Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » БIРЕУДIҢ АЖАЛЫ ОТТАН, АЛ БIРЕУДIКI... МАШИНАДАН

БIРЕУДIҢ АЖАЛЫ ОТТАН, АЛ БIРЕУДIКI... МАШИНАДАН

Шаңқай түс. Қап-қара «Волга» ойдым-ойдым көшемен зулап келедi. Ары-берi ағылып жатқан жүргiншiлердi көзiне де iлер емес. Жол полициясы қызметкерiнiң ысқырығына пысқырмады да. Қарақұрым машиналардың ара-арасымен жүйткiген күйi көзден ғайып болды.
«Тоқта, жолдас!
Бұзба көше тәртібін.
Өткізе алмай
Өміріңнің артығын
Жүрсің бе сен!
Қалай-қалай басасың?
Тоқта! Байқа! Ойла...
Қаталасасың!»
– деп басталатын атақты өлеңiн қазақтың көрнектi ақыны Қасым Аманжолов осындай оспадар жүргiзушiлерге арнаған шығар-ау. Осы шумақтарды үлкен әрiптермен жазып, көшелердiң қиылысына көрнектi етiп iлiп қойса да артықтық етпес едi.
Есiме қазақтың бiртуар ұлы, Кенес Одағының халық әртiсi, ұлттық кино өнерiмiздiң негiзiн салушы Шәкен Аймановтың қайғылы қазасы түстi. Өткен ғасырдың 1968-1969 жылдары Мәскеуде тапа-тал түсте автомобиль апатына ұшыраған едi-ау. Талантты тарланбоздың iшiнде қаншама тамаша ой-арманы кеттi десеңiзшi? Осындай оқыста ойшылдарымыздан айырыла берсек не болды?
Қазақстанның халық әртiсi, Мемлекеттiк сыйлықтың лауреаты Мүлiк Сүртiбаевтың ажалы да машинадан болды. Кезектi дайындықтан үйiне қайтып бара жатқанда, театрдың нақ алдында жүйткiген машинаның бiрi жаншып өте берген. Қандай өкiнiштi!
Жуырда ғана Алматының көшесiнде он жасар балақайды жеңiл машина басып, жүргiзушiсiнiң қашып кеткенi жайлы ақпарат құралдары ашына хабарлады. Қылмысын жасырып жүрген жүргiзушiлердiң саны соңғы бiр айдың өзiнде онға жетiптi.
Қасым ақын жырлаған 1950 жылдары Қазақстанда машиналар жүздеп саналса, қазiр тек Алматының өзiнде 500 мыңның үстінде автокөлiк бар (әрине нақты сан емес). Бұрын олардың рөлiнде алты ай оқып, арнайы куәлiк алған атпал азаматтар отырса, түркiмен жорғаларындай бүлкiлдеген, орындықтары былқылдаған небiр супер автокөлiктердi буыны бекiп, бұғанасы қатпаған бозбалалар, тұлымы жалбыраған бойжеткендер, сарықарын келiншектер мәнiсiн бiлмесе де майыстырып мiнiп жүр қазiр. Олар – алты ай емес, бiр айлық жылдам курсты бiтiргендер. Алты күн де оқымай куәлiктi сатып алатындар да жоқ емес.
Бұрындары жол ережесiн бұзған жүргiзушiнiң ескерту талонына оны тесу арқылы белгi соғылатын. Осы жағдай үш рет қайталанса, көлiк жүргiзу куәлiгi өзiнен-өзi күшiн жояды. Қайта емтихан тапсыруға мәжбүр болатын. Соңғы уақытта ақшалай айып салу етек алды. Олар көп жағдайда автоинспектордың қалтасына түсетiнi де құпия емес. Осындай әумесерлiк жол ережесiнiн бұзылуына, авто апаттардың көбеюiне, кiсi өлiмiнiң жиiлеуiне және жол ережесiн бiлмейтiн жүргiзушiлердiң қатары молаюына бiрден-бiр себеп болып отырған сияқты.
Демек, жүргiзушiлердi де кiнәсiз дей алмаймыз. Көбiсi жолда жүру ережелерiнен мүлдем бейхабар. Нұсқау белгiлерi мен бағдаршамдарға қарамайды да. Мектептер мен балалар мекемелерiнде мемлекеттiк автоинспекция қызметкерлерi оқта-текте болса да бой көрсетiп, жолда жүру ережелерiн бүлдiршiндерге түсiндiретiн, қауiптен сақтандыратын. Бұл iсте де қазiр жүйе жоқ.
Кеңес өкiметi құрылған алғашқы күндердiң өзiнде-ақ жас мемлекетте саусақпен санарлықтай автокөлiк болғанына қарамастан, жолда жүру ережесi туралы декрет қабылданғаны тарихтан белгiлi. Бiз дербес мемлекетпiз. Тiптi, қос палаталы парламентiмiз де бар. Жылына жүздеп заң қабылдаған парламентiмiзге осы тұрғыда заман талабына сай келетiн арнайы құжат қабылдауға не кедергi келтiрiп отыр? Адам тағдыры – мемлекеттiң де тағдыры.
Алысты айтпағанның өзiнде, Балтық бойындағы елдерде әрбiр мұғалiм соңғы сабақтың 10-15 минутын оқушыларға көшеде жүру тәртiбiн үйретуге арнайды екен. Мектептiң күнделiктi дәстүрiне айналған осы бiр ғана көрiнiстен жас ұрпаққа деген мемлекеттiк шынайы қамқорлықты айқын аңғаруға болғандай.
Ұрпақ амандығы үшін пайдалы осы дәстүрді біздің мектептерге және балабақшаларға неге енгізбеске? Жасыратыны жоқ, жолда жүру ережесін, оқушылар тұрмақ ересектер де біле бермейді. Ал жеңіл автокөлік көлік жүргізушілердің жағдайы жоғарыдағыдай.
Жас кезде әке-шешемiз «Аспаннан бiр жұлдыз ағып түссе, бiр адам дүниеден өткенi. Ондайда «жұлдыз жоғары деңдер» деп үйрететiн. Сол «жұлдыздар» жерге түскен секiлдi маған. Тағы да бiр жеңiл машина жұлдызша ағып барады. Тағы да кiмнiң ажалына тап келер екен деп жүрегiм суылдап қараймын.

Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ,
«Қазақстанның құрметті журналисі» және «Шиелі ауданының құрметті азаматы» төсбелгілерінің,
халықаралық«Михаил Шолохов» алтын
медалінің иегері.
15 қаңтар 2021 ж. 340 0