Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Бетперде

Бетперде



Гүлдерай әдеттегідей ерте тұрып, жұмысқа дайындалды. Айна алдында асықпай бетін әрлеп болған соң қап-қара қою шашын толқындата бұйралап, бос қойды. Үстіне кешегі киімін емес, жібектен тігілген ақ көйлегін киді. Онысы жинақы бітіміне құйып қойғандай жараса қалды. Ұзын көшені бойлай жүріп, автобус аялдамасына аяңдады.
Гүлдерайдың бұнда көшіп келгеніне көп болған жоқ. Мамандығы бойынша жұмыс табылғасын ештеңеге алаңдамай осы қалаға тартып отырды. Келген беттен көрші-қолаң мен әріптестерінің көзіне бірден түсті. Ұқыпты әрленген әдемі жүзін оның күлкісі одан сайын аша түседі. Үнемі күлімсіреп, жан-жағына шуақ шашып тұрады. Бір қарағанда бақыттан басы айналып жүрген жанға ұқсайды. Алайда бұл бөтен қаладан келген бойжеткеннің күндізгі бетпердесі еді.
Гүлдерай – дәрігер. Таңертеңнен кешкі уақытқа дейін жұмыста болады. Үйге қайтуға асықпайды. Онда күтіп отырған ешкімі де жоқ. Қас қарайып, аспанды ай торлаған шақта жалғыздықпен бетпе-бет қалады. Сол сәтте күндізгі жарқыраған жүз, емен-жарқын күлкі күнмен бірге ұясына батып кеткендей сезіледі. Түні бойы төсегінде дөңбекшіп, кірпіктері айқаспай-ақ қояды. Айналаны қою қараңғылық басса болды, өткен өмірі ойына орала кетеді. Ойламайын десе де еріксіз тұңғиыққа жетелейді. Қарап отырса, бала болып еркелеп, бойжеткен болып наздануды білмепті. Әкесі Асқар өмірден өткенде үш жастағы сәби көп нәрсені сезе қоймапты. Еміс-еміс есінде қалғаны анасының түн батса, көп жылайтыны. Бұл мектеп табалдырығын аттаған жылы анасы Ажар бір азаматтың етегінен ұстады. Өмірбек Гүлдерайға өгейлік көрсетпеді, бауырына басты. «Қызым» деп елжіреген жанға бұның да бүйрегі бұрып тұрады. Анасының да жүзіне күлкі үйріліп, шуағы кетуге сәл-ақ қалған шаңыраққа жылылық ұялады. Тағдыр дегенді қойсаңшы! Бір айналдырғанды, Құдай шыр айналдырады деуші ме еді. Бақытты балалық небәрі үш жылға созылды. Туғанындай болған әкесі де бұларды тастап, мәңгілік мекеніне аттанды. Ауыр науқасқа шалдыққан екен. Қазаға қайыр айтып келген жандар сыпсыңдап осыны айтып жатты.
Екі бірдей ер-азаматтың басын жұтқан бейбақ атанған Ажар бұл қайғыдан кейін бойын тіктей алмады. Еңсесі түсіп, езіле берді. Кәрі ағаштай мүжіліп, қу сүйегі қалды. Онсыз да қайғыдан қан жұтқан келіншекке ағайын-туыстың тарапынан айтылған ауыр сөздер жығылғанға жұдырық болып тиді. Шыдас бермей, сынып кетті. «Бір балалы жесірді алды» деп Өмірбекке өкпелеп, бұларға өшігіп жүрген енесі Күлән ауыл-аймаққа: «Баламның басын жұтты, қарабет» деп жаман атын жайды. Бұдан кейін бұл ауылда тұрудың мәні кеткенін сезіп, жалғызын жетектеп анасының үйіне келді. Қайран ана жалғызын өзекке тепсін бе, қанатының астына алды. «Маңдайы ашылмаған қарғам-ау, тағдырдың ісіне шара бар ма! Мына жалғызыңды ойла, жабырқаған жаныңа жалау болатын осы ғана. Есіңді жи» деп қызын маңдайынан сүйді. Тірі адам тіршілігін істейді Ажар сыныптас құрбысы Перузаны сағалап, жұмыс істеуге алыс қалаға кетті. Гүлдерай әжесінің қасында қалып, мектептегі оқуын жалғастырды. Ажар жалақысын алған сайын ауылға ақша жіберіп тұрады. Бес-алты айда бір келеді. Бас-аяғы он күндей болып, қайта кетеді. Соңғы келгенінде анасы: «Қызым, сабағыңды жақсы оқы. Мектеп бітірген соң сені де, әжеңді де қасыма алып кетемін. Әжең ауладағы қарт кісілермен шүйіркелеседі, сен жоғары оқу орнына түсесің. Бізді өскенде асырайтын боласың» деп күлімсіреп, қолын қысқанда, Гүлдерай анасының арықтап кеткенін, маңдайынан сүйгенде демінің де бәсеңсіп қалғанын аңғарды. Қолдары ап-арық, тамырлары білеуленіп тұр. Жүзі де солыңқы. Іштей анамның жұмысы ауыр екен ғой деп топшылады. Өз-өзіне: «Анашым, мен өскенде дәрігер атанамын. Әжем де, сіз де ешқашан ауырмайтын боласыздар» деп уәде берді. Қазіргідей қалта телефонының жоқ кезі, анасы мен қызы сағынышқа толы хат жазысады.
