Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Карантин: Алматыда мереке күндері талапты бұзған мекемелер анықталды

Карантин: Алматыда мереке күндері талапты бұзған мекемелер анықталды

BAQ.KZ. Алматыда мониторингтік топтар 20 наурыз бен 10 мамыр аралығында жүздеген мекемені тексеріп, ҚР және қаланың бас санитарлық дәрігері белгілеген шектеулердің 795 бұзушылығын анықтады.

Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Сондай-ақ 3 320 жеке тұлғаға әкімшілік айыппұл салынды. Тексерушілер демалыс күндері де жұмысын тоқтатқан жоқ. Ойын-сауық мекемелерінің карантиндік шараларды сақтауын тексеру 7 мамырға қараған түні және дүйсенбіге дейін күшейтілді. Осы уақыт ішінде барлығы 20-дан астам бұзушылық анықталды.

Тексеру барысында полиция, әкімдік және кәсіпкерлер палатасы қызметкерлерінен тұратын мобильді топтар қоғамдық тамақтану, сауда нысандарын, компьютерлік және лото клубтарды аралады.

Мобильді топ өкілдерінің айтуынша, Алматының сауда және қоғамдық тамақтану орындарында COVID-19 бойынша эпидемияға қарсы талаптардың сақталуына мониторинг күн сайын, демалыс күндері және түнде жүргізіледі.

Мысалы 7 мамырға қараған түні Алматыда карантиндік шаралардың бұзушылықтары «В шатрах» мейрамханасында орын алған. Онда 40-қа жуық келуші болған. Сондай-ақ Алмалы ауданында 40 келуші болған «Лото клуб» жұмыс істеген. 8 мамырға қараған түні Бостандық ауданының мониторингтік тобының өкілдері «Пинта» барында бұзушылықтарды анықтады. Сол түні сол ауданда «Hazbin» түнгі клубы жұмыс істеді, онда шамамен 80 адам болды, - делінген хабарламада.

9 мамырдан 10 мамырға қараған түні қалада белгіленген шектеулердің 11 бұзушылығы анықталды. Атап айтқанда, Бостандық ауданының «Достар» мейрамханасында бұзушылықтар анықталды, эпидемиологиялық нормаларды сақтамаған ғимаратта 40-қа жуық адам болды. Сол түні Медеу ауданында 40-қа жуық келуші болған «Мята» барында кезекті рет бұзушылық орын алды.

Алматы тұрғындары мен қонақтарының бәрі бірдей карантин аясындағы шектеулерді есте сақтамайды, дәмханалар мен мейрамханаларға үлкен топтарда баруды жалғастыруда, қызметкерлер бетперде кимейді, әкімшілер өз мекемелеріне белгіленген уақыттан артық жұмыс істеуге мүмкіндік береді - осының барлығы өз кезегінде коронавирустық инфекцияны жұқтыру қаупін арттырады.

Алматы әкімдігі қала тұрғындарына осы қауіпті кезеңде үйде болуды, адамдар көп жиналатын ойын-сауық орындарына барудан бас тартуды ұсынады. Өз кезегінде мониторингтік топтардың өкілдері қала тұрғындарынан коронавирустың таралу қаупін түсініп, өз отбасыларында және қоршаған ортада аурудың көбеюіне ықпал етпеуін сұрайды. Мутацияланған британдық және оңтүстік африкалық КВИ штамдарының айналымына байланысты симптоматикалық науқастардың саны көбейіп жатыр, - деді әкімдік өкілдері.

Өткен тәулікте мегаполисте COVID-19 жұқтырудың 570 жағдайы тіркелді, оның 467-сі симптомды. Пандемиямен күресу үшін карантиндік шараларды сақтаумен қатар, КВИ вакцинациясын алу ұсынылады. Бүгінгі таңда Алматыда 214 вакцинация пункті жұмыс істейді, барлығы Алматы қаласының 250 мың тұрғыны вакцинацияланды. Ұжымдық иммунитетті қалыптастыру және пандемияға дейінгі өмірге оралу үшін мегаполис халқының 60-75% вакцинациялау қажет.
10 мамыр 2021 ж. 380 0