От пен жел сөз байласқан ба?
Көктем келіп, күн жылынса болды қызыл жалын біздің қас жауымызға айналады. Себебі, бірі ауласындағы күл-қоқысты өртейді, енді бірі ауыл сыртындағы қураған шөпті жағады. Қараусыз қалған шоқ бір сәтте желменен сөз байласқан қос ғашықтай, әп-сәтте алапат өртке айналады. Осылайша, бірдің кесірі мыңға тиіп жататын жағдайлар көптеп кездеседі.
Мәселен, Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы азаматтық қорғау подполковнигі Жандос Мампаевтың айтуынша, биылғы жылдың 4 айының өзінде 8 өрт, 31 өртке жатпайтын жану оқиғасы тіркелген. Өрт оқиғасының жетеуі жеке үйлерде тіркелсе, 1 орман өрті тіркеліпті. Алғашқысы сәуір айында Ботабай ауылы маңында орналасқан орманда болған. 2,5 гектар аумақ өртке оранған көрінеді бұл жағдайда. Абырой болғанда ешқандай шығын келмеген. Өрттің орын алу себебі азаматтардың ашық отты пайдалануынан деп отыр төтеншеліктер. Екінші оқиға Тартоғай орманшылығының орман қоры жерінде тіркелген. Бұл жолы 10 гектар аумақ өртеніп, 19 252 теңге шығын келтірілген. Тартоғайдағы оқиға да азаматтардың кінәсінен туындап отыр.
Аталған жағдайлар ауқымды болмаса да, өрттен келетін кесірден алдын ала сақтануға ой салып тұрғандай. Бірнеше күн бұрын Шығыс Қазақстан облысы, Риддер қаласында орын алған өрт те бізге бір ескерту іспетті. 310 гектар аумақ, 35-тен астам үй мен 9 шаруашылықты шарпыған өрттің келтірген зардабы көп болды Шығыс Қазақстан халқына. Бірнеше тәулік бойы жалынды сөндіруге 208 өрт сөндіруші, 47 арнайы техника жұмылдырылды. Соның өзінде әупірімдеп жүріп, бірнеше тәуліктен кейін ғана жалынның беті қайтты. «Жаман айтпай, жақсы жоқ», бізде бұндай жағдай орын алса, төтеншеліктер қаншалықты дайындықта деген ой туды. Орман шарушалығы мекемесіндегі 1 дана өрт сөндіру көлігімен ұзаққа шаппайтынымыз айдан анық. Сондықтан қызыл жалынның кесірінен сақтанып, от тұтатқан жағдайда қараусыз қалдырмасақ екен. Біреуге пайдаңыз тимесе де, зияныңыз тимегені абзал.
Рамазан Бектұғанұлы