай Жақыпбаев, Күләш Ахметова, Фариза Оңғарсынова, Гүлнар Салықбаева, Мирас Асан, Ерлан Жүніс, Танагөз Толқынқызы, Бақытгүл Бабаш және т.б. жазушылардың денін оқып шықтым. М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, Б.Майлин, Қ.Жұмаділов, Ә.Нұрпейісов, І.Есенберлин, бүгінгі замандас жазушылардан Е.Айдабосын, А.Кемелбаева, Д.Қуат және басқаларын оқып отырамын...
– Негізгі мамандығыңыз қандай? Қай жақтың тумасысыз?
– Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Мәтібұлақ ауылында дүниеген келгенмін. Мамандығым – журналист-баспагер.
– Оқырмандарыңызға айтарыңыз бар ма?
– Өмірдің өзегі — өзгеріс. Өзгеруден қорықпау керек. Өзгеріс жетілудің, рухани толысудың баспалдағы. Сондықтан әр кез өзгеруге, өсуге ынталы адам көп жетістікке жететінін ұмытпағайсыздар.
– Сұхбатыңызға рақмет! Жұмысыңызға, шығармашылығыңызға сәттілік тілеймін! Отбасыңызда тек қуаныш, жақсылық болсын!
– Табыс тілеймін! Көп рахмет! Алла разы болсын!
Сұхбаттасқан
Ақбота Баянбай