Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «СПУТНИК V» ВАКЦИНАСЫН ЖАСАУҒА ҚАТЫСҚАН ҚАЗАҚ ҒАЛЫМЫ

«СПУТНИК V» ВАКЦИНАСЫН ЖАСАУҒА ҚАТЫСҚАН ҚАЗАҚ ҒАЛЫМЫ


Атам заманнан аурудың жазылмайтын бір түрін екінші түрі алмастырып отырған. Құрт ауруына ем табылғанда обыр ауруы шықты. ЖИТС сырқаты шығып, жанымызды шүберекке түйгенде, оның да емі табылды. Енді басымызды көтере бергенде белгісіз ковид індеті белең алды. Қазір онымен бүкіл әлемде күрес жүріп жатыр. Бұған дейін жазылмайтындай көрінген кеселге ем табылып қалар дегенбіз. Бүгін сол мақсатымызға жетіп отырмыз. Осыған орай, әлем ғалымдары ауруға қарсы тұрар жаңа вакцина ойлап табуға күш біріктіруге жұмылды. Нәтижесінде вирусқа қарсы вакцина өмірге келді. Оны алғашқы болып, ресейлік Гамалея орталығы ойлап шығарды.
Вирусологтардың бүкіл тобы ресейлік «Спутник V» коронавирустық вакцинасын жасауда күндіз-түні жұмыс істеді. Олардың арасында қазақстандық ғалым Ілияс Есмағамбетовтің де еңбегі бар. Қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдары ол туралы әлі жазған емес. Қазір «Спутник V» препаратына әлем бойынша сұраныс артып отыр. Ол туралы әңгімемізді жалғастырмас бұрын оған қатысқан қандасымыз жөнінде айта кетуді жөн көрдік.
Вирусолог ғалымның тарихи Отаны – Қазақстан. Оның ата-анасы еліміздің Шымкент өңірінен Ресейге білім іздеп барып, тұрақтап қалған. Вирусолог ғалымның әкесі Болат Есмағамбетов – ­Бауман университетінде оқыған, содан кейін аспирантура тамамдаған. Мамандығы аэроғарыштық технологиялармен байланысты. КСРО құлағанға дейін ол ­Ресейде жұмыс істеген. Өткен ғасырдың 90-жылдарының басында Қазақстанға оралған.
Болашақ вирусолог Ілияс Есмағам­бетов – Мәскеу облысында дүниеге келген. Қазақстанға жиі келеді. Осында әкесінің туыстары тұрады. Оларды Қазақстанның төрт қаласынан – Шымкенттен, Алматыдан, Байқоңырдан және Нұр-Сұлтаннан кездестіруге болады. Ілияс соңғы рет Қазақстанға екі жыл бұрын келген.
Ілияс Есмағамбетов – Мәскеу Мемле­кеттік қолданбалы биотехнология уни­верситетінде «молекулалық биотехнология» мамандығы бойынша білім алған. Түрлі ғылыми орындарда тәжірибелерден өтіп, Гамалея ұлттық зерттеу орталығында іс-тәжірибеден өткен. Биология, вирусология және генетикалық инженерия кафедрасында Гамалея орталығы директорының орынбасары Бород Савельевич Народицкийден дәріс алған. Ол осы ортада тәжірибеден өтіп, осында тамыр жайып, Гамалея орталығында 10 жылдай жұмыс істеген.
Кейін ғалым «Спутник V» препаратын жасаушылар қатарына тартылған. Өйткені, ол аденовирустық векторларды өндіру және сынау технологиясын меңгерген зертханалардың бірінің мүшесі болған. Қазақ ғалымы өзінің вакцинамен айналысқан үлкен топтың жұмысына араласқанын мақтаныш етеді.
Ілиястың өзі коронавирусқа қарсы екпе алған. Ол алған екпенің жанама әсерлері болғанын жасырмайды.
«Зерттеулер болған кезде мен алғаш­қылардың бірі болып вакцина алдым. Ресейде вакцина пайда болған кезде менің туыстарыма да вакцина салынды. Ал, қазақстандық туыстар әлі үлгерген жоқ.
