Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Елді қорғайтын ер

Елді қорғайтын ер


Күннің шуағы жердің бетіне түспей тұрып Қарағанды қаласының теміржол вокзалына табан тіредік. Айналадан жан біткеннің дауысы шықпайды. Тек әскери борышын өтеуге келген азаматтарды тасымалдауға арналған әскери көліктің гүрілі ғана құлаққа естіледі. Ішімізден «Тайраңдаған күн бітті» десек, көз алдымызға орыстың «9 рота» фильмі еріксіз оралуда.
Әскердегі алғашқы күн өзімізге ерекше. Уақыт шіркін, тоқтап қалғандай. Өміріміздегі ең ұзақ күн десек те болады. Уақыттың өтпегені соншалық ротада кезекші болып тұрған кіші сержантқа «Господин, младший сержант, сколько время?» деп сұрағанымызда ол сағатына ұзақ қарап тұрып, «тура бір жылдарың қалды» деп иығынан мырс етті. Одан соң Қызылорда облысынан барған жігіттерді рота-ротаға таңдап тұрып бөліп алды. Осылай әскери өмірдің кіріспесін енді бастаған біз кешті әрең болдырдық. Кешқұрм рота командирі «Вечерный прогулкаға шығамыз, дайындалыңдар» деп жуан дауысымен әмір етті. Оны іліп алып «Оо, Қарағандыны аралап көретін болдық. Ел-жұрттан ұят болмасын, үсті басымызды дұрыстайық» деп тойға баратын кісідей әзірлендік. Сөйтсек, «Вечерный прогулка» деген плацты екі айналып өлең айту екен. Ал біз мұның мәнін түсінбегендіктен әскерде де қыдыратындай еркіндік бар екен ғой деп шыттай киініп алғанбыз. Кейін анығын білген кезде өзіміздің аңқаулығымызға бір таңданып, күліп еске алатын болдық.
Сәрсенбі күні аудан әкімдігінде әскерге барудан бас тартып, шақыру қағазын оқып, бірақ үйіне іздеп барған шақыртушыдан тығылып қалатын бос белбеу жігіттерді аудандық әскери бөлімге қалай алып келеміз деген сұраққа жауап іздеген жиын өтті. Аудан әкімінің орынбасары Е.Апетовтың төрағалығымен өткен басқосуда Сұлутөбе, Жуантөбе, Талаптан ауылдық округінде әскерден қашып жүргендердің қатары қалың екенін байқадық. Содан амалсыз өзіміздің әскерге барған кезімізді осында жазып жатырмыз. Мақсат – бүгінгі жастарды Отан алдындағы борышын өтеуге қызықтырып, өзіміздің басымыздан өткен әскердегі оқиғаларды баяндау.
Иә, әскердегі күндер туралы сөз қозғалғанда әскерге барған жігіттердің әңгімесі жарасып, ерекше күйге енетіні бар. Себебі, әскер ер азаматты тәрбиелейді, көп нәрсе үйретеді, адамның, заттың, уақыттың және әр сәттің қадірін түсінуде үлкен рөл атқарады. Сонымен қатар, әскерде тек физикалық дайындықтан өтпейсің, рухани күш-қайрат алып, елге, жерге, Отанға деген сүйіспеншілікті бойыңа сіңіресің. Әскерде қанша қиын болғанымен, ауылға оралғанда тек тәтті сағымға айналып, өткен күн тарихтың қойнауына кетіп, санаңда түрлі естелікпен сайрап қалады. Ең бастысы әскери дайындықтан өткен жігіттер қаруды қолдана алады, елді қорғауға әзір.
«Баланы ұлша тәрбиелесең – ұл, құлша тәрбиелесең – құл болады» дейді ұлт зиялысы Ахмет Байтұрсынұлы. Болашақты бағамдай білген ата-бабамыз ұл баланы шаңырақтың егесі, елдің болашағы, халқының қамқоршысы деп санаған. Сондықтан болар, бала тәрбиесіне ерекше мән беріп, ер жігітке тән қасиеттерді сіңіре білген. Ал қазіргі тәрбиенің көксегені не? Жастар әскерге барудан неге қашады?
Бүгінгі әлеуметтік желіде «Просмотр­ды» намыстан биік қойған жігіт сымақтар елді қорғай ала ма? Жігіттердің өзі арзан дүниеге намысын төмен қойғанда, қыз балаларға қандай уәж айта аламыз? Әлеуметтік желіде босып жүрген «жалаңаш қыздардың» ағалары, әкелері бар емес пе? Тіпті, киімді шешу трендтен қалған соң, бір тиктокер сымақ кеше ғана бір бөлке нанды табанымен мыжып, қызық көрген жоқ па? Хайп жасаймыз деп әке-шешелерін де мазақ қылған қазақтың балалары екені өкінішті. Тәрбие қайда, тәртіп қайда? Ата-анаға деген құрметтің де төмендегені ме?
Ораз қажы Мысырханов, Ы.Жақаев ауылының имамы:
– Ислам діні – Отанды қорғап, елді сүюге, адамзатқа адал болуға, айналаға пайда келтіруге, ата-ананы құрметтеуга тәрбиелейді. Әскерге бару – діни әрі ұлттық борыш. Сондықтан да әрбір ер азамат елді сыртқы және ішкі жаудан қорғай білуі керек. Сыртқы жау деген түсінікті. Ал, ішкі жау дегеніміз не?
Елді қорғау дегенде ескі таспа секілді майдан даласы түседі, әрине. Бірақ елді қорғау деген – намысты жоғары қою. Болашаққа зер салып қарау. Ер жігітке тән қасиетті сақтап қалу. Қыздарды қылықты етіп тәрбиелеу. Ал, ерді намыстан, ерік-жігерден, қызды қылығынан, ар-ұяттан айыруға бағытталған іс-әрекеттердің барлығы ішкі жаулардың түрлі саясатынан туады. Біз осыларға қарсы тұрып, ұрпақ тәрбиесін қолдан шығармауымыз керек.

