Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Бөдене баққан, береке тапқан

Бөдене баққан, береке тапқан

Адамзатқа тура жолда жүріп, кәсіп қылмақ үшін қандай бағыттың тиімділігі туралы айтылғанда, хакім Абай қарекет қылмақ, жүгірмек керектігін жеткізді. Иә, еселі бақытын еңбектен тапқан жандардың бұл қоғамнан алатын орны да ерекше. Барлық саланы ұршықша иіретін епті адамы болады. Бірнеше жылдан бері мемлекет тарапынан көрсеткен қолдаудан қанаттанған кәсіпкерлерді ауылдық жерден оңай табасыз. Соңғы жылдары елдегі шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауға жасалған мүмкіндікті пайдаланушылар қатары көбейді. Солардың бірі Бала би ауылының тұрғыны Баян Алданазарова
Бүгінде табыс табуға әрбір адамның құлшынысы артып-ақ тұр. Бұл ретте «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының шарапатын сезініп, игілігін көріп отырған кәсіпкерлер қатары артқан. Бала би ауылының басым көпшілігі мал шаруашылығын кәсіп көзіне айналдырғандар. Жылдың төрт мезгілінде де тырбанып тіршілік жасаудан еш танған емес.Бүгінгі кейіпкеріміз соның бір дәлелі, бөдене құс шаруашылығын қолға алып, санын арттыруды жолға қойған.
«Бастысы тәуекел еткен ісіңді ыждағаттылықпен атқарып, жан-тәніңмен сүю керек. Сонда ғана мақсатың жүзеге асады» деген кейіпкердің сөзінен ісіне тиянақтылық пен ұқыптылық аңғарылады. Өткен жылдың наурыз айында Баян Алданазарова «Бастау бизнес» бағдарламасы бойынша 530000 мың теңге қайтарымсыз грантқа қол жеткізген. Бұл алынған қаражатқа арнайы 50 бөдене, 20 үйрек алдырып, өз кәсібін дөңгелетіп, санын арттырып отыр. Алға қойған мақсаты айтарлықтай орындалып, құс санын көбейтіп келеді. Ол бөденеден бөлек, инкубатор аппараттарын алған. Алдағы көктемде балапан шығаруға толықтай кірісетінін тілге тиек етті. Жалпы, бөдене құсы суық жерде жұмыртқаламайды. Оған тұрақты 16-18 градус жылы температура қажет. Күтімді де көп қажет етеді. Әсіресе қыс мезгілінде йодталған су беріп, күнде 3-4 рет жем беріп отыру керек. Сонда ғана күніне жұмыртқаны туады. Күніне 20-25-дан алатынын айта өтті. Бөдене етінің адам ағзасына пайдасы ұшан теңіз. Жұмыртқасының емі ертеден белгілі. Бөдене жұмыртқасын тұрақты түрде тұтынатын науқас қатерлі ісіктен айығып, ас қорыту жүйесін жақсарады. Қан қысымын қалыпқа келтіріп, бас ауру мен буын ауруының жазылуына көмектеседі. Осы бір жұдырықтай құстың пайдалы тұстарын тізбектей берсек тауса алмаймыз. Асырап баққан адамның шаңырағына бақыт, байлық, денсаулық әкеледі деген сенім де жоқ емес. Бұл құстың дене тұрқы 16-20 см. Тағы ерекешелігі 16 сағат сайын жұмыртқалайды. «Жұмыртқасын пайдалана бастағалы денсаулығым жақсарып жатыр. Қазіргі уақытта отбасымызбен тұтынамыз. Аллаға шүкір, балаларымның денсаулығы жақсарып келеді» – дейді бөдене өсіруші Баян Алданазарова.
Шынашақтай ғана құстың жұмыртқасы дәруменге бай екенін осыдан-ақ аңғаруға болады.

Шапағат Шағдатұлы
22 қаңтар 2021 ж. 570 0