Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлттық орталыққа Мәжіліс депутаттары келді

Ұлттық орталыққа Мәжіліс депутаттары келді

BAQ.KZ. Саяси қуғын-сүргін және Ашаршылық құрбандарын еске алу күні қарсаңында Қолжазбалар және сирек кітаптар Ұлттық орталығына Парламент Мәжілісі депутаттары Жұлдыз Сүлейменова, Лариса Павловец, Вера Ким арнайы келіп, ғылыми қызметкерлер және реставраторлармен кездесті.

Ұлттық орталық директоры қызметін атқарушы Айнұр Ерікқызы, реставратор Сырым Ботабеков пен басқа да мамандар депутаттарға көрме және электронды оқу залдарымен қатар, кітаптарды қайта қалпына келтіру зертханасының жұмысымен таныстырды.

Менің ойымша, біз тарихымыздың қасіретті жылдарын саралағанда, сонымен қатар біздің территориямызда болған мақтанышпен еске аларлық тарихи оқиғаларды ғылыми негізде насихаттау жолында, бізге, әрине, бұл орталықты дамыту қажет. Өйткені біз архивтегі деректерімізді жас ұрпаққа жеткізуіміз керек. Жалпы, бұл орталықта ислам мәдениетінен бөлек, біздің барлық тарихи кезеңдерімізді қамтитын архивтік көне қолжазбалар мен материалдар жинақталған. Олар реставрацияланып жатыр. Бұл тұста реставратор мамандарының аздығы мен жалақы мәселесі өзекті, сондықтан жұмыс та баяу жүріп жатыр. Бұл мәселені қолға алуымыз керек. Өйткені кейбір кітаптар сақталмауы мүмкін. Ұлттық орталықтың статусына сәйкес оның қызметінің өзектілігіне назар аударуымыз қажет. Елбасының бастамасымен жүзеге асып жатқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында Ұлтық архив жобасы негізінде Ұлттық орталықтың қызметін толыққанды дамыту – үлкен міндет, - дейді Депутат Жұлдыз Сүлейменова.

Халық қалаулысы Лариса Павловец әсіресе реставрациялық зертханада қызмет ететін мамандардың денсаулығын қорғауға байланысты нақты шаралар қолға алынуы тиіс деп санайды. Бұл мәселені депутат өз деңгейінде көтермек. Сондай-ақ, қорда сақталған кітаптарды халықаралық стандарттарға сәйкес жасақтау мәселесіне көңіл бөлмек. Вера Ким мамандар мен ғалымдарды даярлау, олардың жұмысын одан ары дамыту мәселесіне назар аудартпақ.
31 мамыр 2021 ж. 300 0