Су – тіршіліктің өзегі немесе судың да сұрауы бар
Шиелі ауданының тұрғындары аудандық су шаруашылығы мекемесін аттай 21 жыл басқарған бойшаң, өте сабырлы, мәдениетті, қызметінде әділ болған, сымбатына жүріс-тұрысы сай, білікті басшы, тағлым аларлығы мол Пернебай Егенұлы ағамызды ұмыта қойған жоқ шығар. Ол кісінің Алматы қаласына қоныс аударғанына да бақандай 21 жылдың жүзі болыпты. Адам зейнеткерлікке шыққан соң ұл-қыздары қайда болса, сол жерді сағалайтыны белгілі.
«Ел – елдің бәрі жақсы, өз елің бәрінен жақсы» демекші, 1940 жылы 12 мамырда бұрынғы «Коммунизм» (Нартай ауылы) колхозының «Жиделіарық» бөлімшесінде дүние есігін ашқан Пернебай туған жерін сағынып, аңсайтыны анық. Су – тіршіліктің өзегі. Су бар жерде өмір бар. Ел тағдырын шешетін де – су. Осы екі әріптен тұратын сұйық зат Алла тағаланың адамзатқа, табиғатқа берген нәрі болса керек. Сулы жер – нулы жер. Ол жерде өсімдік әлемі де, жан-жануар дүниесі де дамып отырған. Сусыз өмір жоқ. Ауа адамға қандай қажет болса, су да солай саналады. Тәңір Сыр бойы халқына Сыр өзені – Сырдарияны берді. Бұл өзенді көне гректер «Яксарт», арабтар «Сейхун» десе, түрік тілінде «Сырдария» дегені тарихтан аян. Оның қытай тілінде «Тянь-Шань» аталып кеткен «Тәңір тауынан» сағасын алатын «Нарын», «Қарадария» атты қос өзеннің Ферғана өлкесінде қосылған жерінен бастап Арал теңізіне құйғанға дейінгі арна Сырдария өзені деп аталатыны мектептегі география пәнінен есімізде қалған.
Туасы ауыз су да, аяқ су да алтыннан бағалы, онан да қымбат десек болады. Егер су болмаса, егістік алқап қурап шөл далаға айналатыны, бір тамшы суға зар болған адамның шөлдеп өлетіні аян. Сондықтан жер мен судың қадірін, парқын бағалап отырғанымыз жөн секілді. Оны су тапшылығы болған кездері әрқашан сезініп те жүрміз. Мұраб аталарымыз «Судың да сұрауы бар» деп кеткен.
1938 жылы Қызылорда өз алдына облыс болуына байланысты, облыстық су шаруашылығы басқармасы ашылады. Бұрын барлығы Оңтүстік Қазақстан облыстық су шаруашылығы басқармасына қараған. Су шаруашылығы бөлімдері аудандарда да құрылады. Шиелі ауданында тұңғыш бөлім бастығы С.Төлтаев болады. Одан соң Жаңақорған, Шиелі аудандарының су шаруашылығымен айналысатын Шиелі суландыру жүйелер басқармасы ашылып, оның бастықтары 1950-1956 жылдар аралығында Г.Дүйсебаев, К.Жылқыбаев, С.Сәрсенбаевтар болса, 1956-1958 жылдары Ташкент қаласындағы (ТИИИМСХ) Ирригация институтын 1953 жылы бітірген Шәймерден Бәкіров, 1958-1959 жылдары Алматы ауыл шаруаушылығы институтының түлегі Балтабай Сәрсенов, 1959-1970 жылдар аралығында Алматы ауыл шаруашылығы институтын бітірген Айдарбек Әбеков, одан кейін осы мекемеге 1970-1977 жылдары 7 жыл бас инженер болып, 1977-1998 жылдар аралығында басшы қызметіне Пернебай Егенов келеді. Ол Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтын бітірген жас маман болатын. Одан соң осы институтты 1978 жылы бітіріп келген Әбділда Мақұлбеков 1998 жылдан 2021 жылға дейін басқарып, аудан шаруашылықтарына келелі қызмет етті. Қазақта «Шәкіртсіз ұстаз тұл» деген сөз бар. Бүгінде «Шиелі су шаруашылығы өндірістік учаскесі» деп аталатын мекемені 1983 жылы Қызылорда политехникалық техникумын «гидротехникалық құрылыс» мамандығы бойынша бітірген, сырттай Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университетінің «Суды пайдалану» факультетін тәмамдаған, осы мекемеде жұмысшы, құдық шебері, инженер-гидрометр, учаскі басшысы, бас инженер, орынбасар қызметтерін мүлтіксіз атқарып келген Пернебай Егеновтің шәкірті Диқан Әубәкіров 2021 жылдың сәуір айынан бастап басқарады. Бұл биікке ол тынымсыз еңбегі арқасында отыз алты жылдан соң жетіп отыр екен. Ал, П.Егеновтің әріптес-шәкірттері, белгілі су мамандары Молдахмет Сәрсенбаев, Жүзен Қоңқаевтар дүниеден озып кетсе, қайтпас қайсар шәкірттері Әлияр Сейітов пен Серік Ибаділдаев та зейнеткерлікке шықса, Тұрсынбай Жорабеков жұмысын жалғастыруда.
