Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Киізді неге кәдеге жаратпаймыз?

Киізді неге кәдеге жаратпаймыз?

Ұлттық құндылық, ұлттық дәстүр, рухани болмыс кез келген мемлекет үшін маңызды. Сондықтан қандай мемлекет болсын ең бірінші өзінің ұлттық болмысын қалыптастыруға тырысады. Қазақ елі де ұлттық құндылықты ұйыған айрандай сақтап қалғандардың қатарында. Тіпті Елбасы осыдан үш жыл бұрын «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында рухани болмысқа аса мән беріп, еліміздің қадым заманнан бері сақталып келе жатқан салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптарын одан әрмен қарай дәріптеу керегін нықтап айтты.
Әсіресе, ұлттық болмыстың орны айрықша екенін Тұңғыш Президенттің «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай. Бірақ ұлттық кодымды сақтаймын деп бойындағы жақсы мен жаманның бәрін, яки болашаққа сенімді нығайтып, алға бастайтын қасиеттерді де, кежегесі кері тартып тұратын, аяқтан шалатын әдеттерді де ұлттық сананың аясында сүрлеп қоюға болмайтыны айдан анық. Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет» деген сөзінен аңғаруға болады. Жалпы рухани болмыс дегеніміз – бір халықты өзге жұрттан ажыратып, танытатын және сол халықтың әлем қауымдастығы алдында басқаға ұқсамайтын таным-түсінігі мен бітім-болмысы. Бұл болмыс белгілі бір ұлттың ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін тіпті мінез-құлқы мен арман-мұратын толық қамтиды. Бір сөзбен айтқанда ұлттық болмыс – халықтың тұтастығы мен ауызбіршілігін сақтап тұрған кілт.
Иә, қазақ елі – салт-дәстүрге бай халық. Сәйкесінше сол дәстүрдің барлығы біздің болмысымызды айқындайды. Алайда қадым заманнан бері қазақпен бірге жасасып келе жатқан дәстүрлердің ішінде заман ағымына ілесіп, қолданыстан шығып қалғандары да жоқ емес. Тіпті кейбір қолөнер бұйымдарын да қазір кездестіре алмайсыз. Солардың бірі – киіз басу өнері. Бұрында киіз басуға ауылдың бала-шағасынан бастап, ақ жаулық таққан әжелеріне дейін атсалысатыны барлығымызға мәлім. Тек қыз-келіншектер ғана емес, ер кісілер де көмектесіп, ауыл іші азан-қазан болатын. Ерлер жағы су қайнатса, келіндер үлкен қазанға тамақ пісіріп, апа-әжелер өлең айтып, киізге көтеріңкі көңіл-күймен ою-өрнек салатын. Осылай ұйысып, ұйымдасып істеген тірліктің арқасында бүтіндей бір ауылдың ауызбіршілігі мен татулығы сақталатын. Міне, дәл осы киіз басу өнері біздің болмысымызды нақтылап, жер шарындағы басқа мемлекеттерден ерекшелендіретін. Өкініштісі, қазір біз қолда барда алтынның қадіріне жете алмадық. Киіз басу дәстүріне қала халқы тұрмақ ауыл тұрғындары да үрке қарайтын кезге келдік. Тіпті текемет төселген үйді де көру қиын қазір. Өйткені жүнді тазалап, түтіп, ұршықпен жіп иіріп, киім тоқитын әжелер жоқтың қасы. Осыған қарап-ақ жаңа ғасырда киіз басу өнерінің жойылып бара жатқанын аңғаруға болады. Осының салдарынан қойшылар мен мал жүнін қырыққан ауылдықтар оны қайда жіберерін білмей, амалсыз өртеуде. Дегенмен киіз басу өнері ұмыт бола бастағанымен, оған жаңаша леп беріп, заман ағымына сай етіп түрлі киім мен бұйымдарды неге әзірлемеске? Біле білген жанға қарапайым мал жүнінің өзі пайдалы емес пе? Ал сан мәрте өңдеуден өтіп, оның үстіне тек табиғи жолмен дайындалатын киіздің пайдасының өзі бір төбе.
