Суайттықтың сазайы
Еңбек және соғыс ардагері, шежіреші, марқұм Өмірзақ Ахметов аудандағы құйма құлақ ақсақалдардың бірі емес бірегейі еді. Ол кісі ел мен жер тарихы, батырлар мен билер туралы, адамдық пен адалдық жайындағы тағылымдарды көп білетін.
Бір жолы көпшілік жиналған дастарқан басында Өмекең күлімсірей тіл қатып: «Шырақтарым, азамат – ісімен көрікті. Сондықтан жақсы қасиетті бойға сіңіріп, жамандықтан қашық жүрген мақұл. Осы орайда сендерге бұрынғылардан естігенімді жеткізейін», – деп төмендегі әпсананы бабын келтіре баян еткені бар.
Ертеде аядай ауылда бірінен-бірі өткен, өтірік айтқанда табаны жерге тимейтін төрт даласуан суайт болыпты. Олар өмірінше жұмыс істемеген, ондайға қабілетсіз жандар екен. Тек қолдарынан келетіні – адам сенгісіз әңгімелердің майын тамызып, сұлқитып жеткізуге дағдыланған. Бірде сол маңайға ат арбалы саудагер аялдайды. Жол жүруден шаршамайтын кәсіп иесі үстіне қымбат киімдер киген, ажар-көркі келген жан еді. Ауылдың шетіне келіп тоқтаған оған сұқтана қараған төрт сужықбас есебін тауып, қымбат киімдерін алдап-арбап алғылары келіп, жолаушыға мынандай ұсыныс айтады.
– Біз былайша келісейік. Саған әрқайсысымыз өмірдегі басымыздан өткен таңғажайып оқиғаны баяндап берейік. Егер кімде-кім есіткен ісінің растығы мен шындығына шүбәланса, ол сөз сабақтап отырған адамның құлы болуы тиіс, – дейді төртеуі бірдей.
Саудагер бұған көнеді, ешнәрсені білмейтін түр танытады. Пиғылы бұзықтар бізге аңқау, әумесерді Құдай айдап әкеліп, қолға түсірді. Көп ұзамай бағалы киімдері мен бұйымдарын алып, өзін құл қыламыз деп біріне-бірі қарап, мұртынан күліп, алақандарына түкіреді. Бірақ даласуандар бейтаныстың да өтірікті шындай, шынды Құдай ұрғандай етіп, жұлқындырып айта білетін ерен жүйрік екенін аңғармады. Сондықтан да олар өздері айтатын әңгіменің шындықпен үш қайнаса сорпасы қосылмайтын, таңғаларлықтай шығатындығына күмәнсіз сенеді. Істің ақырында несібесін жолдан тапқан кәсіпкердің құлына айналатынын ойларына да алмады.
Сонымен төрт суайттың біреусі ауылдың белгілі ақсақалын орталарына ертіп келеді. Оны бұларға төрелік айтуға көндіреді. Осыдан соң алғашқы даласуан былайша сөз бастайды:
– Мен әлі анамның құрсағында жатқан кезімде, шешем қара өрікке жерік болып, әкеме үйдің қасындағы бақтан жұлып алып бер, – деп өтінеді.
Алайда әкем шешеме: «Мұндай биік ағашқа шыға алмаймын», – деді. Сосын ағама айтып көріп еді, ол да бұл тілекті орындай алмайтынын білдірді. Анамның қатты жабырқағанын сездім де төзіп тұра алмай, оның құрсағынан қарғып шығып, ағаштың басына құстай ұшып барып отырдым. Қара өрікті үзіп алып күртеме орадым да ас үйге әкеліп қойып, түк білмегендей қайтадан құрсаққа кіріп жата кеттім. Ас үйге бұның қайдан келгенін ешкім сезген жоқ. Бірақ анамның құмарының қанғанын білемін. Мұнан көп өрік ауысып қалды. Шешем үй ішіне, көршілерге уыстап үлестіріп берді. Тіпті таусылар емес. Сосын есіктің алдына шығарды. Өріктің тау болып үйілгендігі сондай, сырттан қарағанда есік ашылмайды және көрінбейді.
Бірінші даласуан көкейіндегісін ақтарып «Мұным қалай?» дегендей қасындағыларға қарады. Жолаушы растығына шын сенгендей бас изеп, ықылас білдірді. Қалған үш даласуан да жұмыр бастарын шұлғыды. Кезек екінші суайтқа келді. Ол:
– Дүниеге келе сала бір аптадан кейін орманда серуендедім. Қыдырып жүріп, жемісі балбырап пісіп тұрған Тамарина ағашын көрдім. Аштықтан жүрегім үзіліп бара жатқасын ұшар басына ырғып шықтым да, шырынды жемісті жей бердім. Әбден тойғандықтан ішім мен сыртымның өскендігі сондай салмағым ауырлап, қайтып түсе алмадым. Көзім қарауытып бара жатқанын тез байқадым да ауылға барып, баспалдақ әкеліп, сонымен аман-есен жерге әзер дегенде түстім-ау, – деп тоқтады.