«Пейіліңді кеңге сал, қырманыңды дөңге сал» дегеніндей, П.Егенов білікті басшы, қарамағындағы адамдарды алаламайтын, ауызынан айналайыны түспейтін, жылы шырайлы жүзімен, кең пейілімен, көркем мінезімен Шиелі халқының, су мамандарының есінде жүретін құрметті де қадірлі азаматтардың бірі саналады. Ол Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткерлері, инженер-гидротехниктері Мұстақым Ықсанов, Шәймерден Бәкіров, Виктор Гончаров, Эрик Гукасов, Болат Ниязов, Сұлтан Сәрсенбаев, Балтабай Сәрсенов, Әбубәкір Тыныбаевтар салған жолмен жүріп, солардан үлгі-өнеге алып, тәжірибе жинақтайды. Сондай-ақ, «Республикаға еңбегі сіңген гидротехниктер» Сабыр Арыстанбаев, Төлес Апбасов, Георгий Кан, Әбдіманап Құтжанов, Мұхамедияр Сейітов, Мәделхан Нәлібаевтармен әріптес, қызметтес болып, Шиелі ауданының егін шаруашылығын дамытуға, туған жерін көгалдандыруға өз үлесін қосады. Кентішілік аяқ суларға дейін реттеп, арықтарын қаздырып, егістік алқапта елдің ырысын арттыру үшін де жүгіріп жүретін. Егіс даласында аудан суының иесі П.Егеновті көрген диқандар, күріш звеносының жетекшілерінің еңселері көтеріліп, еңбекшілердің мерейі жоғарылап, қуанысып қалатын болған. Сол уақытта облыс әкімі Исатай Әбдікәрімовтің өзі Шиелі ауданына іс-сапармен келіп, күріш алқаптарын аралағанда білгір су маманы ретінде П.Егеновті шақыртып, қасына ертіп алады екен. Бұл аймақ басшысының су маманына деген құрметін көрсетсе керек. Күріш егу науқаны кезінде сол тұста аудандық атқару комитетінің төрағасы Әзімхан Исмаилов та аудандағы колхоз, совхоздардың егін даласын П.Егеновпен бірге аралайтынына өзім де талай куәсі болғанмын. Аяқтарына үнемі саптама етік киіп жүретін. «Әкең өлсе де әкеңнің көзін көрген өлмесін» деп Пернебай ағаның әлі барлығына, өмірдегі нарлығына риза болып, қуанғанымды жасыра алмадым. Осындай жаны жайсаң ағаларымыз аман болсын.
Егенұлы Пернебай 1948 жылы мектепке барып, 1958 жылы Шиелі поселкесі орталығындағы №45-ші он жылдық қазақ орта мектебін бітіреді. 1958-1961 жылдары Қызылорда су шаруашылығы техникумын инженер-техник мамандығы бойынша тәмамдайды. 1962-1963 жыл арасында Көкшетау облысы, Көкшетау қаласындағы су құрылыстарын жобалаушы мекемесінде инженер-техник, 1963-1964 жылдары Шиелі поселкесіндегі М.Ломоносов атындағы мектепте өндірістік пән мұғалімі қызметтерін атқарады. 1964-1969 жылдар арасында Жамбыл су шаруашылығы-құрылыс институтына түсіп, өзен су құрылыстары мен су электростанциясын салу инженер-гидротехник мамандығына ие болады. 1969-1970 жылы ПМК-31 мекемесіне жер жұмыстары мастері болып жұмысқа қабылданады. 1970-1977 жылдары Шиелі аудандық су шаруашылығы мекемесінде бас инженер, одан әрі 1998 жылдың соңына дейін осы аталған мекемені үздіксіз абыроймен басқарып, құрметті зейнет демалысына шығады. П.Егенұлы мекемеде бас инженер, басшы қызметін атқарған жылдары Қызылорда облысы, оның ішінде Шиелі ауданы көлемінде «Союз гипрорис» институтының 1-2 кезекті жобасына сәйкес жабайы жерлерді тегістеп, инженерлік жүйеге көшіру құрылыс жұмыстары толық жүргізіледі. Аудан көлемінде мыңдаған гектар алқаптар тегістеліп, күріш дақылы 14-15 мың гектарға дейін егілді. Күріш танаптары толығымен сумен қамтамасыз етіліп, одан мол өнім алынып, ауданның экономикасы мен мәдениеті дамумен болды. Бұған аудандық су мекемесінің қосқан үлесі айтарлықтай еді. Аудан көлемінде сол жылдары барлығы инженерлік жер, оның ішінде күріштік алқап 34,4 мың гектар, жем-шөп дақылдарына 17,0 мың гектар жер тегістеліп, жаңадан пайдалануға берілген. П.