Аңыз бен ақиқат: Наурыз мерекесінің сыры
Күн мен түннің теңелуін қазақ елі Ұлыстың Ұлы күні деп атаған. Себебі наурыз айында Алты ай бойы қатқан тоң жібіп, мұз еріп, көк шығып, аққа қол жететін, тіршілік жаңарады. Наурыз мерекесінің қай ғасырдан басталғаны беймәлім. Алайда бізге дейінгі дәуірлерде түрлі мемлекеттер тойлағаны тарих беттерінен белгілі. Сонау ғасырлардан бері аталып келе жатқан мейрам тек қазақ ұлтына ғана тиесілі емес, Орта Азия мемлекеттерінде де мейрам ретінде саналады. Әсіресе түркі халықтарының ұлттық мересіне айналған Әз-Наурыздың шығу тарихына қатысты халық аузында жүрген бірнеше аңыздың нұсқасы бар. Наурыз мейрамының басты тағамы саналатын – көже бұл мейрамның басты ерекшелігі. Жалпы, наурыз көже тағамының қазақ салт-дәстүріне енуі тегін емес. Себебі аңыз желісіндегі көженің түп мағынасы адамдарды достыққа және бірлікке шақырады.
Ерте заманда Қазақ елін әлсін-әлсін жау шауып, ел бірде олай, бірде бұлай ауып, мал-жаны қырылып, ел басына ауыр күн туса керек. Сондай қилы да, қасіретті жылдың бірінде Наурыз атты қария елін бастап күн көріске, малға жайлы қопалы аймақты қыстайды. Құдай оңдап, сол жылы жауынгерлері майданнан жеңіспен оралып, мал-жандары қыстан аман-есен шығып, ел-жұрт мәре-сәре болады.
Наурыз қарт күнтізбе, жыл санау, аспан әлемінің жер бетіне әсер ететінін білген жылнамашы болса керек. Ол күн мен түннің теңелген, жер бетінің бусанғанын біліп, 22 наурыз күні ерте ел аралап «Бүгін ұлыстың ұлы күні. Күн мен түннің теңелген, бота боздап, қой қоздайтын қасиетті күн. Жан - жануар, өсімдіктердің өсіп өнетін, жер анадан қуат алып, ерекше күйге енетін күн. Сондықтан барлық үй той жасаңдар! Бұдан былайғы атар таң, көрер жылдарымыз бүгінгідей қуаныш мерекемен басталар болсын! Ұрпақтарымыздың көңілін қайғы-қасірет торламасын!», – деп әмір етіпті.
Сонда қарияға кемпірі күліп:
– Ау, отағасы! Еліңе қиыншылық уақытта той жаса дейсің, қыстан қысылып әрең шыққан жұрт тойды несімен жасайды?, – дейді.
Оған қарт:
– Тойдың қызығы байлық пен қарын тойдыруда емес, қайта көңіл көтеріп, рухани азық алуда. Көппен бірге көңілді отырып ішкен бір ұрттам қара су мен бір аяқ көженің нарқы есерлікпен өткен 40 күндік сауық пен 40 жыл жинаған байлықтан артық. Ал енді кемпір отырмай сенде қабыңның түбін қақ, – депті. Қаптан бір кәрі жілік пен бірнеше кесек ет шығады. Оны көрген қарт кемпіріне. «Жарайсың, кемпірім! Тұп-тура бір тойдың етін сақтапсың, дереу қазанға сал: қазанның құлағына төрт жапырақ май қой, оның біреуін піскенде өзің же, біреуін үлкен балаңа бер, біреуін күйеу балаңа бер, біреуін немереңе бер, кәрі жілікті қарияларға тарт, қалған еттерді турап көжеге салып жібер және көжеге арпа, бидай, тұз, құрт (айран, қатық) сияқты жеті түрлі дәм қосылсын. Кәрі жілік бабалар дәстүрінің жалғасы, дән өсіп-өркендеудің белгісі болсын. Су мен тұз – ұрпақтарымыздың дәм-тұзы жарасып, мәңгі тату-тәтті өмір сүруіне дәнекер болсын. Айран, қатық-айрандай ұйып, ақ көңіл, адал ниетте екендігімізді білдірсін. Ал қазан құлағына піскен төрт жапырақ-май, төрт түлігіміз сай, бай-бақуатты тұрмыс кешіуіміздің өмірлік бастамасына айналсын. Бүгінгі тағамнан үлкен-кіші, кәрі-жасы түгел дәм татсын, осы той әр жылы дәл осы күні тойлансын!» деген екен. Сөйтіп Наурыз қарттың елі қап түбінде қалған еттерін түгел қазанға салып ұлан асыр той жасап, көңілдерін көтеріпті. Ел қарияға алғысын жаудырып, той қызығын әлденеше күнге жалғастырыпты.
