Вакцинасыз жұмысқа бара алмайсыз
Үнді штаммы келіп қайтадан үйімізге тықпасын десек, карантиндік талаптарға ден қойғанымыз абзал. Яғни, өзгеге де, өзіңізге де зиян тигізбеу үшін ұжымдық иммунитет қалыптастыруға асыққаныңыз жөн. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстың Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Динара Жаңабергенова баяндады.
Нақтырақ айтар болсақ, Өңірдегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты облыстың бас сантариялық дәрігері жаңа Қаулы қабылдады. Онда біраз шектеулер енгізілді. Қаулыда көрсетілгендей, вакцинация алмаған жұмысшылар оффлайн режимде жұмыс істемейді. Болмаса 7 күнде 1 рет міндетті түрде ПТР тестілеуден өту керек. Қаулы 3 шілде күні сағат 00:00-ден бастап күшіне енеді. Сондай-ақ, жаздық алаңдар, қоғамдық тамақтану объектілері сағат 9:00-ден 20:00-ге, асханалар түнгі 24:00-ге дейін халыққа қызмет көрсете алады. Ал «Ashyq» жобасына қатысатын объектілердің жұмысына шектеу жоқ. Алайда мереке, демалыс күндері жұмыс істемейді. Мұнан өзге, сенбі және жексенбі күндері сауда үйлері, сауналар, СПА-орталықтар, бассейндер, спорт кешендері, спорттық-сауықтыру орталықтары және фитнес-орталықтар, йога-орталықтар, ашық, жабық базарлар жұмыстарын тоқтатады.
Түрленген «Дельта» штам дегбірімізді қашырмаса игі. Барлық өңірлерге құрығын салып үлгерген вирустың бетін қайтару үшін сақтық шараларын күшейтпеске болмайды. Себебі, 2 шілдедегі жағдай бойынша «қызыл» аймаққа Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары, Ақмола, Атырау, Батыс Қазақстан және Қарағанды, Маңғыстау облыстары кіріп үлгерді. Ал, «сары» аймақта Ақтөбе, Қостанай, Павлодар облыстарымен қатар Қызылорда облысы да бар. «Жасыл» аймақта Алматы, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан, Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстары тұр. Байқағанымыздай бұл дертте көз ілеспес жылдамдықпен тарауда. 1 шілде күні Маңғыстау мен Ақмола облысы «сары» аймақта болса, 1 күннің ішінде «қызыл» аймаққа кіріп кетті.
– Кеше облыс «сары» аймаққа енді. Күн сайын ауру жұқтыру қарқыны жоғарылап келеді. Эпидемиологиялық зерттеулер індетке шалдыққандардың басым көпшілігі екпе алмағандар арасынан анықталды. Ғалымдардың мәлімдемелері бойынша, елімізде қолданылып жатқан вакциналар коронавирустың мутацияларына қарсы антиденелер тудыруға қауқарлы. Ұжымдық иммунитет неғұрлым тез қалыптасса, вирустың жаңа нұсқаларының пайда болуы да соғұрлым бәсеңдейді. Сондықтан, барша қызылордалықтарды вакцина алуға шақырамын! Қазіргі таңда облыстағы екпе кабинеттерінің барлығы сағат 24:00-ге дейін ашық. Өзіңіздің денсаулығыңыз бен жақындарыңыздың өмірін қорғау үшін екпе алыңыз, сақтық шараларын жауапкершілікпен атқаруды сұраймын, – деді облыстың бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Динара Жаңабергенова.
Айта кетейік, адамдар көп жиналатын іс-шаралар,ойын клубтары,караоке, театр, кинотеатр, филармония қызметіне, боулинг, бильярд, спорттық, банкет залдардың жұмысына тыйым салынады.
Гүлнәр ӘБДІХАНИҚЫЗЫ