Сырдың сыйы
Тәуелсіздік жылдары өмірге келген біздің буын бұл күнге оп-оңай жетпегенімізді жақсы біледі. Арғы тарихты ауызға алмағанның өзінде намысы жаншылып, қайғы уын жұтқан қаймана жұрттың көкірегіндегі шемен шерін, көңілде көлгіген мұң наласын сілкіндірген Желтоқсан жаңғырығы баршамыздың санымызда сайрап тұратындығы тағы бар. Иә, еліміздің тәуелсіздікке қол жеткізгеніне де 30 жыл толды бүгін. Бұл қастерлі дата саяси және әлеуметтік-экономикалық даму тұрғысынан түбегейлі өзгерістер әкелгені дәлелдеуді тіпті қажет етпейді. Егемендігіміз еңсесін тіктеген сайын ел аумақтарының да ажары ашыла түсті. Соның бірі – киелі Шиелі өлкесі.
Тәуелсіздіктің тұғырын нықтауда еселі еңбек етіп жатқан Шиелі жұрты өңірдің дамуына ғана емес, тұтас еліміздің саяси-экономикалық, рухани-әлеуметтік өркендеуіне салмақты үлес қосуда. Бүгінде халық саны 83 мыңға жеткен аймақ экономикалық белсенділікті өсіру үшін отандық өнеркәсіптің барлық саласына сүбелі үлес қосуда. Оның ішінде ауыл шаруашылығының үлесі республика бойынша көш басына шықты десек, шындықтан шалғай кетпейміз. Себебі судың тапшылығына қарамастан биыл Сыр елінде күріш өндіру көлемі өткен жылмен салыстырғанда 15 мың тонна артық жиналыпты. Гектарына 61,8 центнер өнім алынып, 550 мың тоннадан астам күріш қамбаға құйылған. Иә, еткен еңбек пен маңдай тердің өтеуі ретінде ырыс пен бақ ұялап, табыс еселенді. Диқанның орған егінінің көлемі артып, жайлау төсіндегі төрт түліктің саны көбейді. Дерек бойынша, қазір ауданда ірі қара мал басы 65 370-ке жеткен. Ал уақ мал – 98 203, түйе – 1505, жылқы – 18 537, құс – 37 754 басты құрап отыр. Бұл бұрнағы көрсеткіштерге қарағанда айтарлықтай өскен. Сонымен қатар экономиканы әртараптандыру арқылы өңірде жаңа өнім түрі өндіріліп, экспортқа шығатын тауарлар көбейді. Жалпы алғанда әлемнің 17 еліне ауыл шаруашылығы өнімдерінің 11 түрі экспортталады. Әлемді әлекке салған пандемияға қарамастан сыртқы нарыққа өнім өндіру 12 процентке көбейген. Оның 98-і қайта өңделген өнім.

Еңбек өнімділігі мен нақты табысқа негізделген жұмыс нәтижелі болатыны анық. Мұның бір көрінісін аймақтағы тұрғын үй құрылысының қарқынынан бағамдауға болады. Облыста 30 мыңнан астам азамат мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алу үшін өз кезегін күтуде. Оның 1241-і Шиелі ауданы бойынша. Тұрғындарды баспанамен қамту «Нұрлы жер», «7-20-25», «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатыр. Биыл аймақта сатып алу құқығынсыз жалға берілетін 20 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Оның 15-і облыс орталығында, қалған 5-еуі Шиелі ауданында. Жыл аяғына дейін 15 баспаны ел игілігіне беру көзделіп отыр. Ал кредиттік тұрғын үйлер бойынша 755 пәтерді құрайтын 68 тұрғын үйдің құрылысы қарқын алған.
Қазақстанның мемлекет ретінде іргесі бекіген жылдардан бері кенттің келбеті ажарланып, тұрғындардың әлеуметтік жағдайы да жыл сайын жақсарып келеді. Мысалы, ауданға табиғи газ желісі тартылуын ғасыр оқиғасына балауға болатындай. Жалпы бүгінгі күні аудан бойынша 6 мыңнан астам тұрғын үй мен 244 мекеме көгілдір отынға қосылған. Мұнымен қоса табиғи газға қол жеткізгісі келген Ы.Жақаев пен Бидайкөл елді мекендерінде қажетті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ал әзірге Ы.Жақаевта 260, Бидайкөлде 210 тұрғын үй көгілдір отынның игілігін көріп үлгерді. Айта кеткен жөн, біздің облыс елдегі газдың қоры мол өңірлер қатарында.
Айтпақшы, тәуелсіздік кезеңінде аймақта тұрғын үй құрылысымен қатар көпір салу ісі де қарқын алғанын айтпай кету әділетсіздік болар еді. Соның нәтижесінде «Шиелі-20 бекет» аралығындағы 2945 шақырымдағы теміржолдың үстінен көпір салынуда. Бұл көпірдің құрылысы осы жылы маусымда басталған болатын. Сметалық құны 644 млн 820 мың теңге тұратын жобаны «Стандарт Ойл» мекемесі жеңіп алған болатын. Бүгінде онда 70-80-ге жуық адам еңбек етеді. Оның 40-ы жұмыспен қамту орталығынан қамтылған. Көріп жүргендеріңіздей көпір құрылысы аяқталуға таяу. Мамандардың айтуынша, көпір жыл соңында тұрғындарға тарту етілмек.
Қорытындылай келе, облыста 2023 жылға дейінгі «Экономикалық даму картасы» әзірленгенін айта кетейік. Оның аясында экономиканың түрлі салаларында 271 млрд теңгені құрайтын 265 жоба іске асырылмақ. Бұл өз кезегінде 4600 тұрақты жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Ал биыл 6 млрд теңгені құрайтын 110 жоба жүзеге асуда. Нәтижесінде 2 мың азамат жұмыспен қамтылған.
Сұлушаш МАДИЯРОВА