Егенұлының тікелей пәрменімен су тартатын қашыртқылар К-1, К-3, К-4 жобаға сәйкес қайта қазылып, К-2 жаңа қашыртқы қазылады. Негізгі су тартатын 100 шақырымдық «Шиелі-Телікөл» каналы қайта қазылып, мал жайылымына арнап «Нәнсай» каналы да жаңадан аршылып, Сырдария ауданының шекарасына дейін ұзартылады. «Қарғалы» совхозы үшін «Күркіреуік» каналы қазылып, елді мекен орталығына су тартылады. Аудан мал шаруашылығының жазғы жайылымдарын сумен қамтамасыз ету үшін «Сарысу» бойында көптеген жаңа скважиналар мен құдықтар қазылып іске қосылады. Аудан көлемінде жұмыс жасаған барлық мердігерлік мекемелердің жұмыстарын жобаға сәйкес соғуды және оны сапалы пайдалануды қабылдау су шаруашылығы мекеме басшысына жүктелінгендіктен, Пернебай ағамыз оны абыроймен атқарып отырады. Шыншыл, әділ, адал, көпшіл қасиеттерін қоғам үшін аянбай қызмет етуге арнайды. Ауданның қоғамдық өміріне белсене араласады. Аудандық партия комитетінің көрнекті мүшесі болып, ауданның конференциялары мен сессияларына қатысып, тұрақты тексеру комиссиясының мүшесі болады. Оның су шаруашылығы мекемесіндегі үздік еңбектері бағаланып, СССР және Қазақстан Республикасының су шаруашылығы министрліктерінің «Құрмет грамотасымен» бірнеше мәрте марапатталады. 1982 жылы 22 ақпанда СССР Жоғарғы президиумының қаулысымен «Еңбектегі үздік» медалін кеудесіне қадайды. 1995 жылдың 20 желтоқсанында көп жылғы су шаруашылығындағы еңбегі үшін Қызылорда облыстық мәслихатының «Құрмет грамотасын» алса, 2019 жылы желтоқсан айында «Су шаруашылығының Ардагері» төсбелгісін иеленеді. П.Егенұлының қажырлы еңбегі ұмытылмады, әлі де ұмытылмайды деп есептейміз.
Сексен жастың сеңгіріне шыққан Пернебай аға отбасының қадірлі әкесі, ағайын-туыстарының қадірменді қариясы, Шиелі ауданына еңбек сіңірген азаматтардың азаматы. Жұбайы Құралай Жәлімбетова Жамбыл қаласындағы медициналық училищесінің түлегі, фельдшер-дәрігер. Қызы Лаура жоғарғы білімді дәрігер, медицина ғылымының кандидаты, доцент. Ұлы Нұржан экономист, қаржы маманы. Пернебай аға мен Құралай апай қазір Жәнібек, Жәңгір, Жанғали атты үш немере сүйіп, тәрбиелеп отырған ардақты ата, алтын әже. Кешегі судың тілін білетін, тиімділігін арттырудың жолын көрсеткен П.Егенұлы туған жерінің таймас түлегі. Диқандар «Егістік жерді күз суар, күз суарсаң, негіздетіп жүз суар» деп бекер айтпаған. Күзгі су – мол өнімнің кепілі. П.Егенұлы су жүретін канал бойларын, пикеттерді, шлюздерді көгалдандырып, ағаш ектірді. Шлюздер басына үй салдырды, қарауылдар қойдыртты. Учаскелік су мамандары күнделікті жұмыс орындарынан табылды. Сондағы мақсаты – әрбір тамшы суды шығындамай, есепке алып отыру болатын.
«Дария қайтса, көл жасиды» демекші, суымыз мол болсын. Заманымыз да өзгеріп жатыр. Мен де «Жері байдың, суы бардың, елі бай» деп, суды қосып жіберсем, ешкім өкпелей қоймас. Ауданға бар еңбегін сіңіріп, зейнетке шыққан соң елден көшкен П.Егенұлының ешқандай жазығы жоқ. Оның туған жеріне сіңірген еңбегі қандай болмасын құрметке, марапатқа лайық. Шиеліде туып, Шиеліде бір күн де жұмыс істемеген шиеліліктер құрметтеліп жатқаны жасырын емес. Оларға қарағанда П.Егенұлының көл-көсір еңбегі менмұндалап тұрғандай. Сөзсіз солай секілді.
Өркен Исмаил,
ҚР Журналистер одағының мүшесі
ҚР Журналистер одағының мүшесі