Бірінші компоненттен кейін аздап температура байқалды. Мен бұл мәселені ерекше атап өткім келеді. Бұл жағдайда сіз, біріншіден, векторлық вакциналар не себепті ең тиімділердің бірі екенін түсінуіңіз керек. Олар инфекциялық процесті имитациялайды. Сондықтан, дененің температура түрінде қысқа мерзімді иммундық реакциясы пайда болуы мүмкін. Бірақ, бұл адамның ауырып тұрғанын білдірмейді. Тек иммундық жүйеге жауап береді. Ең бас­тысы, КВИ вакцинасы басқа вакциналар сияқты иммунобиологиялық препарат. Қолданған кезде оның қарсы көрсетілімдері жоқ. Адам ағзасына енгізген кезде бұл вакциналар оның бойында антиденелер қалыптастырады, иммунологиялық реакция пайда болады, ол әр адамда түрлі болуы мүмкін. Жағымсыз реакцияларды бірден айту да мүмкін емес, иммунды жауаптың қалыпты көріністері мен иммундаудан кейінгі жағымсыз көріністерді ажырату қажет» деп түсіндіреді ол.
КВИ вакцинасын әзірлеу бүкіл әлемде короновирустық инфекцияны жаппай жұқтыру және адамның жаппай өлімі орын алғандықтан аса шұғыл жағдайда өткені анық. Бұдан басқа, фармацевтикалық компаниялар проблеманың ғаламдық деңгейде болуына байланысты вакцинаны тез әзірлеуге айтарлықтай ресурс­тар жұмсауына тура келген. Осы істердің басы-қасында біздің қандасымыздың болғанын мақтаныш етуіміз керек.
Ілияс Есмағамбетов «вакцинациялау қажет пе?» деп ойлайтындарға оның оң және теріс жақтарын мұқият өлшеп көруге кеңес беріп отыр.
– Мен, вакцина салдыру әркімнің жеке ісі деп ойлаймын. Егер сіз «вакцина салғаннан кейін денсаулығым ­нашарлап кетеді» деп қорқатын болсаңыз, мен керісінше, вакцина 90%-дан жоғары қорғаныс кепілдігі береді, бұл қазірдің өзінде ресми мәліметтерге ие деп ­жауап берген болар едім. Ауру – бұл өте қауіпті, әсіресе, темірдей денсаулығыңмен мақтана алмасаңыз, оған сенім артуға болмайды. Бұрын вируспен ауырып, ағзада қалыптасқан антиденеге қарамастан, қайталап ауыруың да мүмкін. Сондықтан адамдардың ағзасының әртүрлі болатыны тәрізді әр пациентті қалыпқа келтірудің жолдары да әртүрлі болуы тиіс. Ал жалпылай алғанда, әртүрлі топтағы сырқаттар бойынша, вирустың қалдырған ізіне байланысты сауықтырудың әдістерін жетілдіру қажет. Вакцинаға келген кезде денсаулығында кінәрат болмаса, дене қызуы көтерілмесе, бұрын жұқпалы аурумен ауырмаса, сонымен қатар, созылмалы ауруларының асқынуы болмаса, жасауға болады. Жалпы алғанда кері медициналық көрсеткіштері болмауы тиіс. Әр адамның өзіндік биологиялық ерекшеліктері бар. Сонымен қатар, вакцинаны таңдау мүмкіндігі бар. Бүгінде біреу біреуді мәжбүрлей алмайды. Дегенмен, ел болып біріккенде ғана қалыпты өмірге орала аламыз, – деп жауап береді ғалым.
Сырқат шақырусыз келетін қонақ іспеттес. Ол бай мен кедейді де бөлмейді. Әйтпесе, қолында ресурстық күші бар мемлекет басшылары жылы сөзімен індеттің басынан сипалап отырып, құтылып кеткен болар еді. Вирустың нағыз өршіген бірінші толқынында-ақ Франция президенті ­Эммануэль Макронның, Словакия премьер-министрі Игорь Матовичтің, Армения премьер-минитрі Николь Пашинянның, Белорусь президенті Александр Лука­шен­коның, Польша президентінің, Ұлыбритания премьер-министрінің Хорбатия премьер-министрінің, Болгария премьер-министрінің, Монако князінің індет жұқтырып алғанын жасыра алмасымыз анық.
