Қазақстанда жемқорларды түрмеден мерзімінен бұрын босатуға тыйым салынды
Жемқорлар үшін шартты түрде мерзімінен бұрын босатуды қолдануға тыйым салынды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында қылмыстық процесте азаматтардың құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша заңға енгізілген жаңалықтар туралы айтып берді.
"Ауыр және аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін сотталған адамдарға шартты түрде мерзімінен бұрын босатуды қолдануға тыйым салынды", - деді Олжас Бектенов.
Ол қандай жағдайларда тыйым қолданылмайтынын түсіндірді:
- бірінші – мұндай қылмыстарды әлеуметтік осал азаматтардың жекелеген санаттарының жасауы (бұл – жүкті, жас балалары бар әйелдер, жас балаларын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған еркектер, 58 және одан жоғары жастағы әйелдер, 63 және одан жоғары жастағы ерлер, бірінші және екінші топтағы мүгедектер);
- екіншісі – ынтымақтастық туралы процестік келісімнің барлық шарттарын орындаған сотталғандарға қатысты.
Бектенов атап өткендей, залал толық өтелген және жазаны өтеу кезеңінде жазалар болмаған кезде азаматтардың аталған санаттары жазаның белгілі бір мерзімін іс жүзінде өтегеннен кейін шартты түрде мерзімінен бұрын босатылуы мүмкін.
"Егер бұрын қолданылған нормалар бойынша жоғарыда аталған азаматтардың әлеуметтік осал санаттары ауыр сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін жаза мерзімінің кемінде үштен бірін өтеп, шартты түрде мерзімінен бұрын босатуды талап ете алса, енді оны алу үшін олар жаза мерзімінің кемінде жартысын өтеуі қажет. Тиісінше, аса ауыр сыбайлас жемқорлық құрамдары бойынша шартты түрде мерзімінен бұрын босатуды қолдану үшін сотталған тұлға тағайындалған жаза мерзімінің кемінде үштен екісін өтеуге тиіс, ал бұрын бұл мерзім белгіленген мерзімнің кемінде жартысын құраған болатын", - деді Олжас Бектенов.
Яғни, сыбайлас жемқорлық үшін, тіпті әлеуметтік осал санаттарға да жауапкершілік заңмен күшейтілді.
Ынтымақтастық туралы процестік келісімнің барлық шарттарын орындаған тұлғаларға Заңмен шартты түрде мерзімінен бұрын босатуды қолдану тек екі негізде жасалуы мүмкін:
1) саралау белгісі болған жағдайда – қылмыстық топта қылмыс жасау (ҰҚТ);
2) сыбайлас жемқорлық қылмыстардың аса ауыр құрамы бойынша (ҚК сәйкес – ҚК-нің 366-бабының 4-бөлігі және 367-бабының 4-бөлігі бойынша пара алу мен берудің екі құрамы, сондай-ақ ҚК-нің 450-бабының 3-ші және 4-бөліктері, 452-бабы 4-бөлігі бойынша әскери қылмыстардың үш құрамы).
Анықтама үшін: ҚПК нормалары бойынша процестік келісімнің екі түрі бар:
1) кінәні мойындау туралы мәміле түрінде;
2) ынтымақтастық туралы келісім түрінде.