Келесі бір аңызда Наурыз мейрамын Нұх пайғамбардың жаратылыс иелерін судан сақтап, оларды тамақтандыру үшін жасалған көжемен байланыстырады.
Қазығұртқа Нұх Пайғамбар кемесі күн мен түн теңескен кезде тоқтапты. Бұл наурыз айының 21-нен 22-не қараған түні екен. Пайғамбар топан су апатынан аман қалғанына шүкіршілік етіп, Құдайы тамақ бермек болады. Кемедегі азық-түлікті қараса, алақандай ет, азын-аулақ құрт, бір уыс бидай мен жүгері, тары, су, бір шөкім тұз қалған екен. Нұх Пайғамбар тәуекел етіп, барлығын қазанға салып пісіреді. Тағамды әр былғаған сайын Алланың есімін айтып ұлықтайды. Сол сәтте Алла Тағала періштелерге:
– Көрдіңдер ме? Мен үшін қолындағы барын қазанға салып, ас беріп жатыр. Барып, қазанына Кәусар бұлағынан су тамызыңдар, берекемді шашыңдар, – дейді. Алла Тағаланың пəрменімен періштелер жиналып, қазанға Кəусардан су тамызып, береке шашады. Осылайша жеті түрлі дәмнен жасалған тағам берекелі асқа айналады. Жан-жануар, аң-құс жиналып, Пайғамбар қазанынан дәм татады. Су басқаннан кейін тіршіліктің бастауы болған Наурыз айында адамдарды, жануарларды, барлық тіршілік иесін тойдырған Нұх пайғамбардың бұл тағамы «Тілеу көже» немесе «Наурыз көже» деп аталып, мирас болып қалған екен деседі.
Ертеде бір қауым елдің ішінде бірлі жарлы қызғаншақ адамдар халық арасына іріткі салады екен. Еркектер өз араларында келіспеушілікке тап болып, кішілері үлкендерді тыңдамапты. Осылайша реттілік бұзылып, ел ішінде ылаң көбейе бастайды. Осы уақытта әр жерден ақсақалдар жиналып, кеңес өткізеді. Жиын Наурыз мейрамына тұспа-тұс келеді. Олар қыз-келіншектеріне ең үлкен қазанға, жиналған қауымды тамақтандыратын ас әзірлетеді. Тамақтанып болған соң, ақсақалдар арасында ең беделдісі тұрып, былай депті: «Ит екеш иттің өзі, күшік кездерінде бір анадан сүт ішіп, бір-біріне туған бауыр екендерін сезінгендіктен, өзара тістесіп, таласу дегенді білмейді. Осы мейрамда біз де бір ананың сүтін ішкендей, бір қазаннан астың дәмін таттық. Бүгіннен бастап ғасырдан-ғасырға туған бауырлардай бір-бірімізді құрметтеп, сыйлап өтейік!». Осыдан соң адамдар бұрынғы өкпе-реніштерінің барлығын ұмытып, қайтадан бірлікте және татулықта өмір сүрген және «Наурыз көжені» халық арасында «тілеу көже», «көп көже» деп атапты.
Қазақтың өзгермес салтына айналған – наурыз көже дайындау – қазақ халқының жан дүниесінің кеңдігі мен қонақжайлығын ғана емес, сонымен қатар адамдарының бірлікке, ынтымақтастыққа бағытталуын көрсетеді. Қай аңызды алып қарасаңызда ерекшелігі көжемен байланысты. Яғни қиын қыстаудан шыққан қарапайым халыққа көктем қуаныш әкелген. Айлап көріспеген халық көрісіп, «жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілетініне» сеніп амал жасаған. Бір-бірімен қауышып, дәмдес болған. Шама-шарқы жеткенше «жаңа күн» келді деп мерекелеген. Табиғат құбылысына орай бейімделген халық, біраз уақыттан бері қауышқанына риза болып, көрісу жоралғысын жасаған. Алты бақан құрып, сауықшыл жастар түрлі ойындар ойнаған.
Сонау ғасырлардан бері Наурыз мейрамының бүгінге дейін тойлануының мәні – бас қосып, бір қазаннан ас ішуінде десек қателеспегеніміз.
Ақбота БАЯНБАЙ