Сұлулық!
Сол сұлулыққа құмар жандардың бірі – мен едім. Сапсары сәулелері самсаған күннің нұрымен, шашырап төгілген қызыл арай іңірдің құпия сұлулығы жас көкіректі жай таптырар ма еді? Тылсым түнегіне бүркенген қараңғы түндер, сол түнекте жұлдыздай жылтыраған жүрекке шым-шымдап құйылған сұлулықтар, сұлу сезімдер қалай тербемесін?! «Өмір» деген әдемі бір әткеншек есімізден тандыра лақтырып, әлемнің бар сұлулығын жанарымыздан ағызып жатушы еді ғой. Барша ғалам (бәлкім сұлулығын сақтай алмағандар) бізге сұқтана қараған шығар, оны қайдан білейік, бірақ, барша ғаламның сұлулықтары көкіремізге құйылып жатқандай сездік, содан нәр алдық, сонымен есейдік.
Сұлулық іздеп кеттік біз...
Соның бірі – өлең еді ғой, өлең жаза бастадық. Ақылмен емес, арманмен емес, махаббатпен берілгендерге өлең деген қасірет, жас жүректерді тілгілеген күміс сұлулықтар еді. Біз содан да ләззат алдық-ау?! Біз соларды жинап, теріп аудандық газетке апаруға тырыстық.
Ол жерде кімдер болып еді? Сынай қараған ағалар, жылы ұшырап жанай өтетін апаларымыз, тағы біреулер. Ағалар есімде жоқ. Анамдай болған бір кісі ғана есімнен кетпес.
... Серік Байхонов қолымнан жетелеп алды. «Міне, ақын! Мынадан бірдеңе шығады?» – деп екі-үш есікті аралап шықты. Көп жылдардан кейін бір замандарда алып денелі ағасы Дүйсенбі Смайлов қанғалақтай Серікті қолтығына қысып алып, осылай қуанғанын оқығанда, Серік ағам өз ағасындағы қарызын мен арқылы қайтарған екен-ау деп, күлгенім бар. Бірақ мен Серік ағамның да үмітін ақтай алмадым. Соңғы аялдамада толық денелі, сұлу әйел, керемет бір мейіріммен күлімсіреп қарсы алды.
– Бұл баланы біз білеміз. Бізге жазып тұрады.
– Мария апаң осы кісі болады – деді Серік.
Әйел-ана өте сұлу еді. Бір ғажабы сол сұлулық – мейірімнің, ананың ұлылығынан шығып тұратын. Жұмсақ қана жымиыс, астарында қаншама қамкөңіл күндері мен түндерінің салмағы жатқан әзиз күлкі, – мен оны ақын болмасам ешқашан түсінбес те едім. Қоңырқай қазақы көздерінен толқымайтын, тербелмейтін тұнық бір леп жайылып тұратын. Бұл бір ешқашан ортаймайтын, сарқылмайтын ана жүректің, Алланың әйел пендесіне ғана сыйлаған құдіретті жылуы болатын. Мен әрине, оны таныдым, өйткені ел-жұртқа жексұрын болып келгенімде де тек өз анамда ғана осындай бір көзқарас, сенім болатын.
Сондықтан болар, осы бейне, осы сурет көңіліме көшіріліп жаттала берді, сол күйі сақталып қалды. Дәл қазірде сол кезгі күй – сары алтындай жымиыс, жанашыр, қамқор көзқарас көз алдыма келіп тұр. Мұндай адамдар ешкімді, ешқашанда кем тұта алмайтын, жек көре алмайтын шығар. Күн сияқты, арам шөпті де, адал өсімдікті де, Алланың жаратқаны деп бірдей аялайтын.
Ашық маңдайын ешқашан шытып, ару қабағын түйіп, түсін суыта алмайтын шығар?! Ару – ана дегеніміз осындай адамдар болар?! Уақыт өте келе апайды жақсы біле бастадым. Тағдырымен де, тұрмысымен де таныса түстім. Менің шешеммен ертеден таныс, ілгеріден көрші-қолаң отырғандарын білдім. Өзі де кейуана анам Мария апаны да, ол кісінің ері Сейтқасым ағаны да ыстық ықыласпен ғана еске алатын.
Мария Жұматова апа да мұны білді ғой, білді. Мен, бірақ мұны теріс түсінген де сияқтымын. Жанашырлығын, қамқорлығын сезінген сайын саяқси берген екенмін. Адамнан, Мария Жұматова ападан және Серік Байхонов ағамнан ұялатын, тіпті қорқатын едім. Осы кісілердің алдында бір өтелмей қалған қарызым бардай көрінетін. Расында да сол қарыз менің мына кежір мойынымда, тоң мойын тағдырымда қалғанын білемін. Ол қарыз – сенім қарызы. Мен сол сенімді ақтай алмай алпыстан асып барамын.
