ЕРДІҢ ЕҢБЕГІН ЕЛІ ӨЛТІРМЕС
Жақсылық пен жамандық арпалысқан бұл фәни дүниеде пендешілікке салынбай, жұдырықтай жүрегін таза ұстап, адамгершілік қасиетін жоғары қойып, айналасына қамқор бола білген жандар қаншама. Олар өздерін жарнамаламаса да, жасаған жақсылығы ізінен еріп, бір күні жарыққа шығатынын көзіміз көріп жүр. Осындай жандардың өмірі, жақындарына деген жанашырлығы, достарына деген қамқорлығы, қоғамға тигізген тәлімі бүгінгі өскелең ұрпаққа табылмас өнеге. Тек біз өнегелі өмір иесі бола білген жандарды насихаттап, саналарына сіңіре білуіміз қажет. Бүгінгі мақалада 30 жылдан астам уақыт өзінің барлық өмірін байланыс торабының жетілуі жолында еңбек еткен Үсен Қабыланбеков жайлы әңгіме өрбітуді жөн деп таптық.
Байланыс торабының халық игілігі үшін атқарар істері ерен. Осы аталған салада өз ісінің нағыз маманы ретінде ширек ғасырдан астам уақыт аянбай еңбек еткен Үсен Қабланбеков ауданның байланыс саласының өркендеп, дамуына үлес қосты десек еш жаңылмаймыз. Өз заманының талабына сай байланыс құралдарын орнатып, ауылдардағы байланыс торабтарын жандандыру жұмыстарына білек сыбана атсалысып, көптеген жетістіктерге қол жеткізе білді. Ол еңбек жолын жас маман ретінде Жаңақорған аудандық байланыс торабынан бастады. Онда байланыс торабында элетрик, байланыс цехының бастығы, байланыс бөлімшесінің бастығы болып қызметтерді абыроймен атқарды. Өз ісінің нағыз маманына айналған іскер жігітті сол уақытта Шиелі аудандық партия комитетінің І-секретары О.Бәйімбетовтің өзі арнайы аудандық байланыс торабына жұмысқа алдырды. Осының өзі Үсен Қабланбековтің іскерлігінің бір көрінісі еді. Сол жылдардағы елдің партиоттарының бірегейі ретінде КПСС мүшесі болды. 1973 жылдан өмірінің соңына дейін Шиелі аудандық байланыс торабының бастығы болып қызмет атқарды.
Бүгінгі күні көзіміз көріп жүрген үш қабатты аудандық байланыс торабы осы кісінің қолтаңбасы. Олай дейтініміз – үш қабатты ғимаратының сызбасын дайындаған Үсен Қабланбековтің өзі еді. Сол жылдары байланыс саласындағы жетістіктері үшін аудандық байланыс торабының ұжымы Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық комитеті, Қазақ ССР Министрлер Кеңесі, Қазақстан БЛКЖО Орталық комитеті мен Қазақстан кәсіподақтары кеңесінің ауыспалы «Қызыл Туымен» марапатталды.
Үсен Қабланбеков өзінің қарамағындағы жас мамандарға үлгі, аға буынға көшбасшы ретінде өзінің біліктілігімен ұжымда беделді басшылық жасады. Өзі өте көпшіл, ортада өзіндік орны бар, бауырмашыл, турашыл жан болатын. Сол жылдары Орта Азия бойынша байланыс торабының институты тек Ташкентте болды. Осы оқу орнына өзінің келешек ізбасарлары болады деген сеніммен талабы бар талапкерлерді жіберіп, білім алуына себепші болды. Мәселен, Әуезхан Әбіласанұлы Алматы қаласындағы байланыс бастығы, кейіннен байланыс торабының түрлі саласында қызмет атқарып, зейнеткерлікке шықты, Сәдібек Балтабайұлы Қызылорда облыстық байланыс торабының бастығы, Бекахмет Сақтағанов Шиелі аудандық байланыс торабының бастығы қызметтерін атқарды. Мұнан бөлек, алты баланы өзінің ізбасары етті. Бейсен Қасқабаев, Зоя Биімбетова, Үрләй Жәнібекова, Шарипа Бисекеева, Қалима Қожасова сынды ізбасарлар мен шәкірттерін өзі баулып жетілдірді. Қазір, ол ізбасарларының алды «Үздік байланысшы», «Қазақстанның байланыс торабы үздігі» атанып зейнетке шықты.
Ел ағалары А.Әбенов, Ж.Ахметов, А.Әбдрахманова, Ә.Исмайлов, С.Әбішев, З.Жайлыбаев, Б.Жәукебаева, П.Архабаев, М.Молдажанова, К.Орынбаева, А.Поздияков, М.Садықов, К.Хван, Қ.Әбдешов, Н.Байқуатов, Қ.Сүгірбаев, А.Сматов, М.Әлиев, О.Мун сынды т.б. кісілермен үзеңгілес болды.
Әрине, әрбір кезде күннің батуы мен таңның атуы адамнан рұқсат сұрамайтынындай денсаулығының күрт нашарлауына байланысты 49 жасында Үсен Қабланбеков ерте өмірден озды.
Зейнеттік жасқа дейін өмірі болғанда байланыс торабы саласында қаншама өзгерістер ендіріп, жаңалықтар жасайтыны әбден мүмкін болған нағыз өз ісінің майталман маманы осылайша өзінің ізін қалдыра білді. Еліне қызмет еткен ер есімін естен шығармауымыз қажет.
Ерұлан ДАТКЕНОВ