Вакцинация – бұл иммунизация. «Спутник» вакцинасы клиникалық жағынан жан-жақты тексерілген. Бұл бізге әдеттегі өмір салтына – карантиндік шектеусіз өмірге оралуға мүмкіндік береді. Вакцина – бізге еркіндік береді, денсаулық береді. Ол – адам ағзасына антиденелер тірі вируспен кездескенде күресуге қабілетті, осылайша, олар аурудың алдын алады.
Бүгінгі мақсат – адамзат баласының өмірін сақтап қалу өте өткір күйде тұр. Оған халықаралық қауымдастықтар мен әлемнің жетекші саясаткерлері жанұшыра араласуда. Осыған орай БҰҰ Бас хатшысы ­Антониу Гуттериш адамзатқа қатер тудырып отырған мәселелер бойынша әлем халқына үндеу арнады. Ол өз сөзінде: «Адамдардың әлі де планетамызға төнген қауіпті жоққа шығаратыны таңғалдырады. Дәл қазір апаттық жағдайдамыз. Сондықтан да бүгін мемлекет басшыларынан төтенше жағдай жариялап, көпшіліктің назарын аударуды сұрап отырмын. Планетамыздың бүгінгі күйі, жаһандық жылыну мен оның алдын алу шараларын қолға алуымыз керек. Карбонның ауаға бөліну үлесі тым жоғары. Біз бұл жағдайды шешуге ұмтылуымыз керек. Келер ұрпаққа планетамызды осындай халде табыстай алмаймыз. Бұл саяси тұрғыдан да қате. Барлық ел, қала, ұйым, бірлестік пен компаниялар планетамызға кесірін келтіретін ешқандай әрекетке бармауы керек. Барлығы алдымен осыны ескеретін қысқа мерзімді жоспар ұсынсын» деді Бас хатшы өз үндеуінде.
Бүгінгі таңда унилатерализм ортақ тағдыр тұрғанда жақсылыққа алып келмейді. Мультилатеризмге бастау, серіктестікке басымдық беру мен бірлік қана адамзатты құтқарып, планетамызды сақтауға көмектеседі. Бұл – бұлтартпас дәлел.
Бүгінгі таңда «Спутник» вакцинасы ең танымал екпе препараты болып тұр. Гамелея атындағы Ресей эпидемология және микробиология ұлттық ғылыми орталығының ғалымдарымен әзірленген екпе 2020 жылдың 11 тамызында әлемдегі тұңғыш коронавирусқа қарсы вакцина ретінде тіркелді. Вакцинаның эпидемиологиялық тиімділігі 91,6 пайызды құраған. Екпеден кейін адамның бойында 98 пайыз антидене қалыптасады екен. Ал әлемнің басқа елдерінде шығарылған вакциналар оған жетпейтін көрінеді. Гамалея атындағы ­Ресей эпидемиология және микробиология ұлттық ғылыми орталығының ғалымдары коронавирустың өзге штамптарына қарсы тұра алатын вакциналар жасау технологиясын ойлап табушылар қатарында қазақ ғалымының болғанын мақтаныш етеміз. Және қазақ ғалымы бұл құрамда өте біліктілік танытқанын айрықша атап өтуіміз керек. Бүгінгі таңда қандасымыз Ілияс Есмағамбетов қабықты вирустарға қарсы вакциналар мен препараттар жасаудың технологиялық платформасын ашқан ғалымдар қатарында аты аталып отыр. Бүгінгі таңда препаратты ойлап табушыларды химия, биология, медицина саласы бойынша Нобель сыйлығына ұсыну туралы ұсыныстар айтылуда.
Бүгінде қазақ ғалымының қолы­ның табы бар препарат Гвинея Президенті Альфа Конденің, Арген­тина Президенті Альберто Фернандестің және көптеген әлем елдері қайраткерлерінің қанында қорғаныш қабілетін атқарып жүр.
Ресейлік вакцинаны бүгінде әлемнің 70-тен астам елі ресми тіркеп отыр. Бұл вакцинаны – Алжир, Германия, Гвинея, Боливия, Венесуэла, Венгрия, Жапония, Қытай, АҚШ, Австрия, Ұлыбритания, Үндістан, Ливан, Мьянма, Монғолия, Франция, Мексика, Тунис, Австралия, Израиль, Тайвань, Палестина, Никарагуа, Индонезия, Бельгия, Оңтүстік Корея, Италия, Пәкістан, Араб Әмірліктері, Аргентина мойындап, препараттарды алуға ұсыныс жасап отыр.

