Саумал – сан ауруға ем
Дүнежүзіне қауіп төндірген аты жаман індеттің күн санап өршіп бара жатқаны барша адамзатты алаңдатуда. «Тәж» вирусы, әсіресе, иммунитеті төмен, әлсіз адамдарға өте қауіпті екенін мамандар жиі айтуда. Сондықтан, дұрыс тамақтанып, иммунитетті көтеретін қымыз, саумал секілді адам ағзасына пайдалы сусындарды ішкеніміз жөн.
Ежелден аттың жалында, түйенің қомында көшпелі ғұмыр кешкен халқымыздың ұлттық тағамдарының алар орны ерекше. Түп төркіні төрт түлік малдан қарапайым жолмен өңделіп алынатын ет, сүт, құрт, май, қатық, қаймақ, айран, ірімшік, қымыз, шұбат секілді сусындар пайдалы. Әсіресе, сары қымыз таптырмайтын ем. Бие сүтін саумалдай ішсе, денсаулыққа пайдалы екенін түсінген халқымыз қазіргі таңда бие байлаған кәсіпкерлерге қарай ағылып жатыр. Әлемді шарпыған індет кезінде иммунитетті күшейтеміз дегендердің қатары көбейіп, саумал, қымызға деген сұраныс артты. Бұл, біріншіден табиғи, пайдалы ұлттық тағам түрлерін сұранысты тудырса, екіншіден ауыл шаруашылығын өркендетіп, орта және шағын кәсіпкерлікті дамытуға мол мүмкіндік береді. Мың бір дертке шипа сусынның қадірін ауылдағы ағайын ғана емес, аудан жұрты да ұғынып келеді.
Бірнеше жылдан бері аудан халқына балдай қымызын ұсынып келе жатқан кәсіпкер азаматтың бірі – Бауыржан Еламан. Кейіпкеріміз жеке шарбақта жылқы ұстап, саумал, қымыз сатады. Қымыздың барлық талабын сақтап баптағандықтан дәмі бөлек, бағасы да қолжетімді. Өзгелердің өнімінен артықшылығын байқаған адамдар қымызды сарқып сатып әкетеді.
– Қазір жұрт ауырмаудың жолын іздейді. Саумал – сал ауруларына, жүрек пен асқазан жарасына, бауыр мен өкпе ауруларына мың да бір шипа. Буын мен қаназдық дертіне де дауа. Алайда жұрт оның шын мәнінде де шипалы екендігін енді ұғына бастағандай. Бізде ұлт құндылықтарын жаңғыртуға барымызды салып келеміз. Әрине, бие сауу оңай емес. Кірген кірісін жем-шөпке жұмсаймыз, бізге тұрғындардың денсаулығы маңызды. Арнайы бір адам күнделікті шөбі мен бидайын беріп үнемі қадағалап отырады. Тапсырыс берушілердің көбі дерлік өзіміздің жергілікті тұрғындар мен аудан орталығынан да келіп жатады. Біздің өнім олардың көңілінен шығады. Тіпті, алғыстарын айтып, үлкендер ақ батасын беріп жатады. Ең бастысы, халқының разылығы, – дейді Бауыржан Аяпұлы.
Осылайша, текті жануардың қыр-сырын терең меңгерген Бауыржан алдағы уақытта тағы да бие байлап халыққа өз өнімдерін ұсынуды көздеп отыр. Мүмкіндік болып жатса, саумал ішкен жөн. Бұл өнімде В,А,Е дәрумендері, әсіресе С дәрумені өте көп. Олар адамның иммундық жүйесі мен денсаулығын нығайтып, күшейтеді. Бүгінде кейіпкеріміз екі бие сауып отыр. Ата кәсіптен ажырамай, арнасын ашып, қолда бар мүмкіндіктерді пайдалана отырып, нақ осы істі қолдағанымыз, жандандырғанымыз абзал. Өйткені, саумал мен сары қымыздың ұлт саулығында да, ұрпақ салауаттылығында да теңдессіз сусын екені хақ.
Шапағат Тілеубаев