Бүгінгі күні әсіресе, жастар қауымының киім киісі Батыс мәдениетімен тұспа-тұс келетіні ақиқат. Жаңа ғасыр адамдары көбіне синтетикалық, химиялық қоспасы бар жеңіл өнеркәсіпті қолданады. Әлем дәрігерлері мұндай қоспасы бар киімдердің бояу құрамына – хлор, формальдегид және басқа да әртүрлі бояғыштар қосылатынын және осындай қоспалардың адам терісінен ішке еніп, өкпе жолын бітеп, астма, рак сияқты ауруларды тудыратынын айтуда. Ал жүн – қолжетімді, табиғи таза өнім. Одан жасалатын киіз күннің ыстық-суығынан қорғап, ылғал өткізбейтін, температураны бір қалыпта сақтайтын қасиетке ие. Медицина мамандары бел құяңымен ауыратын адамдарға көрпе орнына киіз төсеп жатуға кеңес береді. Сондай-ақ аяқ киімге киізден жасалған ұлтарақ салсаңыз сыз өтпейді. Ол ол ма, тіпті темір тұлпарыңызды да қыстың қытымыр аязынан аман сақтап қалуға болады. Ол үшін көлігіңіздің моторына киіз жауып қою керек. Көліктің орындықтарына да киізден жабу жапсаңыз, омыртқаға пайдасы орасан. Иә, табиғи өнімнің пайдасы тізбектей берсеңіз жетіп артылады. Сәйкесінше оның бейнеті де баршылық. Қазіргі таңда ешкім жүнді түтіп, сабап, бояп отырғысы келмейтіні шындық. Алайда ел арасында атакәсіпті қолға алып, оны ерекше бағытта жалғастырып, киізді насихаттап жүргендер бар. Солардың бірі әрі бірегейі – Қызылқайың ауылының тұрғыны Жансара Бөлегенова. Жастайынан осы өнерді жанына серік еткен, қолынан тоқымасы мен құрағы түспеген шебер иесі алуан түрлі бұйымдарды жасайды. Олардың көбі үйде қолданылатын тұрмыстық заттар. Шебер иесі метал, тері, сүйек, ағаш, тоқыма, тігін, киіз бұйымдарын дайындайды. Осылардың ішінде шетелдіктер қазақы текеметке қызығушылық танытады екен. Иә, Жансара апаның жасаған бұйымдарының арасында киізден тіккен дүниелер көздің жауын алады. Балалар ойыншығы, үйге арналған қазақы текемет, кәде-сыйлар мен пиманың барлығы тұрмысқа қажетті тауарлар. Қолөнершінің айтуынша, пимаға қыс мезгілінде тапсырыс артса, Нұр-Сұлтан, Алматы қаласының тұрғындары заманауи оюланған киізге мән беруде.
Жансара Бөлегенова – Қызылқайың ауылындағы жалғыз қолөнер бұйымдарын жасаумен айналысып отырған жан. Ол өзінің шеберлігі арқасында талай жарыста бақ сынап, бірнеше көрмеге де қатысқан. Тек осындай бірен-сараң кәсіпкерге біздің елде қолдау аз ба деп қаласыз. Қолдау дегенде ең бірінші ойымызға мемлекеттің материалдық көмегі оралатыны белгілі. Бірақ киізден киім тігіп, оны сауда орындарына шығарған кәсіпкерлерге қарапайым халықтың да демегені қажет-ақ. Ол үшін әр тұрғын кемінде бір киіз өнімін сатып алып, бір жағынан кәсіпкерге дем берсек, екінші жағынан ұлттық құндылығымызды құлдыраудан аман алып қалар едік. Сол кезде жастар ғана емес, өскелең ұрпақ та киіздің не екенін, қандай еңбекпен келетінін ұғынып, қазақ халқының қолөнерге ғана емес, рухани қазынаға да бай екенін түсінері хақ.

Маржан БОЛАТҚЫЗЫ
24 қараша 2020 ж. 848 0