Мұханайдың баласы
Адамдардың қадір-қасиеті жастайынан қалыптасып, есейген шағында еліне адал қызмет жасап, ел ағасы атанып, зейнеткерлікке жетіп, одан әрі жөнді қартая білу жолына түсетінін ойлағанда замандас асқар ағаларым, қутыңдаған құрдастарым, іскер інілерім көз алдымда көлбеңдейді. Былайынша, сыртынан бәріде жақсы адам көрінеді. Солай да шығар.
Дегенде, әркім өзі ұнатқан адамына жақындасып, сыйластық, аға-інілік қатынаста болады. Бір-ақ рет берілетін өмірдің қызығы да осы емес пе? Шопандар арасында «Жаман қой ісегінде қартаяды» дегенді естіп қалушы едік. Сондай-ақ малға да, жанға да жамандық ойламасақ керек. Әрбір жақсылық жамандықты жойып отыратыны да заңдылық. «Ақыны әкімін іздеген ел тозады, әкімі ақынын іздеген ел озады» дегендей ғой. Қарап отырсақ байлар тайраңдап, жайраңдап, сайраңдап жүреді. Ал, жарлырар сүмеңдеп, төмендеп, жоғын түгендеп, еңкеңдеп жүрегені. Рас па? Рас... Бұл мәселе нарық заманында айқын білініп, қоғамның құбылысына айналды.
Еңбек – әлемінің әміршісі, елшісі болып қалды. Абай атамыз айтқандай, «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» дейтін күнге де жеттік. Кеше көбіміз көшеде бір нанды бөліп жеп, мәз болып жүргенімізде, біраз азаматтар нарыққа бейімделіп, кәсібін ашып, еңбекқорлыққа бет алды. Олар жекешеленуді тез түсініп, алдарына мақсат қоя білді. Ұятсыздық жасаған жоқ, керісінше, пысықтық, алғырлық танытты. Солардың бірі – осы Қуанышбек Баймағанбетов десек, қате болмас. Қуанышбек те ерте қамданды. Өзі инженер-құрлысшы болғандықтан жылжымайтын мүлік деңгейін көтеріп, сәнді ғимараттар салып тастады. Шиелі кенті, Ыбырай Жақаев көшесі бойындағы «Мейір» қонақ үйі, А.Байтұрсынов көшесіндегі «Бота» сауда орталығы, Ш.Бәкіров көшесінің көркін келтіріп тұрған «Нұрай» мейрамханасы кентіміздің архитектурасын әйгілеп тұрған сәулет өнерінің, құрлысшы-кәсіпкер Қуанышбек Мұхамеджанұлының еңбек туындысы. Біз туасы қызғаншақ, біреудің жақсы істерін көре алмайтын іштар халыққа ұқсаймыз. Қызық, қазақпыз ғой. «Қуаныштың қолынан келер іс емес» деп, соғатындарын қайтесіз. Жұрт не десе, о десін. Қуанышбек сол Баймағанбетовтер отбасының отағасы. Бір ата «қарасары» жұртының ел ағасы атанған, сол елдің той-томалағы, өлім-жетімін атқарып жүрген қадірменді қариясы. Тектіден туған тектілік, шешендік, сабырлық, жөн-жобаны, ұлттық салт-дәстүрімізді, әдеп-ғұрпымызды саралай білетін, талғампаздық, аңғарымпаздық бойына күш-қуат беріп қойғандай. Шиелі халқы арасында ақыл-парасатымен Мұханай атанып кеткен Мұхамеджан Баймағанбетов осында 1898 жылы туған екен. Еті тірілігімен, іскерлігімен көзге түскен колхозшы Мұхамеджанды аудан басшылары комунистік партия қатарына қабылдап, 1937 жылы Оңтүстік Қазақстан өлкесінің орталығы Шымкент қаласындағы жоғарғы партия мектебіне оқуға жібереді. 1939 жылы жоғары білімді партия қызметкері М.Баймағанбетов Пақтаарал аудандық партия ұйымының екінші хатшысы қызметіне тағайындалады. Жалынды коммунист ретінде Мұхамеджан көкеміз 1940-1947 жылдар аралығында Бостандық аудандық партия комитетінің бірінші секретары қызметін абыройлы атқарады. Елімізді 1937-1938 жылдары шарпып өткен репрессия салқыны 1947 жылы Мұхамеджан Баймағанбетовті де жазықсыз жала жауып, қуғын-сүргінге салады. «Сен Бостандық ауданының Өзбекстаннан Қазақстанға өткеніне 10 жылдығын тойлап қуандық» деген желеумен 10 жылға соттап жібереді. Тек 1953 жылы И.Сталин қайтыс болғасын барып, М.Баймағанбетов ақталып шығады. Қазақтың осындай қайсар ұлдарының тауы шағылғаны қандай өкінішті. Өзге елде бірінші хатшы болу – кім болса, соның бағы болмағаны белгілі. Қиындыққа мойымаған Мұхамеджан аман-есен еліне оралып, аудандық тұтынушылар одағына қарасты «Үлгілі» сельпосы бастығының орынбасары қызметін атқарып, зейнеткерлікке шығар алдында үш жылдай Ы.Жақаев және Төңкеріс ауылдарында күріш звеносының жетекшісі болып, күріш егеді. Осылайша ауданның бірінші хатшысы болған Мұханай зейнеткерлікке шығады. Тар жол, тайғақ кешуде зайыбы Мәрияш Балжанқызы үнемі жанынан табылады. Бауырына екі қызы Жеңіскүл мен Үміткүлін алып, күйеуі Мұхамеджанды зарыға күтеді. Құдай бар екен. 27 қазан 1954 жылдың күзінде шекесі торсықтай ұлы Қуанышбек дүниеге келеді. Бұл күн Мұхамеджан мен Мәрияштың өздерін бақытты санаған шақтары болса керек. Кәсібі көкке өрлеген, нәсібі төмендеп көрмеген, маңдай терін төгіп, еңбек етіп ерлеген Мұханайдың баласы Қуанышбектің артынан қалдырған өшпес ізінің бірі – кәсіпкерлік болса, екіншісі – халық айта жүрер ауыз су мәселесі.
