Даяшы
Жастар кәмелет жасқа толып, тәуелсіз өзіндік бір тұлға болып қалыптасу үшін ересек өмірге қадам басады. Ата-анама масыл болмайын, керісінше оларға қол-ұшын созайын деген оймен өз-өзіне жауапкершілік жүктеп, бойына сенім қалыптастырады. Одан шығатын түйін – қоғамға пайдасын тигізіп жұмыс жасау. Белгілі бір істен тәжірбиесі жоқ жас жеткіншектерге табылатын жұмыс ТА ЖОҚ ЕМЕС. ол – әрине, даяшылық.
Қазір, көптеген тамақтану орындарына барсақ, өрімдей жастардың даяшылық қызметте жүргенін көреміз. Өзім де жасөспірім кезімде осындай жұмыспен айналысып көргендіктен, даяшылық жұмыстың жауапкершілігі мен ауыртпалығы туралы көпшілікпен ой бөліскім келеді.
Осыдан бірнеше жыл бұрын аудандық мейрамханалардың біріне жұмыс іздеп, ұсыныс тастаған болатынмын. Даяшы болу үшін ең алдымен үш күндік іс-тәжірибеден өту керек болды. Тағылымдама барысында бізге еңбекақы берілген жоқ. Яғни, тегін жұмыс жасауға тура келді. Осы үш күннің ішінде оп-оңай деп жүрген жұмыстың ащы-тұщысын көре бастадық. Ол кезде мейрамхана ашылар алдын бір сағат ерте келетін едік. Әдеттегідей түннің жарымында қайтатынбыз. Бірақ, мемлекеттік жұмыстағыдай тәртіп өте қатал. Аңдаусыз ыдыс-аяқ сындырып алған күндері еңбекақымыздан міндетті түрде қысқартып қалатын.
Жалпы, әр мейрамхананың шарты әртүрлі. Келе салып өміріңде көрмеген жүздеген тағам мен сусындардың атауы және құрамын жаттап, одан қала берсе мәзір ұсынудан бастап ыдыс-аяқ жуу, ластанған жердің таза тұруы, келген қонақтардың көңілінен шығу біздің міндетке кіретін.
Бір күндері тойға қонақтар келіп, қандай шарап ішуге кеңес бересіз деген кезде атауларын жетік білсем де ешбірінің дәмін татып көрмеген мен аузыма құм құйылғандай үндемей қалыппын. Сол кезде ғана келген қонақтарға кеңес беріп барлығын түсіндіріп беретін де даяшылар екенін түсіндім. Олардың әмбебап болуы керектігін сонда ғана ұғындым. Ал, егер даяшының қызмет көрсетуі келушілерге ұнамаса, онда олар мейрамхана иелеріне шағым түсіреді. Сондықтан барынша мұқият болуға тырысатынбыз. Әрі жұмысқа кешікпей келіп, түн ішінде үйге қайтатын едік. Кәмелеттік жасқа толмағандықтан кештетіп жүру біз үшін қорқынышты еді. Оның үстіне жалақымыз да мардымсыз. Ол кездері көлік тасымалы да қарастырылмаған. Сонда да керек-жарағымызды табу үшін даяшы болып еңбек еттік.
Бүгінгі таңда кез-келген жерге барсаңыз түрлі дәмханалар мен ресторандарды жиі кездестіресіз. Тамақтану орындары көбейген сайын даяшыларға деген сұраныс арта түсетіні рас. Әрине, мұндай қызметті көбінесе мектеп оқушылары атқарады. Себебі, он сегіз жасқа толмаған жасөспірімдерге даяшылықтан басқа жұмыс табыла бермейді. Кәмелеттік жасқа толмаған жастарымыздың мұндай жұмыстар жасауы әрине, дұрыс емес. Десек те, екі қолға бір күрек тапқан оларға жұмыс беруші тарапынан дұрыс жағдай жасалуы тиіс. Мәселен, алыс жолдан қатынайтын кейбір жастарымыздың күндізгі және түнгі тасымалын қамтамасыз ету. Сондай-ақ, олардың қауіпсіздігін мейрамхана мен кафе иелері өз жауапкершілігіне алуы қажет. Әсіресе қыз баланың ертеңгі болашағына қауіп келмейтіндей қорған болуы шарт.
Даяшы дегенде көз алдымызға талапқа сай киінген, келушілерге мәзір ұсынып оларға қызмет көрсететін жастар елестейді. Бірақ, олар тек мұндай қызметпен шектелмейді. Сахнаның артындағы өмір секілді олардың да өзіндік қиындықтары бар. Ас ішетін ыдыстар, үстел үстіндегі әдемі сервирлердің дұрыс қойылуы, қонақ бөлменің тазалығы секілді дүниелер даяшының қолынан өтеді. Тіпті, стақандарды айнадай етіп жылтырату да олардың міндетіне жүктеледі. Керек десеңіз, келушілердің қажетін өтейтін дәретхананың тазалығы да, еден жуудың өзі де олардың қарауында болады. Осылайша олар өз міндеттеріне кірмейтін жұмыстарды атқарады. Сондай-ақ, кей мейрамханаларда келушілерге ән айтып, олардың көңілін табу да даяшыларға жүктелген қызмет болып табылады. Бұл көбінесе американдық кафелерде жиі кездеседі.
Таң атқаннан кеш батқанға дейін аянбай еңбек ететін жасөспірімдер демалыссыз жұмыс жасағанының салдарынан денсаулықтарына зиян келуде. Әрі табатын табыстары да көңілге қонымсыз. Оның үстіне көлік тасымалы да қарастырылмаған.
Жуырда ғана Алматы қаласында бір даяшы қыз сұмдық жағдайда қаза тапты. Ақпарат көзіне сенсек, оған келушілердің бірі мас күйінде тиісіп, артынша бойжеткен қызға пышақ сұғып өлтірген. Жасөспірім оқиға орнында қаза тапса да, мейрамхана басшылары мұны жылы жапқысы келген. Бұл жағдай түн ішінде орын алып, жергілікті тұрғындардың мазасын қашырды.
Бұдан шығатын қортынды. Осындай сұмдық оқиғалар орын алмауы үшін мейрамхана басшылары кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдерді кешкі уақыттан кейін жұмысқа алмауы қажет. Әрі әрбір даяшыға өзіне қатысы жоқ міндеттер жүктемей, олардың да еңбегін дұрыс бағалауы қажет. Әйтпесе, табыс табамын деп балалығы басылмаған жастарымыздың психологиясы өзгеріп, өмірге деген көз қарастары төмендеп кетуі әбден мүмкін. Сіз бен біз болып болашақ ұрпақтың тағдырына алаңдауымыз керек.
Сымбат СҰЛТАН