«Жұмабектің бажасымын»: Танысың болса бәрі шешіледі...
Елімізде полиция мен ұлттық ұлан қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңімен өсіруі басталды. Ішкі істер министірі Ерлан Тұрғынбаев мәлім еткендей алғашқы кезеңде, яғни 2021-2023 жылдары аралығында табысы төмен учаскелік инспекторлар, кіші сержанттар мен күзет қызметіндегілердің 15-35 процентке дейін айлық табысы өспек. Ал қалған қызметкерлердің жалақысы осы жылдар аралығында 30 процентке артады деп күтілуде. Жалпы айлықты көтеру полиция реформасының бір парасы. Осы арқылы саланың абыройы артуы тиіс. Тәртіп пен талап та күшейеді. Әсілінде ел болам дейтін кез келген мемлекет білім беру, медицина, армия мен полициядан ақша аямайды. Біздің үкімет те осыны басшылыққа алса керек.
Алайда ішкі істер саласының беделіне нұқсан келтіріп жататын жайттар жиі бой көрсетіп, дамуға қадам басқан жүйені аяқтан шалуда. Өткен аптада осыған тағы бір мәрте куә болдық. Бүкіл Қазақстан бір түнде Жұмабекті таныды. Оның атын шығарып, есімін елге әйгілі еткен бажасы. Сонымен естімеген жұртқа Жұмабекті таныстырып өтейік.
Түркістан облысы, Отырар ауданы әкімшілік бөлімшесінің бастығы майор Жұмабек Төлеген бір видеомен бір күннің ішінде бүкіл Қазақстанға танылған азамат. Қалай дейсіз ғой? Ол былай болды. Әлеуметтік желіде жол қозғалысы ережесін өрескел бұзған көлік жүргізушісінің видеосы тарап кеткен. Ол полицияға бағынбай, ұсталған жерінен оп-оңай кетіп қалған. Видеода көлік жүргізушінің түнгі уақытта жолдың қарсы бетіне шыққанын анық көруге болады. Ал видеоға түсіріп жатқан адам «Шәуілдір, встречка» деп қояды. Ал айналма жолға бұрылғанда дәл алдынан патрульдік полиция шығады. Бірақ көлік жүргізушісі қорықпайды. Полиция қызметкері құжат сұрағанда «Не болды? Мен Жұмабектің бажасымын. Қазір Жұмабек келеді артынан. Жұмабекке звондасай» – дейді. Алайда құқық қорғаушы бейнебақылаудың бар екенін және ешкімге қоңырау шалмайтынын айтады. Көлік жүргізуші де қайтпайды. «Әне, «083» келіп тұр, соған барсай, құжат жоқ» деп полицейлерден именбейді. Осы кезде полиция қызметкеріне бір адам жақындайды. «Ей, Жұмабек!» деген дауыс естіледі. Ал көлікте отырғандар «Шәуілдір біздікі!» деп кете береді. Ғаламторға жүктелген видео ескерусіз қалмайтыны белгілі. Ертесіне жол ережесін өрескел бұзған азаматтар табылып, кешірім сұраған бейнеролигі де жарияланды. «Жұмабектің бажасы» Лада Приора көлігін тізгіндеген Шымкент қаласының тұрғыны болып шықты. Айтуынша Шәуілдірге қонаққа келген. Білместікпен қарсы беттегі жолаққа өтіп кетіпті-міс...
«Автокөлік иесіне қатысты екі бірдей баппен әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама рәсімделді. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 596-бабының 3-бөлігі («көлікті жолдың жүру бөлігінде орналастыру, қарсы жүріп өту немесе басып озу қағидаларын бұзу») және 613-бабының 1-бөлігі («ішкі істер органдары қызметкерінің талаптарын орындамау, алкогольдік, есірткілік және масаң күйін куәландырудан өтуден жалтару») баптары қарастырылып отыр. Ал оның автокөлігі айыппұл тұрағына қойылды», - дейді құқық қорғаушылар.
Ал жол қозғалысы ережесін өрескел бұзған көлік жүргізушісін босатқаны үшін Отырар аудандық полиция бөлімінің қызметкерлеріне қатысты тексеріс басталған. Видеода аты аталған Жұмабек Отырар аудандық полиция бөлімінде жұмыс істейтін полиция майоры болып шыққан. Ол «Өз қарамағымда үш қызметкер бар. Жол сақшыларына құзіретім жүрмейді» деген. Тіпті жол ережесін бұзған тентек те оның бажасы болмай шықты. Қысқасы, негізгі кейіпкерлердің аты-жөні анықталды. Бірақ біреуінен басқа. Айтпағымыз, видеода тәртіп сақшысына Жұмабек деген біреудің келіп, жеке алып кеткені байқалады. Сонда бұл қай Жұмабек болды? Ал біздің кейіпкеріміз «оқиға орнында болмадым» дейді. Хош, әйтеуір бұл оқиға жол көлік апатына себеп болмаған екен. Әйтсе де, оқиғаға қатысы жоқ полиция майоры қызметінен босатылыпты. Демек бір кінәраты болған шығар...
Аталған бейнежазба аз уақыттың ішінде әлеуметтік желілерге тарап, түрлі пікір тудыруда. Көпшілігі «Жұмабектің бажасымын деп қорықпай жүре беріңдер» деген әзіл-шыны аралас пікір айтуда. Бұл бейне ғаламторға тарап, көптің наразылығын тудырғаннан кейін ғана тентектер тезге салынды. Ал, бірақ назардан тыс қалып жатқан құқық бұзушылықтар қаншама. Былтыр карантиннің қызған шағында көп шикіліктің басы ашылды. Блок-бекетте тұрған полиция қызметкерлерін өздерінің бұрынғы әріптесі басып өлтіріп, елді шулатты. Ақыр аяғында көлікті мас күйінде жүргізген азамат бірнеше күн бұрын қызметінен босатылған болып шықты. Блок-бекеттерде тұрған сақшылар пара алып, келесі облысқа өтуге көмектеспек болған жағдайлар да көп болды. Бұның бәрі Ішкі істер қызметінің кемшілігі көптігін көрсетті. Бұл мәселені тамырымен құртуға жалақыны өсіру аздық етеді. Қоғам болып күресіп, тамыр-таныстықтың жолын кесуіміз керек. Өзгеге келгенде жемқорлық, өзімізге келгенде жанашырлық, туыстық деген арам пиғылда болсақ, еліміз дамыған елдерден 20-30, тіпті 100 жылға артта қалады.
Рамазан Бектұрған