Тәуелсіздік алғанымызға он жылдан асса да ретке келмеген құрылымдар, жаңа салалар ашу қиындық туғызып жататын. Кент тұрғындарын, жақын маңдағы елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету – бұрын М.Жантөреев ағамыз басқаратын коммуналдық шаруашылыққа қарайтын. Мекеме жекешеленіп, «Ақбұлақ» ЖШС қыруар шығындалса да лаждап Шиелі халқына су беріп жатты. Су – тіршілік көзі. Су айдайтын скважиналар істен шығып, жаңалау үшін мол қаражат кетіп, аудан басшыларын да тығырыққа тіреген кез болатын. Осы тұста Қызылорда облыстық салынып жатқан құрылыстар дирекциясы құрылып, оны корей жігіті В.Шек басқарады. 2003 жылы аудан әкімі Е.Мұстафаев Қуанышбекті шақырып, ««Шиелі топтық су құбыры» мекемесі құрылғалы жатыр. Соны басқаруды өзіңе сеніп тапсырғалы отырмыз» – дейді. Бұл мемлекеттік бағадарламамен салына бастаған ауыз сумен қамтамасыз ететін алып құрылыстардың басталған кезі еді. Облыста жаңадан «Арал-Сарбұлақ» – Арал және Қазалы аудандарын ауыз сумен қаматамасыз ететін, «Октябрь» – Қармақшы, Жалағаш, Сырдария аудандарына су беретін және Шиелі, Жаңақорған ауданының халқына ауыз су жеткізетін «Шиелі топтық су құбыры» мекемелері ашылған болатын. Бізде құрылыс басталғанда «Арал-Сарбұлақ» пен «Октябрь» су алып жататын. Мойнына ауыр қамыт ілген Қуанышбек жігіттік тік мінезінің, алған бетінен қайтпайтындығының арқасында тәкаппар басшысы В.Шекпен текетіресіп, ақыры мақсатына жетеді. 2005 жылғы Қазақстан Президентін сайлау қарсаңында мекемені қайткенде де ашу керек болған. Не керек, 2004 жылы Қ.Баймағанбетов республикалық су комитетінің басшысы А.Рябцевтің алдында тестілеуден өтіп, аталмыш мекеменің алғашқы бастығы болып тағайындалады. Мекемеге жас су мамандары тартылып, Серік Шәкіров бас инженер қызметіне бекітіледі. Жаңақорған ауданы, «Красная звезда» ауылынан бастау алатын бас скважина 2004 жылдың аяғында Шиелі жұртшылығына таза ауыз су бере бастайды. Жаңақорған ауданы тұрғындары да мөлдір суға қарық болады. Ауданаралық мекеме болғандықтан орталығы бұрынғы ПМК-31-дің кеңсесінде орналасқан мекемеде елу-алпыс адам құлшына еңбек етіп жатты. Қуанышбектің бүгінгі қуанышы сол – өзі Бәсекелестік қорғау комитетінде қорғап шыққан мекемесі қалыпты жағдайға түсіп, Шиелі ауданын ауыз сумен толық қамтамасыз етіп, алдыңғы шептен көрініп тұруы. Иә, сусыз өмір сүру мүмкін емес. Қуаныштың артында қалдырған екінші ізі – ауыз су. Мақтануына да болады.
