Міндетті вакцинация: 15 шілдеден бастап не өзгереді?
15 шілдеден бастап ұжымдардың вакцина алған-алмағандары тексеріле бастайды. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, тексеруге ішкі істер органдарымен бірлесіп мониторингтік топтар тартылады. Яғни, екпе алуға міндетті 20 адамнан асатын ұжымдық орындарда вирусқа қарсы иммунитет қалыптасу қажет. Бұл «өзгеге де, өзіңе де зиян тигізбе» деген бүгінгі күннің ұстанымын күшейте түспек.
«ҚР ӘҚБК-нің 425-бабы 1-бөлігі бойынша заңнама орындалмаған жағдайда және ҚР ӘҚБК-нің 462-бабы 3-бөлігі бойынша халықтың санэпидемиалогиялық әл-ауқаты саласындағы лауазымды тұлғалар қаулысы мен нұсқамасы орындалмаған жағдайда айыппұл салынуы мүмкін. Еңбек кодексінің 48-бабына сәйкес, жұмыс беруші, егер оның іс-әрекеті оның өмірі мен денсаулығына, оның ішінде басқа да қызметкерлерге ауыр зардаптар әкелуі мүмкін болса, қызметкерді шеттетуге міндетті», – делінген Денсаулық сақтау министрлігі хабарламасында.
Жоғарыда атап өткеніміздей, Қазақстанның бас санитарлық дәрігері қабылдаған жаңа қаулыға сәйкес кей тұлғалар үшін вакцина алу міндетті болды. Атап айтқанда, қызмет көрсету саласының жұмысшылары, сондай-ақ адам саны 20-дан асатын ұжым қызметкерлері COVID-19-ға қарсы екпенің бірінші компонентін 15 шілдеге дейін, екіншісін 15 тамызға дейін салдыртуы тиіс. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Ержан Байтанаев сол мерзімге дейін екпе алмаған адамдарға қандай мөлшерде айыппұл салынатынын да айтты.
Белгіленген айыппұл екпе алмаған қызметкерлерге салынбайды. Жұмысшылардың жұмыс істеуіне жол берген кәсіпкерлерге ҚР Әкімшілік кодексінің 462-бабы (3-тармағы) бойынша айыппұл салынады. Нақтырақ айтар болсақ, жеке тұлғалар үшін – 5 АЕК мөлшерінде – 14 585 теңге, лауазымды тұлғалар үшін – 15 АЕК мөлшерінде – 43 755 теңге, шағын кәсіпкерлік субъектілері мен коммерциялық емес ұйымдар үшін – 100 АЕК мөлшерінде – 291 700 теңге, орта бизнес үшін – 200 АЕК мөлшерінде – 583 400 теңге, ірі кәсіпкерлік субъектілері үшін – қызметін тоқтатумен 500 АЕК мөлшерінде – 1 458 500 теңге.
Тағы да естеріңізге сала кетейік, 15 шілдеден кейін вакцинаның бірінші компоненті бойынша рейдтік тексерулер басталады, ал 15 тамыздан кейін екі компонентпен толық екпе алғандарды жаппай тексеру жұмыстары жүргізіледі. Сондықтан, екпе қабылдауды кейінге қалдырмаңыздар.
Гүлнәр Дүйсебай