Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ӘЙЕЛМЕН ӘЛЕМ ӘДЕМІ

ӘЙЕЛМЕН ӘЛЕМ ӘДЕМІ

Өткен аптада облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының, аймақтың белсенді әйелдерінен құрылған «Бойтұмар ханым» қоғамдық ұйымының, Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығы облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Еңбегі жанған арулар» атты әйелдер форумы өтті.
Достық үйінде болған салтанатты шараға «Қоғамдық келісім» КММ-нің директоры Азамат Мукеев, облыстық «Аналар кеңесінің» төрайымы Нұрсәуле Мұсаева, Аналар кеңесінің мүшесі, «Бойтұмар Ханым» қоғамдық қорының төрайымы Рахима Ахметова, облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Манат Алмашева, облыстық Ассамблея жұмысын жетілдіруде елеулі үлесі бар белсенді қыз-келіншектер, әр салада еңбек етіп жүрген нәзік жандар, аудан орталықтарынан келген аналар, «Берекелі шаңырақ» отбасылық байқауының жеңімпаздары және БАҚ өкілдері қатысты.
Форум барысында еңбегімен елді нұрландырып жүрген нәзік жандарға, аудан орталықтарынан келген іскер әйелдер мен ақ жаулықты аналарға сый-құрмет көрсетіліп, түрлі номинациялармен марапатталды. Олардың арасында Шиелі аудандық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары – Бақтыгүл Мұсағалиева да бар. Өз ісінің майталманы, білікті басшы, кешегі ел ішінде дерт дендеген қиын-қыстау сәттерде бар күш-жігерін сарп етіп, аяғынан тік тұрып қызмет еткен ақ халатты абзал жанға «Денсаулық қорғаушысы» номинациясы берілді.
– Әйел – әркезде де барлық істің ұйытқысы, жанұяның жылуы, отбасының берекесі. Мына күрделі күндер көп болып тұрған уақытта аналар барлық күш-жігерін жанұяларының жылуын сақтауға, балаларының алаңсыз күліп, бақытты болуларына арнап жатыр. Форумға қатысушылардың арасында үйде бала тәрбиесімен отырған көпбалалы ана да, кітапханашы, мұғалім, газет тілшісі мен дәрігер де, бір сөзбен айтқанда қазақтың қарапайым әйелдері бар. Форум нәтижесінде әр әйелдің өзін осы қоғам үшін маңызды адам ретінде сезініп, өзі де осы елімізде болып жатқан қандай да бір жаңалықтарға, жақсы өзгерістерге үлесін қоса алатындарына көз жеткізіп, өз-өзіне деген сенімі арта түсті десем артық болмас. «Әр қуанған күнің – бір бақыт» дейді ғой. Жиында аудандардан барған барлық ақ жаулықты аналар еңбектерінің еленіп, осындай бір жанды тербететін сый-құрметке ие болғандарына шын бақытты болды. Форумды ұйымдастырушылар – қоғамнан өз орындарын тапқан, айтқан сөздерімен, бөліскен ойларымен, берген ақыл-кеңестерімен жүрек төрінен орын алған облысымыздың ең белсенді азаматшалары. Форумға барғандарды қарсы алу, Достық үйінің безендірілуі, жүргізу кезіндегі үйлесімділік, ұйымдастырушылардың жүйелі, жарасымды жұмысы іс-шараның өте жоғары деңгейін көрсетіп тұрды. Форумның ресми бөлімінен кейін ұйымдастырушылар мен қатысушылар қазақтың ата салтымен ақ бауырсақты дастархан басына жиналып, еркін, ашық сұхбаттасты. «Аналар кеңесінің» мүшесі, «Бойтұмар Ханым» қоғамдық қорының төрайымы Рахима Ахметова қазіргі қоғамдағы әйелдің алатын орнын, халықтың әлеуметтік жағдайларын зерттеуде, елдегі болып жатқан кейбір жаңа бағдарламалар мен реформаларды дұрыс қабылдаудың маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ әйелдерге аналық мейірімдерін, даналықтарын пайдалана отыра өскелең ұрпақтың дұрыс тәлім-тәрбие алуына, олардағы патриоттық сезімін, бір-біріне деген бауырмалдық қасиеттерін дамытуға ықпал ету жолдарын көрсетті.
