Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ит жүгірткен президенттер

Ит жүгірткен президенттер


Ит баптау қазақтың ертеден келе жатқан дәстүрлі аңшылық кәсібінің бір түрі. Қазақ даласында сонау ғұн дәуірінен бері кәсіп түрі болған ит жүгірту кейін келе көңіл көтеру, спорт түріне айналды. Кішкентайынан ит өсіріп, онымен ойнамаған бала жоқ шығар қазақ даласында. Тіпті мемлекет басшысы Қасым – Жомарт Тоқаевтың өзі ата-дәстүрден ажырамай ит баптаумен айналысады екен. Өмірінің басым бөлігі бізге жасырын болған мемлекет басшысының бұл қызығушылығын әлеуметтік желідегі мерекелік фотосурет арқылы байқап қалдық. Дегенмен Қасым – Жомарт Тоқаев итті ерекше жақсы көріп, серік еткен бірінші президент емес. Әлем елдерінің көптеген басшылары ит баптаумен айналысады. Соның бірсыпырасына тоқталып өтейік.
«Ит болған жақсы. Әсіресе, мемлекет басшысының иті болса екі есе жақсы. Сен туралы газет беттерінде жазады, түрлі дәмдімен тамақтандырады». Мысалға Ресей Президенті Владимир Путиннің лабрадор тұқымды, Конни Полгрейв атты итіне википедияда арнайы бет арналған екен. Онда Коннидің сүйікті тағамы мен арғы атасына дейін жазылған. Бірақ Конни өліп қалғаннан кейін, мемлекет басшысына жаңадан ит алуға тура келген. Оның екінші иті бұл бәрімізге «Хатико» фильмі арқылы танылған акита тұқымды, Юмэ атты жапондық ит. Президенттің айтуынша ол өте ақылды, бұйрықты бұлжытпай орындайды екен. Бәлкім Путинниің осы итті таңдауына «Хатико» фильмі түрткі болған шығар.
Айтпақшы, акита адамзат алғаш қолға үйреткен ит тұқымы саналады.
Ал Финляндия президенті Саули Нийнистенің иті болса, құр жатпай оған қолғабыс болып, мерекелік кештерде жәрдемдеседі екен. Мәселен жаңа жылдық кеште балаларға сыйлықтар әкеліп, мерекелік көңіл күй сыйлайды. Ағылшын ханшайымы Елизавет II-шінің хайуанаттарға деген қызығушылығы тіптен керемет. Оның үйінде тұтас бір хайуанаттар бағы бар десек те болады. Бұл қызығушылық оның бала күнінен басталған. Ханшайымға әкесі король Георг алғаш корги тұқымды ит сыйлағаннан бастап, ханшайым иттің осы түріне ерекше қызығушылық танытқан деседі.
Енді президенттікке таласқан ит жайлы айтайық! 2002 жылы Франция президенттігіне кандидаттардың арасында Сосисс (шұжық) есімді ит болған. Ол уақытта Сосисстің саяси тәжірибесі де болған. Муниципалды сайлауға қатысып, «Adal» партиясы жинамаған 4 процент дауыс жинаған екен осы ит.
АҚШ-та тарихында итке айрықша көңіл бөліп, құрмет білдірген. АҚШ-тың 33-ші президенті Гарри Трумэн «Сізге Вашингтонда адал дос керек болса, ит сатып алыңыз» деген екен. Ал Дональд Трамп Американың 150 жылдық тарихында «Ақ үйге» итсіз келген алғашқы президент болып есте қалды. Бұл таңдауын Трамп «Менің ит ұстауға уақытым жоқ. Жұртқа ұнау үшін ит сатып алғанымнан не пайда? Бұл екіжүзділік болады» деп түсіндіреді. Американың қазіргі президенті Джо Байден болса, ескі дәстүрді қайта жалғап, «Ақ үйге» ит алып келген болатын. Ол негізінен неміс овчаркаларын жақсы көреді. Тіпті сайлауалды бағдарламасында «Біреу ұлттық мысықтар күнін, енді біреу иттер күнін тойлайды. Трамп ештеңе тойламайды. Бұл көп нәрсені түсіндіреді. Ақ үйге жануарларды қайтаратын кезең келді» деп экс-президентті сынаған.
Әлем елдері президенттерінің ит ұстауы саясаттың ықпалынан ба кім білсін? Себебі ит ұстау, онымен өзге елдің басшыларын күтіп алу көптеген елдерде міндетті шара. Дегенмен біздің мемлекет басшысының ит баптауға деген қызығушылығынан саяси астарды іздеуден ауалақпыз. Себебі Қасым-Жомарт Тоқаев бұл қызығушылығын көпшілікке жариялап, көрсеткен емес. Тек журналистердің қызығушылығынан кейін ғана иттері жайлы ақпаратпен бөлісті. Екінші бір қуантарлық жай президенттің таңдауы шет елдік танымал ит тұқымдарына емес, қазақтың құмай тазысына түскенінде. Бұл арқылы мемлекет басшысы итті жеті қазынаның бір санаған қазақ халқының дәстүрін дәріптеп, жастарға үлгі көрсетіп отыр. Оның иттері жайлы қойылған сауалдарға президенттің баспасөз қызметі былай жауап берген. Мемлекет басшысы осы үй жануарларын ерекше жақсы көреді. Ол мұны біздің ұлттық қазынамыз, ұлы дала мұрасының маңызды бөлігі деп есептейді. Сондықтан осы ерекше тұқымды сақтау үшін жан-жақты күш-жігер қажет. Президент мемлекет пен жеке тұлғалар тарапынан тазының гендік қорын қолдауға бағытталған барлық талпынысты қолдайды».

Рамазан Бектұрғанұлы
13 наурыз 2021 ж. 840 0