Уақыт зымырап өте берді. Гүлдерай биыл мектеп бітіреді. Сыныбындағы үздіктердің бірі. Күндіз-түні жатпай-тұрмай сынаққа дайындалып жүрген бойжеткеннің басына қара бұлт тағы үйрілді. Әкесі жоқ тек жетімді, тағдыр анасы жоқ тұл жетім атандырды. Өкпесіне қатты суық тигізіп алған Ажар ауруды жеңе алмапты. Басқа түссе, баспақшыл. Бұған да көндігуге тура келді. Жалғыз әжесін қимаса да, ана арманына қиянат қыла алмады. Жоғары оқу орындарының біріне барып, дәрігер мамандығын алуды мақсат етті. Оқуға қабылданған күні егіліп жылады. Кеудеге толған өксігі жанардан жас болып тоқтаусыз ақты. «Әттең анам осы күнді көргенде» деп кеудесі қарс айырылды. Өзегін өртеген өкінішті сыртқа шығарып, бір босаңсып қалды. Жатақханада бірге жататын құрбысы Шолпан бұған таңырқай қарады. Қуаныштың көз жасына ұқсамайды. Алайда артық сұрақ қоюға батылы бармады.
Гүлдерай бар ынта-жігерін оқуға арнады. «Мықты дәрігер болып, балалардың анасынан айырылып қалмауына себепші боламын» деп алға мақсат қойды. Бесінші курсқа қадам басқан жылы нағашы әжесі өмірден озды. Бұл қайғыны да қасқайып тұрып қарсы алды. Осы жолы кең дүниеде жалғыз қалғанын анық сезді. Қайсар қыз кеудесін тіктеп, алға ұмтыла берді.
Бірге оқитын курстастары Гүлдерайдың бұл тағдырынан бейхабар. Бойжеткен айтуды жөн санамаған. Біреудің өзіне аяушылық сезіммен қарағанын құп көрмейді.
Ботадай көзі мөп-мөлдір, талдырмаш келген Гүлдерайға сүйсіне қарайтын бозбалалар жетерлік. Әсіресе ұзын, қап-қара шашына қызықпайтын жан жоқ. Қанша көз қадалғанмен бойжеткеннің жүрегіне жақын бір ғана жігіт бар. Ол өзінің топтасы – Әділет. Әділеттің де қызға көңілі жоқ емес. Дегенмен сабақтан өзгемен ісі жоқ бойжеткенге сезімін білдіру қиынға соққан. Оқудың соңғы курсында бар батылдығын жинап, Гүлдерайға сырын айтты. Екі жас бір-бірін түсініп, жұптары жазылмас қыз бен жігітке айналды.
Гүлдерай сенбі күні Әділетті өздері жиі баратын саябаққа шақырды. Сүйіктісіне жан сырын жайып салды. Қаршадай қыздың тағдыры мұншалықты қатал болады деп ойламаса керек, Әділеттің де жанарына жас үйірілді. Әдемі жүзін жас жуған аруды жұбатуға сөз таппай қиналды. Бірақ бұл оқиға олардың ортасына сызат түсірмеді. Бірнеше жылдық еңбектің жемісін көрер сәт те жетті. Жас мамандар қолдарына дипломын алып, туған өлкелеріне қимай қоштасып жатты. Әділет пен Гүлдерай отбасын құрып, осында қалуды шешті. Ата-анасына сүйінші хабарды айтуға кеткен Әділет екі күн өткенде Гүлдерайға қоңырау шалды. Дауысы солғын, хал-жағдай сұрасып, енді ғана әңгіме басталып жатқан еді. Телефонның арғы жағынан: «Жалғыз ұлыма жетім қыз алып берер жайым жоқ. Қу жетімді қалай келін етпекпін, ел-жұрт не айтады? Тірі тұрғанда табалдырығымнан аттатпаймын» деген ашулы үн естілді. Байланыс үзіліп кетті. Әділет телефонды жауып үлгергенше Гүлдерай еститін сөзін тыңдап алды. Одан кейін жігіт қанша қоңырау соқса да, бойжеткен телефон тұтқасын көтермеді.Ертеңіне асығыс жиналып, пойызға отырып, әжесінің ауылын бетке алды.
Интернет арқылы резюмесін бірнеше жерге жолдады. Көп күттірмей, жас дәрігерге жұмыс табыла кетті. Артына қарайлайтын несі бар, өмірінде көрмеген өңірге қарай билет алды. Бұл жаққа табаны тигеніне де үш ай болыпты. Ой шырмауында жатып, ұйықтап кетіпті. Таңертеңгісін оятқыштың шырылынан әрең тұрды.
Тағы бір таң атты. Әне-міне күн ұясынан шығады. Гүлдерай да сұлу жүзімен күлімсіреуді жалғастырады. Ішіне бүккен сырын біреу біліп қоярдай езуін жимайды. Айна алдына қарап, жүзіне ұзақ үңілді. Күндізгі бетпердесін киіп алатын алдамшы бейнесіне қарап, іштей толқып кетті.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
21 ақпан 2021 ж. 208 0