Рахима апайдың сөзімен айтқанда Форумға қатысқан әрбір әйел өміріне тың көзқараспен қарап, рухани шыңдалып, «қанаттанып» қайтты, – дейді жиыннан алған әсерімен бөліскен Бақтыгүл Сағидуллақызы.
Елімізде карантин кезінде тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген әйелдер мен балалардың саны артқанын ресми мәліметтер растап отыр. Бір ғана Қызылорданың өзінде қосағынан зәбір көрген 200-ден аса әйел дағдарыс орталығына жүгініпті. Ешкімге білдірмей күйзелістің жетегінде күйбеңдеп жүрген ауыл әйелдері қаншама. Одан бөлек соңғы кездері орынсыз дау шығарып, арыз жазамын деп қорқыту арқылы оңай олжаға кенелуді әдетке айналдырған нәзік жандар да көбейді. Осындай келеңсіз жайттардың алдын алып, әйел-ананың қоғамдағы рөлі, міндеті мен құқықтарын түсіндіретін, қазақ әйелінің ұяңдығы мен инабаттылығын насихаттайтын бір орта қажет-ақ. Бұл тұрғыда бас дәрігердің орынбасары Б.Мұсағалиева да өз ойымен бөлісті.
– Менің ойымша, біздің ауданда да әйелдерге рух беріп, қолдап, қиын кезде ақыл қосып, күйзелуден, жаман ой, теріс жолға түсуден қорғай алатын көңілі ақ, жаны терең дана аналар жеткілікті.
Дәрігер болғандықтан жұмыс барысында әйелдердің басына түскен қиындықтарының, отбасылық зорлық-зомбылықтың, тағдыр ауыртпашылықтарының куәсі болып қаламыз. Жан-жақты қыспақты көрген кейбір нәзік жандардың басына түскен істі көтере алмай өмірден түңіліп жатқандарын да көреміз. Осындай сіңлілерімізге дер кезінде қолдау беру, сүрінгенде демеу, әйелдердің, отбасының мәселелерін шешуге көмек беру, барлық аудан әйелдерінің басын біріктіріп жұмыс жасау мақсатында аудан әкімдігі шешімімен аудандық әйелдер кеңесі қайта жұмысын жаңғыртып жатқанын естіп қатты қуандым. Әйел-ана үшін балаларының денсаулығы, отбасының амандығы, шаңырағының берекесі, дастарқанының тоқтығы бәрінен маңызды. Әйелдің жаны тыныш болса, әлем тыныш. Елдегі саяси ахуалдың тұрақты болуына да әйелдің ықпалы зор. Сондықтан ауданымыздағы аналарға мықты денсаулық, отбасына амандық, молшылық пен береке тілей отыра, оларды ауызбіршілікке, бір-бірімізге деген түсіністікке, сыйластыққа, ер-азаматтарымызға қолдау көрсетуге, балаларымызға қорған болуға, ел ішінің бейбітшілігі мен тұрақтылығын сақтауға себеп болуға шақырамын, – дейді.
Тақырыпқа арқау болған форумның да басты мақсаты әйелдердің қоғамдағы орнын айшықтау, олардың отбасына, балалары мен жарына, өз ортасына қаншалықты қажеттілігін түсіндіру болатын.
Иә, әйелмен әлем әдемі. Қашан да аналардың құшағы гүлге, жүрегі перзенттерінің махаббатына бөленіп, көңілдері қуаныш арнасынан асып төгіліп жатса игі. Отбасында отағасының, бала-шағасының жағдайын жасап, айналасына жарасымды сыйластық, қоғамға құт-береке орнатуды ғана ойлайтын аналар артқанда бейбітшілігіміз бая­нды бола түсері анық.

Гүлхан ЯХИЯ


13 желтоқсан 2020 ж. 602 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (9258)

26 қараша 2024 ж.

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930