Бұл індет бізге үлкен жауапкершілік жүктеді
Қазақ елі, қазақ даласы әлемді жайлаған үлкен індеттің алдын алып, күресуде. Бұл мәселе мемлекет пен бұқара халықтың алдындағы басты әрі өзекті мәселеге айналды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы «COVID 19» деп аталатын бұл індетті пандемия деп жариялағаннан кейін мемлекет басшылығы елімізде төтенше жағдай режимін жариялағаны есімізде. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақ халқы ауыр кезеңдерді бастан өткерді. Бұл сынақты да ұлт болып еңсереміз» деген Үндеуі қазақ елінің рухын көтеріп, бірлікке жұмылдырғанына 1 жылдан асты.
Шартарапты шыр айналдырған пандемияның қырсығы біздің елді де айналып өтпегені белгілі. Зауал шақтың зардабы тимеген шаңырақ кемде-кем. Індет індеп, қалыпты тіршілігімізден әжептеуір айнып қалдық, қаншама шаруа тұралады. Жыл толған уақытта мемлекет жаманат індетті жамағандардың қатарын азайтуға, ахуалды тұрақтандыруға барынша күш сала жүріп, пұшайман күй кешкен халықтың әл-ауқатын да естен шығарған жоқ. Күншығыс елінен басталған бұл вируспен күресудің бір емі – вакцина. Яғни, екпе салдыру арқылы ел ішінде тараған індетті ауыздықтауға болады.
«Үйренген жау атыспаққа жақсы» дегендей, жалпы жағамыздан алған бұл жаманат індетпен қалай күресу керек екенін көпшілік түсіне бастады. Айналамыздағы адамдар бетперде тағып, арақашықтық сақтап, талап-тәртіпті ұстану, ауру жұқтырған күннің өзінде байбаламға салмай, ем-дом жасайтын дәрігерлерге жүгіну сияқты қарапайым ережелерді үнемі қаперінде ұстайды. Оның үстіне қазір бұрынғыдай емес екпе салдыруға ниеттілердің қатары да көбейіп келеді. Мұның бәрі індет таралуын шектеп, эпидемиялық ахуалдың тұрақтануына ықпал етеді. Бүгінде қатерлі індеттің жаппай таралуын төмендетудің көптеген тәсілдерінің қатарында: қолды жиі сабындап жуу, антисептиктерді пайдалану, бетперде тағу, арақашықтықты сақтау, қол беріп амандаспау және т.б. сақтану шараларымен қатар, нақты тиімдісі, аса айтарлықтай қажеттілік туындамаса сыртқа шықпай, ешқандай жиындарға бармай, отбасымен, бала-шағасымен үйде болуды аудан тұрғындарынан сұранған болар едім.
Марал Алимбекова,
Аудандық емхана психолог дәрігері
Аудандық емхана психолог дәрігері