Бір тамшы қаным – жанға араша
Дүние тіршілігінде адам өмірі мен оның денсаулығынан бағалы ештеңе жоқ. Сын сәтте дәрігерлермен бірге қарапайым адамдардың да өзгенің өмірін сақтап қалуға тырысып жататын тұстары аз емес.
Соның бірі – донор болу, яғни, ерікті түрде қан беру. Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының дерегіне сүйенсек, ауруханаларды қанның құрамдас бөліктерімен толық қамтамасыз ету үшін 1000 адамға шаққанда 20-25 адамның қан тапсыруы қажет екен. Ал, Қазақстандағы донорлық көрсеткішті – 1000 адамға шаққанда 17 адамның белсенділігі қажет.
Қазақстанда қан, қан плазмасы немесе жасушаларын алу үшін жыл сайын 220 мың адам донор болып, шамамен 285 мың қан тапсыру әрекеті жасалады және 193 мың литр қан сақтауға жарамды түріне келтіріледі.
Аудандағы орталық аурухананың трансфузиолог-маманы Кенжегүл Тілепбергенованың айтуынша, ересек адамның ағзасында шамамен 4,5-5,5 литр қан болса, донордан соның оннан бір бөлігі, яғни, 450 мл қан алынады. Бұл адам денсаулығына зиянын тигізбейді, керісінше көп жағдайда пайдалы болмақ. Осы орайда, донор болудың 10 түрлі пайдасына тоқталайық.
Ең алдымен, сіз донор болу арқылы адам өміріне араша боласыз. Бір рет тапсырған 450 мл қан өлім аузында жатқан 3 адамның өмірін сақтап қалады. Мұнымен қоса, донорлардың міндетті түрде тексеруден өтетіні белгілі. Яғни, донорлар өзінің қан тобын, гемоглабин мөлшерін білуден өзге, В және С гепатиттері, мерез, АИТВ инфекциясының маркерлері жөнінде тегін ақпарат алады. Мұнан бөлек, қанның құрамы жаңарады, семіздіктің алдын алады, қан қысымы реттеледі, ішкі құрылыста өзгеріс пайда болып, тері жаңарады. Оған қоса, адам өмірін ұзартып, салауатты өмір салтын қалыптастыруға сеп бола отырып, аты жаман аурулардан сақтайды. Осы тұста айта кетейік, қан алу мен анализ қорытындыларын жасау тегін жүреді.
Қан тапсырған кезде адам ағзасы қан жасаушы органдарының қызметін ынталандырады, сол арқылы қан құрамы жаңарып, адамның жалпы жай-күйі жақсарады, еңбекке қабілеттілігі артады. Ал тұрақты донор атану семіздіктің алдын алады, жаңа алынған қанның бір донациясы кезінде адам ағзасы 650 ккалды, плазма донациясы кезінде 470 ккалды жоғалтады. Бұл әйелдер үшін жас, әдемі және сымбатты болудың таптырмас жолы. Ал, ер адамдарда артериялық қан қысымының төмендеуіне әкеліп, жүрек пен тамыр ауруларының қатер-қаупін төмендетеді. Қан тапсыру арқылы жаңарады дедік қой, бұны көбіне асқазан-ішек, бауыр, ауруларында қолданатынын айта кетейік.
Қан донорлығы салауатты өмір салтын ұстануды, дұрыс және толыққанды тамақтануды, спортпен шұғылдануды, өз денсаулығын күтуді, дәрі-дәрмектерді қажетсіз ішпеуді, жаман әдеттерден бас тартуға үйретеді. Себебі, қан берудің сауапты әрі жауапты амал екенін сезінетін адам ғана тәнін таза, жанын жамандық атаулыдан аулақ ұстайды.
Қан тапсырудың жоғарыдағыдай пайдасын ескере отырып, аудан халқы, сіздерді, 25-26 тамыз аралығында донор болуға шақырамыз. Егер, донор болып, біршама адамның өміріне араша болам десеңіз, сізді орталық ауруханадағы қан құю бөлмесінде арнайы мамандар үлкен жауапкершілікпен күтеді.
Ақбота Баянбай