Жақсылыққа жарнама жасау қажет пе?
Кең далада дарқандықты бойына сіңіріп өскен қазақы асыл қасиеттің бірі – қайырымдылық. Басынан қандай заман өтсе де жетім мен жесірін жылатпай, мұқтажға жәрдемдесіп, жығылғанға сүйеу бола білген ұлтымызды өзгелерден ерекшелейтін де осы қасиеті. Десек те арамызда азды-көпті жасаған жақсылығын жария ететіндер бар. Көпке топырақ шашпаймыз, дегенмен «әлеуметтік әлсіз топтарға ас бердік», «көпбалалы отбасыларға немесе ардагерлерге азық-түлік себетін тараттық», «мектепке қажетті оқу құралдарын алып бердік» деп аз ғана жақсылығын «айқайлап тұрып» айтатындар кездеседі. Болмашы ғана нәрсені өз мүддесі үшін жұртшылыққа насихаттау қажет пе? Жақсылыққа жарнама жасау қаншалықты дұрыс?
Қасиетті Рамазан айы басталғалы қайырымды істің көкжиегі де кеңейе түсетіні белгілі. Мұқтаж жандарға қол ұшын беру шариғатта да үлкен сауап, пендешілік тілмен айтқанда, жұртшылықты ризашылыққа бөлейтін өте жақсы іс. Бұл туралы ата-бабаларымыз «Жанашырлыққа жан риза», «Садақа – береке кілті» деп қамқорлық көрсетуді парыз санап, игі іске шақырған. Біреуден бірдеңе дәметпей-ақ жай ғана жылы сөзге зәру болып жүрген заманда атымтай жомарттарды көргенде «Әп, бәрекелді!» дейсің. Әйтсе де осы қайырымдылықты атын шығару үшін, даңқын асыру үшін істейтіндерді көргенде қарның ашатыны да рас.
Бүгінгі таңда жақсылық жасау, қайырлы іс, көмекке зәру жандар туралы тақырып жиі қозғалады. Адамгершілікті биік ұстап, кісілікті ту етіп, жаны жаралы жанның жасын сүртіп, қолдан келген жәрдемін ұсынып жүрген жақсы жандар туралы да жиі айтылады. Одан бөлек, «тойларына пәлен миллион доллар жұмсады» дейтін жазбалардың да қатары көбеюде. Оны көрген көпшілік: «Сонша ақшаны желге шашқанша үйсіз-күйсіз қиындық көріп жүргендерге баспана алып берсе қаншама сауап алар еді, одан қалды елдің алғысын алар еді», – деген назын білдіріп жүр. Бұған басқа қырынан қарасақ, көмек күтіп дәніккендер қатары да жетіп-артылады.
Ақша билеген қазіргі заманда «адам адамға дос, бауыр» деген қағидат кейін шегініп, әр пенде қара басы үшін ештеңеден тайынбайтын, ар-ұятты жиып қойып, ақша соңынан жүретін болып барады. Осыдан-ақ қайырымдылықтың негізгі мән-мағынасы мен қамқорлық жасаудың мәдениеті, шынайылығы үлкен тақырып екені көрінеді. Қамқорлықты, істеген жақсылығын жарнамалаған дұрыс па, әлде бұрыс па, деген сауалға жауап іздеп те көрген едік. Ең әуелі пікірін білдірген кент тұрғыны Г.Байжанова:
– Қайырымдылықпен айналысқан керемет, алайда оны жасырып жасағандар – одан да ғажап! Кәріп-кәсір, жетім-жесірге жасаған қайырымдылықтың сауабы мол деп айтады. Оны жүзеге асыру әркімнің пайым-парасатына байланысты. Сонымен қатар, қайырымды адамдардың көп болғаны жақсы емес пе? Бірақ, атына сай ұялмайтындай жасаса. Ал, үндемей жүріп-ақ үлкен іс тындыратын шын қайырымды адамдар да бар. Олардың жасаған жақсылығына разы боласың, – дейді.
Расында, сауапты ісімен ел ішінде абырой биігінен көрініп жүрген жандар жетерлік. Тапқан-таянғанын көрші қолаңмен тең бөлісетін атымтай жомарттардың көбісі өзінің атын атап, түсін түстегенді де қаламайды. Бұл әрине, «Бір қолым бергенді, бір қолым білмесін» деген қазекемнің бағзыдан келе жатқан асыл қасиеті. Дегенмен, жақсылықты жарнамаласаң, қайырымды іске қарай қайырылатын адамдардың қатары да артады деген екі ұдай пікір бар. Ол турасында:
– Қаржылы адамдардың қарапайым адамдарға көмектесуіне бір мотивация қажет. Олардың жасаған жақсылығына орай жылы сөз естігісі келуі мүмкін. Немесе оның екінші бір қыры – өзге де азаматтарға ой салады. Бізде қазақта бәсекелестік бар. Мысалы, біреу 100 доллар берсе, екіншісі 200 доллар бергісі келеді. Бірінен-бірі асып түскісі келетін жағдайлар бар. Сол тұрғыдан алғанда жарнамалауда тұрған сөгеттік жоқ деп ойлаймын. Ол қайта жақсы әсер етуі мүмкін. Қайырымдылық жұмыстары қалай жасалынып жатыр, сапалық деңгейі қандай деген бөлек мәселе. Шын мәнінде көзбояушылықпен көмек көрсеткен сыңай танытып, бір адамға көмектесіп, мың адамға көмектескен секілді түр жасайтын алдамшылыққа жатпайтын әрекеттерге барып жүргендер болса, ол әрине, ұят жағдай. Қайырымдылық жасаған кезде де сауатты түрде жасау керек – деп, жеткізді ойын кәсіпкер А.Әбдіқадірова.
Сауалға жауап берген кісілердің ой-пікірлерін саралау оқырманның өз билігінде. Жақсылығын көрсету кімге қалай ұнайды, соны іске асырады. Алайда, «қайырымдылық жарнамасы» жаппай белең алып кетпесе дейміз.
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