Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлы жеңіс ұрпақ жадынан өшпейді

Ұлы жеңіс ұрпақ жадынан өшпейді


Адамзат тарихындағы ең сұрапыл, жойқын ұрыс болған Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталғанына да 76 жыл толды. Ел басына күн туып ер етікпен су кешіп, кеудесін оққа тосқан сол бір қиямет күнде аталарымыз ұлтына, тілі мен діліне қарамастан Отаны үшін от кешті. Бұл қанды қырғын қаншама ошақты ойрандап, талай боздақтың сүйегін жат жерде қалдырды, тірі қалғандары елге мүгедек болып оралды. Жан қияр ерліктің арқасында жеңісті күн бізге қазақтың қайсар азаматтары мен ержүрек батырларының арқасында келгені анық.
Сол кездегі адамдардың елге, жерге деген патриоттық сезімін, ержүректілігі мен төзімділігін паш ететін, мәңгі тарихта қанмен таңбаланған Ұлы Отан соғысының қанша жылдар өтсе де жанға салған жарасы жазылар емес. Бұл күн – аталарымыздың батырлығы мен жанқиярлығы, өз Отанына деген шексіз сүйіспеншілігінің арқасында қатал соғыста жеңіске жеткізіп, еркіндікті алып берді. Сұрапыл соғыста қаймықпай от кешіп, Отан қорғауда талай ерлік көрсеткен азаматтың бірі – Айдарбек Тұрғанбаев еді. Ол 1908 жылы Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Ақтоған ауылында шаруа отбасында дүниеге келген. Айдарбек соғысқа орда бұзар отыздан асқан шағында Шиелі комиссариаты арқылы аттанады. 1942 жылдың мамыр айында Балтық теңіз жағалауындағы Латвия, Литва, Эстония елдерін фашистерден азат етуге қатысады. Содан ерліктің ерен үлгісін көрсетіп бірнеше медалдармен марапатталған. Алғашқы марапаты 1944 жылы «За отвагу» медалын кеудесіне тағады.
Екінші қарулы девизияның қызыл әскері Айдарбек Тұрғанбайұлы неміс басқыншыларымен шайқаста өзін батыр, әрі батыл жауынгер ретінде көрсетті. Сондай-ақ, «Памят народа» сайты арқылы «За отвагу» медалының не үшін берілгені архив құжаттарында былай дейді. 1944 жылы 26 шілде де оқ дәрі салынған машинаның моторы жау бомбасының атқылауынан өртеніп, қозғалтқыш бөлігінен шыққан жалын оқ дәрі қораптарына өтеді. Осы кезде өз өмірін қатерге тіккен ­Айдарбек алғашқылардың бірі болып снариядтарды құтқару үшін жанып тұрған ыстық машинаға жүгіргеннің арқасында оқ дәрі блогын сақтап қалған. Одан 1944 жылы 31 шілде де Литва қаласын қорғау үшін шайқаста жылдам оқ атып, қарумен жаудың төрт танкісіне қарсы шыққан. Қарт майдангер ерлік үшін күресті, батырлықтың ерен үлгісін көрсеткені үшін бірнеше медалдармен марапатталған. Бүгінде батырдың барлық құжаттары Ресей Федерациясының Қорғаныс министірілігінің орталық мұрағатында сақтаулы тұр екен.
Соғыстан кейінгі қиын-қыстау уақытта ерінбей еңбек етіп, халыққа қызмет етті. Осындай еңбекқорлығының арқасында отбасын құрып, қан майданнан жаудың бетін қайтарып, кіндік қаны тамған туған жерге оралған соң отбасын құрып, 2 ұл мен 3 қыз тәрбиелеп өсірді. Оларды оқытып, қызды – қияға, ұлды – ұяға қондырып, олардан ұрпақ жалғар 21 немере мен 36 шөбере сүйді.
«Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды» дегендей, жасаған ерен ерлігі ел жадында мәңгі қалып, өнегесі болашағымызға күш, қайрат, рух береді. «Ер есімі – ел есінде” демекші, бізге жарқын болашақ, бақытты ғұмыр сыйлаған майдангерлердің ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Олардың қасиетті рухы бүгінгі бейбіт тірлігімізге мәңгі шуағын шашпақ.

Шапағат Тілеубаев
08 маусым 2021 ж. 371 0