Бұлар қазір отбасымен кәсіпкерлер. Жұбайы Тұрдықал Әбуқызы зейнеткер-кәсіпкер, үлкен ұлы Қайрат жоғары білімді үш дипломы бар кәсіпкер. Шәкәрім көшесіндегі «Қайсар» супермаркеттің иесі. Келіншегі Айтолқын екеуі арғы беттің тұрғындарына сауда-саттықтың мәдени үлгісін көрсетіп, шынайы қызмет көрсетуде. Жеті жасынан арбаға таңылған бірінші топтағы мүгедек ұлдары, баяғы компьютерші Марат уақытысында облыс әкімі С.Нұрғисаевтің қолынан «Үлгілі кәсіпкер» номинациясын жеңіп алған ең жас кәсіпкер. Марат еңбектен қол үзбей, Шымкент университетінде информатика мамандығын алды. Ол қазір Ақтөбе қаласында тұрады. Марат қарап жатпай Ақтөбеде шығыс үлгісіндегі 500 орындық керемет тойхана салып жатыр. Жұбайы Гүлбаршын екеуі үш қыз тәрбиелеп, бақытты өмір кешуде. Қуанышбек пен Тұрдықал екі ұлдан бөлек үш қызын тұрмысқа берген, ұл-қыздарынан 15 немере сүйіп отырған бақыт құшағындағы кәсіпкер-ата, кәсіпкер-әже.
Қуанышбек жаны жайсаң жігіт ағасы, қатарластарынан жаратылысы да бөлек. Алғаш көргенде танауын көтеріп тұрғандай сезініп, іштей тыжыранып қаласың. Сәлден соң қазекемнің «Жылқы кісінескенше, адам түсініскенше» дегеніндей болып шыға келеді. Есімі Қуанышбек болғасын ба, солай туған ба, Қуаныш аңқылдап, арсалаңдап ылғида қуаныш үстінде жүреді. Жолыққан адамына құшағын айқара ашады. Көшеде асыр салып ойнап жүрген, ойында дәнемесі білінбейтін көңілді балалар секілді. Қанша үңілсеңде аржағында ештеңе жоқ. Өзіңді біреу білер, біреу білмес, енді бірі жақтырар, я жақтырмас, әңгіме онда емес. Сенің мына қоғамға сіңірген еңбегің, тосын жаңалығың, атқарған қызметің ел есінде қалса, әйтеуір, бір айтылары сөзсіз. Халық – сыншы. Халық – таразы. «Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ» дейтін де халық. Қуанышбек осының бәрін бастан кешті. Қ.Баймағанбетов 1972 жылы Қызылорда қаласында №171 Ғани Мұратбаев атындағы орта мектепті бітіріп, Шымкент қаласындағы КазХТИ (Қазақ химия-технология институтына) құрылыс факультетіне оқуға түсіп, 1979 жылы инженер-құрылысшы мамандығын алып, Шиеліде «Межколхозстрой» мекемесінде жұмысшы болып қызмет атқарып, 1980 жылы ДЭУ-532 мекемесінде мастерпрораб, бөлім бастығы қызметтерін атқарады. 1994-2004 жылдары РУ-6 мекемесі аймағындағы көмір қоймасының бастығы, 2004-2007 жылдар аралығында «Жиделі топтық су құбыры» мекемесінің басшысы, 2008-2010 жылдары «ХАҚ» мекемесінің директоры қызметтерін алға сүйрей білді. 2010 жылдан 2017 жылға дейін зейнеткерлікке шыққанша, өзінің отбасылық жеке кәсібімен айналысады. 2003 және 2012 жылдары екі дүркін аудандық мәслихат депутаты болып сайланады. 2005 жылғы Президент сайлауында аудандық Н.Назарбаев қоғамдық штабына жетекшілік етеді. Н.Назарбаевтың «Алғыс хатын» алады. Ауданның қоғамдық өміріне белсене араласады. Жағдайы төмен отбасыларға тұрақты көмек беріп, қайырымдылық шараларын жасауды үрдіске айналдырған. Пейілі кең, қолы ашық. Кешегі репрессия құрбаны болған Мұханайдың баласы Қуанышбек әкесін жерге қаратқан жоқ. Ауданда басшылық қызметтер атқарды. Ол секілді аудан басқармаса да «Би болмаса да, би түсетін үй» болды. «Бала әкеден бір елі аласа туады» деген сөз де бар емес пе? Қ.Баймағанбетов аудан көлемінде шағын және орта бизнесті дамытуда табандылық танытып, зор үлес қосты. Аудан кәсіпкерлерінің ардагері атанды. Алла Тағала оның несібесін мол етті. Ол табысын халықпен бөлісіп, оларға шат-думан сыйлап, жандарын рахатқа бөледі. Өз кәсібі арқылы Шиелі халқына риясыз қызмет етті. Алпыстан әлдеқашан асқан, жетпістің желкеніне жармасқан Қуанышбек әлі сапта. Тіршілік таусылмайды. Арадақты ардагер, белгілі кәсіпкер Қ.Баймағанбетов «Құдайға шүкір, тәубе! Барлығына шүкіршілік етемін» деп шетелдік ақ «Джипіне» аяқ салды. Сыртынан «арманы жоқ шығар» деп мен қалдым. Кім білсін? Бірақ армансыз адам көрмедім. Арман – өміршең.
Өркен Исмаил,
ҚР Журналистер одағының мүшесі
ҚР Журналистер одағының мүшесі