Амангелді Әбдрахманов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы:
– Бала күнімізде оқыған батырлар жырында ер жігіттердің бейнесі «Қапсағай бойлы, терең ойлы, өткір көзді, қыр мұрынды, қияқ мұртты, кең иықты, апай төсті, өткір тісті, жуан білекті, бура санды, кең жауырынды, от ауызды, орақ тілді, темірдей саусақты, жау жүректі, сергек ойлы, ширақ қимылды, кескін сөзді, кесек бітімді, қырандай алғыр, сұңқардай өр, арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, көк бөрідей қайсар, қабыландай сұсты, нардай төзімді, ар алдында ақ, сауысқандай сақ...» деп сипатталады. Ал, бүгінгі күнде кейбір ер азаматтарымызға осындай теңеу тең келмей жатыр. Неліктен?
«Отан – отбасынан басталады». Сол себепті де отбасындағы тәрбиені бірінші орынға қою керек. Бүгінгі күні әлеуметтік желіде кезіп жүрген арсыз видеолар осы отбасындағы тәрбиенің аздығынан болып отыр. Әскерге барудан қашып, кеудесінде ер азаматқа лайықты намысы болмағандардың болашағын елестетудің өзі қиын. Сол үшін болашақты бүгіннен бастап ойлағанымыз жөн.

P.S. Қызда қылық болмаса,
Құр шырайдан не пайда?
Ерге дәулет бітпесе,
Шүлдіреген қызыл тілден не пайда?, – дейді Бұқар жырау бабамыз. Инстаграмда топ жарған ерден не пайда, еліне пайда тимесе, түлкідей бұлаңдаған қыздан не пайда, қазақ атына кір келтірсе дей отырып, ой салу бізден, қорытынды шығару сізден.

Ерұлан ДАТКЕНОВ
18 маусым 2021 ж. 558 0