Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Бір күн жарықтың қадірін білейік

Бір күн жарықтың қадірін білейік

Өзіне тән салт-дәстүрді санадан да,өмірден де өшірмеген,түпкі төркінін берік ұстаған халықтың бірден-бірі біз. Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан, ар-намысын таптатпай, қанмен келген асыл қасиетті кірлетпей адалдық пен шындықтың туын аспандатқан халықпыз деп айтсақта жаңылмас едік. Бірлігіміздің, елдігіміздің қалай сақталып қалғанын қазіргі қоғамымызда өсіп келе жатқан жеткіншектеріміздің санасына жеткізу аға буынның міндеті. Еркіндікке жету жолындағы ерлікпен қоса өткен күндерде халықтың тұрмысын, әдет-ғұрпын, әр заманның өр намыс­ты азаматтары мен даналық пен даралықтың құдығынан су ішкен тек отбасының емес бүкіл әулеттің, бір қауым елдің абыройын ойлаған аналарымыздың өмірін алға тарта насихаттап отырсақ оның ықпалының тимей қалмауы мүмкін емес.
Кешегі кеңес кезеңінде дінді іштей мойындасақта ашық уағыздай алмадық. Қиындығы мол жылдарда болды. Бірақ ел елдігін ешқашан жоғалтқан жоқ. Ең бас­тысы еңбек етудің барлық түрін бастан кешірдік. Көктем келе жастар жайлауға қой төлдетуге, қырқымға көмекке баратынбыз. Одан қалды, ауыл көшелерін, мектеп, мекеме аулаларына ағаш егу яғни көгалдандыру жұмысына кірісетінбіз. Үш ай демалысқа шыға сала шөп ору, кесек құю, жүгері, күріш дақылдарын арам шөптен тазарту, күз болса күріш ору, масақ теру, шөп жинаудан бос уақытымыз болмайтын. Сонда дала қостарында аналарымыз нанды жауып, шайды қайнатып, барлығымыздың бабымызды табатын. Айдалада күндіз бораған шаңның астында ыстық күнде күрішті де егіп, тамақты да пісіретін. Сонда да олардың басындағы ақ жаулығын, үстіндегі ұзын етек көйлегін кір шалмайтын. Үлкендерге иіліп сәлемін салып, бригадир қайнаға, шопыр бала, сары бала, күлімкөз қайын сіңілім деп ат қойғаны жарасымын тауып тұрушы еді.
Атадан балаға жалғасып келе жатқан әдет-ғұрыптан қалған ізеттер жоқ емес. Сол озық дәстүрлеріміздің бірі той, ас құдайыларда бастарына ақ орамалдарын тағып, келген кісілерге, үлкендердің табағына иіле сәлем беріп, баталарын алып жатқан келіндерді көріп бір жақсы дәстүріміздің жастарымыздың арасында белең алғанына риза боласың. Бірде бір әдемі келіншек иіліп сәлем салды. Танымадымғ бірақ білгім келді. Кімнің келінісің балам деп қалдым. Не дер екен деген де ой болды. Үндемей күлді. Айта алмай әдеп сақтап тұрғанын білдім. Сәл кідіріп айтсам айып емес пе апа деді, басымды изедім. Жай ғана Сәбішпайдың келінімін деді. Сол сәтте ойыма аналарымыздың ауылдағы қайын-қайнағаларына Шайық дейтін әкемізді Майық қайнаға дейтін, Асанбайды Масанбай қайнаға, Әуезді Сәуез қайнаға, Әбішпайды Сәбішпай қайнаға деп ыңғайсыздау болса да бір әріпін бұрып айтқанының астарында құрметтің лебі білініп тұратыны есімі түсті. Сол кісілердің сарқытын ішкен сексеннен, тоқсаннан асқан ел аналары Дүйсенкүл Әбдібекова, Патшагүл Қуандықова, Биғанша Нысанбаева, Наужан Бегайдаровалардан көрген жақсы әдеттерін өмірде орындап жүрген келіндер, жаңағы жас келін Әбішпай әкеміздің үлкен ұлы Мұхтардың кемпірі, қазір тоқсанға толған Үміткүл жеңгемізден алған тәрбиесі екенін көріп түсіндім.
Ал қазір қайын аға, қайын апа дегенді көпшілігі қалай атап жүр. Мысалы, Қайнағасы Серік болса оны Серік аға, Берік болса Берік аға, Айым болса Айым әпке, Сәнім болса Сәнім әпке деп шақырады. Үндемей басыңды шұлғығаннан басқа амал жоқ.