ҚАРАҒАНДЫДА ӨНДІРІЛГЕН «СПУТНИК V» ВАКЦИНАСЫ РЕСМИ ТІРКЕЛДІ

Қазақстанда өндірілген «Спутник V» вакцинасы Денсаулық сақтау министрлігіндегі сараптама ұйымының қорытындысын алып, ресми түрде тіркелді. «Қарағанды фармацевтикалық кешені Қазақстан Республикасының аумағында коронавирус инфекциясына қарсы «Гам-КОВИД-Вак» немесе «Спутник V» деп аталған вакцинаны тіркеу рәсімін сәтті өткізді. 2021 жылдың 13 ақпанында тіркеу деректері материалдарын қарау қорытындысы бойынша екпенің қауіпсіздігі, сапасы және тиімділігі туралы Денсаулық сақтау министрлігі сараптама ұйымының қорытындысын алды. Қорытынды негізінде аталған министрліктің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетіне тіркеу куәлігін алуға өтінім жолданды. Бүгінде еліміздің барлық өңірлеріне Қарағанды қаласында өндірілген вакцинаның 90 мыңға жуық дозасы жеткізілген.
Қазақстанда вакцина өндіру туралы шешім Қазақстан Денсаулық сақтау ми­нистрлігінің комиссиясы мен Ресей­дің тікелей инвестициялар қорының өкілдері қазақстандық фармацевтикалық кәсіпорындарды аралап, зерттегеннен кейін қабылданған болатын. Ал «Спутник V» екпесі 1 ақпаннан бастап, Қазақстанда жаппай вакциналау үшін қолданыла бастады. Қазақстан – «Спутник V» вакцинасын қолдануды мақұлдаған 27-мемлекет.

ҰЛЫБРИТАНИЯЛЫҚ ВАКЦИНАДАН БАС ТАРТТЫ

Бүгінде вакцинаның бірнеше түрі бар. Таңдау әр мемлекеттің өз еркі. Алайда басым елдер ресейлік вакцинаға басымдық беруде. Оңтүстік Африка Республикасы AstraZeneca вакцинасынан бас тартып, АҚШ-тың Johnson&Johnson компаниясы өндіретін екпені сынақтан өткізуді қолға алды.
Коронавирусқа қарсы вакцинаны 500 мың медицина қызметкеріне салу жоспарланып отыр. Қазір бұл ұсынысты вакцинаны қолдануға рұқсат беретін құзырлы орган қарастыруда. Үкіметтің мұндай жедел шараны қолға алуына бұған дейін сыналған AstraZeneca препаратының оңтүстік африкалық штаммға қарсы тұра алмауы себеп болып отыр. Осыған байланысты Оңтүстік Африка Республикасы «Оксфорд» университетінің өнімін қайтару немесе ­айырбастау жағын ойластырып жатыр.
АҚШ-тың Азық-түлік пен дәрі-дәрмекті санитарлық бақылау басқар­масына коронавирусқа қарсы вакцинасын қабылдауға сұраныс берген. Бұл орайда Дәрі-дәрмек бойынша Еуропа агенттігінің де рұқсатын алуы қажет. Оның бірнеше себептері бар.
Ғалымдар мұны вирустың мутацияларымен байланыстырады. Өйткені вакцина жасау үрдісі 2020 жылдың жазында басталып кеткен. Сынаманың алғашқы үш кезеңіне АҚШ, Бразилия, Оңтүстік Африкадан 44 мың адам қатысқан. Олардың үштен бірінің жасы 60-тан асқан.
Компания 2021 жылы 1 млрд дозаны сатылымға шығаратынын мәлімдеп отыр. Осы күннің өзінде АҚШ – 200 млн, ал ­Еуропа елдері – 400 млн вакцинаға тапсырыс беріп үлгерген.

Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ
«АNA TILI» ұлт газетінен
03 шілде 2021 ж. 252 0