Діни сауаттылық – қоғам қауіпсізідігінің кепілі
Қазақ халқы «Қашаннан бері мұсылмансың?» деген сұраққа «Әлмисақтан бері» деп жауап қатқан. Яғни, мына әлем жаратылмай тұрып-ақ адамзат баласын Алла-Тағала алдында берген уәдесін «фытри иман» деп атаған. Алайда халқымыздың дінге деген ықыласын, ниетін, шын пейілін пайдаланып, әр қилы дінге шақыратындар мен жалған уағызшылар қоғам арасында өзіндік идеологияларына тартуға тырысуда. Сол үшін әрбір азаматтың теріс ағымдарға қарсы діни иммунитеті – діни сауаттылық болып табылады.
Шиелі ауданы, Ортақшыл ауылындағы «Шашты ата» мешітінде жазғы сауат ашу курсы аяқталды. Елдегі эпидахуалды есекере отырып, карантиндік талаптарды сақтап, жастардың діни сауаттылығын арттыру үшін ұйымдастырылған жазғы курсқа 45 бала қатысты. Діни ілімін жетілдіріп, Исламның өркендеуі жолындағы алғашқы қадамын сәтті аяқтаған шәкірттер сый-сияпаттан құр қалмады. 2 шәкірт ұялы телефонды болса, 10-нан астам бала велосипед, қалғандары мектепке қажетті сөмке алды. Жас шәкірттердің санасына нұр құйып, шабыттандырған сауапты істің соңында ауданның жомарт жүректі жандары тұрғанын тілге тиек етті ауданның бас имамы Бақыт Ұлжаев.
Ал, діни ілім жайлы дәріс берген «Нұр Мүбарак» мешітінің 2 курс шәкірттері «Діни білімнің болмауы, шала сауаттылық экстремизмге әкеліп соқтырады. Жастардың білім көкжиегін кеңейтіп, адамгершілік тәрбиеге діни құндылықтарды пайдаланудың оң нәтиже берері сөзсіз. Қазақ халқының салт-дәстүрін бұрынғы ата-бабаларымыздан бері жалғасып келе жатқан Ханафи мазхабы аясында құлшылықтарымызды үйренгеніміз абзал. Бұл азаматтардың дәстүрлі діни танымына септігін тигізеді» – деді.
Қазақ халқының нақылына салсақ, «Қисық арба жол бұзады, дүмше молда дін бұзады» немесе Шәкәрім жырлағандай «шала дін», «жарты мұсылман», «жарты адамгершілік» ұғымдары орын алмас үшін діни сауаттылықты арттыру қажет. Дін дегеніміз – әркім өз ыңғайына бұра тартып, пайдаланатын нәрсе емес, керісінше бүкіл адамзатқа ортақ құндылық екенін ұмытпауымыз тиіс.
Г.ӘБДІХАНИҚЫЗЫ