Мемлекетіміздің қамқорлығы күн санап қанатын жайып келеді. Еліміздің де, отбасымыздың да, балаларымыздың әкесі де ер азаматтар. Әуелі Алла ықылым заманнан елді, жерді, ұрпақты сақтап қалуда ер азаматтарымыздың қаншама қаны төгілді. Әр заманның өз ерлері бар. Қазіргі заманның атпал азама­ттарының қамқор­лығын дәстүрімізді сақтай, дұрыс қабылдай отырып әйелдер қауымының қолдауы көптеген жетістіктерге жетуге әкеледі. Сондай -ақ ерлер мен қатар қызмет жасап жүрген әйел аналарымыз баршылық.
Кешегі Шырынкүл, Зәкира, Ұлбала, Жадыралардың ізін қуып жүрген көп жылдар мектеп басқарған Бақыт ­Жанаева, Гүлжан Жәукебаева, Мәрия Ақынова, комсомол, партия қызметкері Нәзира Парманқұлова, ауылдық кеңес әкімдері Ұлмекен Назарбекова, Қазима Дүрімбетова, Гаухар Құлмырзаева, Әтіркүл Шорабаевалар екі ғасырдың бейнеті мен зейнетін көрген ұлағатты жандар. Жас қыз-келіндеріміз көз алдымызда жүрген осы зиялы қауым өкілдерінен ғибрат ала отырса. Қазір әлеуметтік желінің өршіп тұрган кезі. Әлеуметтік желінің дұрысынан бұрысы көбейіп барады. Ұялы телефонды меңгергендер өздерін керемет сауаттымын деп есептейтін сияқты. Бірінің намысына бірі тиетін сөздер айту, азаматтарды негізсіз айыптау, жалған ақпараттар таратып жұрттың назарын аудару деген үдеп барады.
Кісіден зәбір көрсең құқығыңды заңмен қорға. Тұрмыс тауқыметі ауырласа мұныменде айналысып отырған мекемелер бар. Әрине халықтың тұрмысы бірдей емес.Әлемде жеті миллиардтан астам халықтың тең жартысы кедейшілік күйін кешуде. Бізде де бар. Бірақ ашаршылықтың уын татып жатқан төрт баласының біреуін сатқысы келген Босния елінің жағдайынан құдай сақтасын. Біртіндеп жағдай жақсарып келеді, жақсара да береді. Қандайда бір жетістіктерге жетіп жатсақ бірін анам, бірін қарындасым, бірін қызым деп жолымыздың жіңішкелігіне қарамастан қолдау көрсетіп, қатарларына алып, биіктен көрінуімізге себеп болған азаматтарға айтар алғыс мол. Десек те бес саусақ бірдей емес, ылғи қыз-келіншектерге ескерте бергеннен көрі біздің кейбір азаматтарымыздың көп нәрсеге жеңіл-желпі қарайтындарын жасырмағанымыз жөн. Ішкілікке берілу, жұрт анау деді, мынау деді деп билікке кінә арту, отбасындағы өз орнын сақтай алмай бала шағаларын әбіржіткендер де кездеседі. Амал жоқ әйелдері белді буып балалары үшін қолдарын отқа да, шоққа да салып жүргендер де жеткілікті. Еркек – әйелдің бас иесі, баланың әкесі отбасының қорғаны. Отбасындағы тыныш тіршілік ортақ. Оған үлкен жауапкершілік, дұрыс басшылық керек. Өйткені әке кеменің капитаны іспеттес. Сыйласа білсең, өзің де сыйлы боласың. Бірліктің тұтқасын мықтап ұстаған үйде береке болады. «Ері сыйлы үйде, ел сыйлы» деген сөз осындайдан қалса керек. Халық дана «байлық деген мұз еріп кетеді, бақыт деген құс ұшып кетеді» дүниенің қызығы біз бен сіз деген тәмсіл бар. Мынау адамзатқа берілген қысқа ғұмырда бір-біріміздің көңілімізге тимей атадан қалаған салт-дәстүрді өшірмей, сыртымыздан пәлен-түген демей, сіз-бізіміз, шыж-быжымыз үзілмей жас­тарымыз үлкендерді беттен алмай, жаман әдеттерден аулақ болғанымыз абзал. Әлемді жайлаған үндемей келген індеттен қанша қимастарымыздан айырылып қан жұтқан күндерімізді ұмытпайық, аман саулығымызды тілейік.
Ата-бабаларымыздың салып кеткен сара жолын лайламай, саналы да салиқалы ұрпақ өсіруде қателеспеуге бір-бірімізге құрметпен қарай жүріп, «Мың күн ұшпақтан бір күн жарық» деген қағиданы, қанымыз, тіліміз, дініміз таза мұсылмандығымызды естен шығармай, бір күн жарықтың қадірін білейік.

Айжамал Әбдіхамитқызы,
Алғабас ауылы

29 қаңтар 2021 ж. 338 0