Айтарын бітірген екінші суайт, қателеспесем нысанаға дәл тигізген шығармын дегендей тыңдаушыға көзінің астымен қарады. Жолаушы да нанамын деген ишарат жасап, басын иді. Қалған даласуандар да иектерін үсті-үстіне қағысты. Отырыс жалғасып, үшінші суайтқа кезек келгенде судырай жөнеліп:
– Бір жасымда адам айтса нанғысыз керемет оқиғаны бастан кешірдім. Бұтаның арасында қоян жасырынып жатыр екен деп жаймен жүріп сонда жақындадым. Келсем қоян дегенімнің жолбарыс екенін көрдім. Мені жұтып жіберетіндей тісін ақсита, аузын арандай ашты. «Оған мұныңыз әдепсіздік, себебі сізді емес, қоянды іздеп жүрмін» дедім. Бірақ менің жалбарынып айтқаныма азулы жыртқыш көніп, жіби қоймады. Қайта арандай ашылған аузы бірте-бірте маған жақындай берді.
Сол кезде менің де қатты ашуым келіп, ыңғайыма келген жолбарысты сол қолыммен ұстап алдым да, үстіңгі жақ сүйегін қапсыра қосып, сілке тартып жібердім. Бажайлап қарасам, сендерге өтірік, маған шын жолбарыс ортасынан қақ бөлініпті. Ұзамай жан тапсырды, – деген үшінші суайт көкірегіндегісін тәмамдады. Жолаушы бұрынғы қалпымен ешбір қарсы пікір білдірмей, мақұлдады. Анау үшеуі де иланды. Ендігі кезек те, үміт те төртінші суайтта қалды.
– Өткен жылы, – деп бастады соңғы даласуан. – Мен қайық тауып балық аулауға шықтым. Қанша әрекет жасасам да су маржанының бірде-бірін ұстай алмадым. Өзімнен басқалардың жағдайын байқап көрсем, оларға да ешнәрсе ілінбепті. Мұның мәнісін білейін және оным зиян да болмас деп айдынға сүңгідім. Үш күн дегенде өзеннің түбіне әрең жеттім-ау. Барсам көлемі таудай бірдеме жатып алып, сол маңдағы тірі жәндіктің барлығын жылан жалағандай жалмап жұта береді екен. Қаным қайнап кетті де, жұдырығыммен бір қойып, әлгі алапат наһанның жанын жаһаннамға жібердім. Сосын аузымнан суым шұбырып, тәбетім ашылды. Сол жерде дереу отты жағып жіберіп, етін қуырып, сүйек-саяғына дейін қалдырмай, сыпырып-сиырып соғып алдым. Осылайша ғұмырымда бүйірімді бір шығарып, аман-есен судың бетіне шығып, қайығыма келдім, – деп төртінші суайт та айтарын бітірді. Жолаушы бұған да «нандым» дегендей сыңай танытты. Қалғандары да солай істеді. Бұлардан кейін жолаушы өз кезегімен көңіл түкпіріндегісін сыртқа шығарды.
– Осыдан бірнеше жыл бұрын менің шағын ғана мақта өсіретін плантациям болған. Әдепкі жылы онда бұрын-соңды жолықпаған үлкен бір ағаш өсті. Әйтсе де оған иә бұтақ, иә жапырақ шықпады. Бірақ сол күйінде қатып қалған жоқ, кейін оның әр қайсысында бір-бір қауызы бар төрт бұтақ көктей бастады. Пісті-ау деген кезде ашып қарасам, бір-бір балапан ұшып шықты. Солар менің ағашымда өсіп-өнгеннен кейін әрине менің құлым болуға және плантациямда жұмыс істеуге тиіс. Бірақ тым жалқаулықтарына байланысты қашып кетті. Шөптің басын сындыруды білмейтін құлдарымды іздеп, бармаған жерім, баспаған тауым қалмады. Ұзақ жыл сенделіп, ақыры міне, тауып алдым. Жолаушы сілтідей тынған жігіттерге көз қиығымен қарап шықты да: «Әрине өздерің де жобалап отырған шығарсыңдар. Достарым, шертілген сыр сендер туралы өрбіп отыр. Менің ізіме еріп, плантацияма барып еңбек етесіңдер!» – деді.
Мынаны естігенде төрт даласуанның еңсесі түсіп кетеді. Не істеу керек екенін білмейді. Айтылғанға нанайын десе, жолаушының баяғыда қашып кеткен құлына айналады. Өйтпеген жағдайда басында келісілген шартты өздері көрер көзге бұзғалы тұр. Қалай қашса да бұлардың құлдық қамытынан құтылатын түрі жоқ. Бағанағы төрелік жасауға шақырылған қария олардың мына айтылған уәжге нанатынын, не нанбайтынын үш рет қайталап сұрады. Мойындарына су құйылып, тілі байланып тұрған даласуан – суайттар нақты жауап бермеді. Ақыры төреші қарт жолаушылаған саудагердің жеңгенін салтанатпен хабарлады. Жолаушының ақылы асқан, кемеңгер адам-тын. Ол сүмірейіп тұрған суайттарға қарап:
– Мен сендерге бостандық беремін, – деді. – Дегенмен өздеріңе ғибрат болу үшін киімдеріңді шешіп аламын да, жалаңаш жіберемін.
Даласуандар: «А, Құдай құлдық!» деп жолаушының айтқанына қарсылық көрсетпеді. Ал жолаушы болса оны-мұнысын жинап алып, жөніне кете барды. Суайттар киімдерінен айырылып, жалаңаш күйінде жапан далада отырып қалады.
Сахи ҚАПАР