Сонау жылы Мария апаның адал жары Сейтқасым Сейтеновтың 80 жылдығына орай аудан көлемінде еске алу шаралары өтті. Осыған байланысты Сейтқасым ағаға арнаған өлеңімді аудандық газет шығарды.
Мария апа дәл осы өлеңді өзінің кітабына да, Сейтенов ағаның жинағына да қосып шығартқан екен. Мен оны көңілім босап, жылап отырып көрдім. Мария апамның маған деген сеніміне, менің әлсіз лебізіме көңіл бөлгеніне босадым. Маған одан артық ештеңенің керегі де жоқ еді. Біз білмейміз, байқамаймыз, бұл дүниеде барша адамдар бір-біріне қарыздар емес пе? Көшедегі көлденең ағашты біреу жолдан алып тастаса, соңындағы сүрінбей өткендер сол кісіге қарыздар емес пе?! Бұл жерде де ішім өртене отырып, ессіз күндерде кеткен есепсіз қарызымды түсіндім.
... Бір замандарда біздің үй мен Сейтқасым ағаның шаңырағы осы күнгі «Мәлік көпірі» – маңында көрші-қолаң отырған екен. Бұл 1960 жылдар болса керек. Сейтқасым аға жұмысынан қайтқанда бір иығына мені, екінші иығына өз қызын (білмедім Жамал ма? Баян ба?) мінгізе кіреді екен. Бұл менің шешемнің айтқан әңгімесі. Бірақ, бұл да менің мойынымда қалған қарыз. Мария ана да мұны білді ғой, бірақ сездірген жоқ, тамылжыған тағдырдай кісі еді. Өмір өте берді.
Сары алтын сарғайды, сылулықтың суық түсі сағынышқа айнала бастады. Күлімсіреген дүниенің де күрсінісі көбейді. Мария ананы да, ас-тамақтарда ғана кездестіріп қалып жүрдім. Көрген сайын бұл дүниенің мен әлі түсіне алмай жүрген құпияларына кезіккендей боламын. Апай сол салтанатты, қасиетті сұлу қалпын сақтап, ай қабақты, ақ шаңқан таудың бір шыңындай көрінеді. Өз қатарластарының, айналасындағылардың ортасында осынау әз-апаның ақжаулығын, ірілігін байқаймын.
Марқұм Қуаныш бауырымның жазғаны бар еді. «Қыстан да мына қаңтарғы сұлулық көріп тұрмын мен!» деп өзі қатарлы қария, кейуаналардан асып, ай келбетті көрінген апайдың сол сәулелі ажары ол кісінің ішкі жан сұлулығы мен адамзатқа деген ыстық махаббаты екен ғой?!
Қаншама жылдар өтіп барады, менің сыншыл көңілімде дәп Мария апайдай ерекше тұлғаны кездестіре алмай келемін. Өшпейтін, өзгермейтін ерекше тұлға. Біз әлі де ойлаймыз-ау, сән, салтанат, әсемдік кәрілікпен бірге өшеді-ау деп. Жоқ, олай емес екен.
Апай өмірден өткелі де қаншама жылдар болды. Тұла бойы толықсыған табиғи сұлулық, айналасы мейірім мен жан жылуы, жүзінен ыстық ықыласы төгілген жан көкейден де, көңілден де кетер емес. Маған сыйлаған кітабында «Мақсұт, сені туған баламдай жақсы көремін» деп жазған екен.
Мария апа! Мен оны білемін. Мен де сізді туған анамдай жақсы көремін, сол бойы қалған сезім. Ақын – ақын болса, оның ұшатын қанаты екеу ғана: сағыныш пен өкініш.
Сағынышым белгілі, өкінішім – ең болмаса отбасыңызда болып, өз қолыңыздан екі кесе шай іше алмағаным.
... Бұрнағы күні еске алу асын ұйымдастырып, Мария анамның қызы Баян арнайы шақырыпты. Мен бара алмадым. Бір замандарда кежір кесел иығымнан басса, бұл жолы белгісіз бір дерт төсегімнен тұрғызбады.
Мария апа! Мен бәрібір сізді жақсы көремін. Мен сіздің туған ұлыңыздаймын!
Мақсұт Әбдімомынов,
Ы.Жақаев ауылы
Ы.Жақаев ауылы