Жер бетінде 6 миллиард артық адам бар
Биылғы жылдың 7 қаңтардағы көрсеткіші бойынша, дәл қазір Жер шарында 7 830 458 560адам өмір сүреді. Шыны керек, біздің ел үшін демографияны көтеру басты мәселелердің бірі болып саналады. «Кең-байтақ жеріміз бар, енді соған сай мемлекетіміздің экономикасы мен ұлттық қауіпсіздікті арттыру үшін халық санын көбейту керек деген» ұрандарды күнде теледидардан естіп жүрген қарапайым тұрғындар «демография – жақсы нәрсе» дегенді ғана біледі. Демография деген тек байлық пен сәттілік қана әкелетін сияқты…
Бірақ табиғаттың тепе-теңдігі бұзылғанда қандай қорқынышты жағдайға тап болатынымызды ойлап жүрміз бе?
Бір кездері мұхиттар балықтарға, ормандар мен жазықтар жабайы аңдарға толы болатын. 1900 жылдан бері қарай Гаскон шығанағындағы киттердің, Солтүстік теңіздегі тунецтердің, қасқырлардың, аюлардың, сілеусіндердің, сусарлардың, өзендердегі бекіре балықтардың, құндыздардың, айқұлақтардың, батпақтағы тасбақалардың, таудағы бүркіт пен лашындардың көзін жоюмен келеміз. Ертеректе белгілі бір түрлердің жоғалуына ғасырлар қажет болатын, ал қазір жыл сайын бір түрдің түбіне жететін болдық.
Көбейіп жатқанымыз сонша, Жер-Ананың барлық ресурстарына қауіп төндіріп отырмыз. Қазір өзендерден ақса, өлі су ағады. Ал даламыз футбол алаңына ұқсайды.
7,8 миллиард адам біздің кішкентай планетамыз үшін тым көп.
Адам – өз баласын дүниеге әкелерде «ертеңгі күні ішетін асы бола ма, болмай ма дегенді» ойлана бермейтін тіршілік иесі. Адам – бір-бірінің етін жемейтін, сондықтан шексіздікке дейін көбея беретін жалғыз түр. Адам өзін ең нашар жағдайда да көбейте береді. Бүгінгі күннің ең басты проблемасы – ғаламдық жылыну болса, осыған жеткізген ең басты себеп те – 7,8 миллиард адам. Өйткені, бәрімізге үй, көлік, киім керек. Ал автомобильдерден шығатын газдар, зауыттың түтіндері, үйлердің жылу жүйелері Жердегі жағдайымызды қаншалықты қиындатып жатқанына бас қатырғымыз келмейді. Егер Жер бетінде 1800 жылдағыдай бір миллиард тұрғын болса, автомобильдер, фабрикалар мен үйлер, парниктік газдар жеті есе аз болар еді.
Біздің миымыз «кешкі асқа не жейтініміз бен банктегі кредитімізді» ғана ойлаумен шектеліп қалған. Ал БАҚ-та ормандардың шамадан тыс қырқылуы, мұздықтардың еруі және көптеген түрлердің жойылып кетуі туралы ғана әңгіме қозғалатыны қызық, өйткені соның бәрінің басты себебі – Жерде адам санының артық екенін ешкім айтпайды.
https://qadam.asia/