Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақстандық вакцина шығаратын зауытқа тағы 1,6 млрд теңге бөлінеді

Қазақстандық вакцина шығаратын зауытқа тағы 1,6 млрд теңге бөлінеді

BAQ.KZ. Парламент Мәжілісінің депутаттары республикалық бюджетке енгізілген түзетулерді мақұлдады. Соған сәйкес Жамбыл облысындағы биофармацевтикалық зауытқа қосымша қаржы бөлінеді.

Біз қосымша тағы 1,6 миллиард теңге беріп жатырмыз. Осы зауытқа кім жауапты? Көптен бері ол туралы айтып жүрміз. Ленталары қиылды, Алексей Владимирович (Алексей Цой – денсаулық сақтау министрі – ред.) PR науқанын жүргізді. Енді зауытта өнеркәсіптік өндіріс қашан басталатынын нақты айтуымыз керек қой. Кім жауапты?, - деп сұрады Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин бірінші вице-премьер Әлихан Смайыловтан.

Өз кезегінде Әлихан Смайылов Үкімет жауапты екенін айтты.
Бұл мәселемен Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов айналысады. Министрлер арасында – Білім және ғылым министрлігі. Қазір барлық техникалық жұмысты әкімдік жүргізіп жатыр, олар аяқталысымен Білім және ғылым министрлігінің балансына тапсырады, - деп жауап берді ол.

Ералы Лұқпанұлының (Тоғжанов – тілші) жолы болмағаны анық. Бүгін ол іссапарда жүр. Оның айтары да жоқ. Бірақ жауап беретін кім екенін көрсеттіңіз. Алексей Владимирович, алып-қосарыңыз бар ма? Отандық QazVac вакцинасы қашан және қандай көлемде вакцинацияланады? - деді Нығматулин.

Денсаулық сақтау министрінің айтуынша, биологиялық қауіпсіздіктің ғылыми-зерттеу институты ай сайын 50 мың доза вакцина шығарады. Әрі қарай 100 мың дозаға дейін жеткізеді. Жамбыл облысында салынып жатқан зауыт жылына 60 миллион дозаға дейін шығарады.

Әзірге өздеріңізге де түсініксіз болып отырғанын көрдік. Әлихан Асханұлы (Смайылов – тілші), үлкен өтініш, «қойшы көп болса, қой арам өледінің» кері болмасын. Бұл өте маңызды жоба. Халық, қоғам вакцинаны күтіп отыр. Қанша мәлімдеме жасалған соң, енді ұйымдастыруды қолға алыңыздар. Әлихан Асханұлы Үкіметтің жауапты екенін айтты. Үкіметте де нақты адамдар бар. Сіздер сұраған қаражат берілді. Енді тағы қосымша сұрап отырсыздар, тағы бөлініп жатыр. Бәрі өздеріңізге байланысты, уақыт жылдам өтеді де кетеді, - деді Мәжіліс төрағасы.
05 мамыр 2021 ж. 349 0