Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » СЭС-ке сес кірді

СЭС-ке сес кірді

Дүниежүзіне дендеп тарап, адамзаттың дегбірін қашырған қауіпті вирус «50 жылда ел жаңа, 100 жылда қазан» деген тәмсілді еріксіз есіңе түсіреді. Яғни бұл індет әр жүз жыл сайын­ қайталанып отырған. Бірақ біздің айтпағымыз бұл емес, біз осы пандемияда жұмысы екі есеге артқан СЭС қызметкерлері мен саласы жайында әңгіменің түйінін тарқатпақпыз.
Есіңізде болса, бұрнағыда СЭС деген мекеменің сесі сұмдық болатын. Әлгі кеңес заманынан тәуелсіз елімізге аман-есен жеткен соң, атына сәл ғана өзгеріс енгені болмаса СЭС мамандары жұмысын бәз-баяғы қалпынша жалғастыра берді. Кез келген мекемеге тексеріске барып, саусағының ұшына шаң ілінсе, ондағы басшы мен қызметкердің шаңын қағып алатын бұл СЭС-тен жұрттың аяқ тартатынын жасыруға болмас. Аталған мекеменің мамандарын көре қалса, кірпіше жыйырыла қалатындар тағы да бар. Себебі дәл осы қызмет саласы болмаса мекемелер салақтыққа жол беріп, қауіпті індеттің бұрқ ете қалуы мүмкін. Мұны мойындау да керек.
Ал енді қазір СЭС қызметінде өзгерістер көп-ақ. Әрине, ықылым заманнан бәріміздің санамызда жатталып, құйылып қалған СЭС-тің жұмысын аты, заты, құрылымы мен жұмысы бір басқа мекеме жалғастырып келе жатқаны анық. Енді осы қызметтің тарихына көз жүгіртіп көрейік.
Алғаш мекеме 1930 жылы еліміздің Денсаулық сақтау министрлігінің жанынан санитарлық-эпидемиялық басқарма болып құрылады. Содан 71 жыл өткеннен кейін нақтырақ айтар болсақ, тәуелсіздік алғанымызға 10 жыл толып жатқанда бұл басқарма Санитарлық-эпидемиялық бақылау департаменті деп өзгерді. Ал 1 жылдан кейін комитет болып құрылып, Денсаулық сақтау министрлігіне қарайды. 2013 жылы Тұңғыш Президенттің Жарлығымен Тұтынушының құқығын қорғау жөніндегі агенттік боп қайта құрылады. Мейлі, аты өзгеріске ұшырағанымен, заты өзгермесе болғаны.
Жыл басталғалы бері елімізде қандай жағдай орын алғаны баршамызға аян. Бүкіл әлемді әлекке салған пандемия қазақ жеріне де жетті. Сол сәтте аты ұмытылып, қызметі көрінбей кеткен СЭС-тің абыройы арта түскендей болды. Мақаламызға айқайлата «СЭС-ке сес кірді» деп тақырып қоюымыз да бекер емес. Бұл күндері той-томалаққа шектеу қойылса да, той жасамай ­отыра алмайтын қазекем салт-дәстүрді жаңғыртып, белгіленген шектеуге байланысты кішігірім қызықшылығын тойлауда. Әр күнін тойға балайтын қазақ халқы үшін бәрін бірден шектеп қою да мүмкін емес еді. Жұқпалы дерттің сынағы тарқап, аурудан ес жиған соң есік алдына той жасаған халықтың үрейін алған СЭС қызметкерлері біршама отбасыға айыппұл салғанынан да хабардармыз. Пандемиямен қатар аждаһадай сесін көрсеткен, СЭС қызметкерлері жайлы осыдан екі жыл бұрын газетімізде бас редактор Н.Пірімбеттің «Қади әпенді қайда жүр?» деген мақаласы да жарық көрген болатын. Түріктің «Сүлеймен Сұлтан» сериалындағы Қадидың рөлі қазіргі СЭС қызметкерлерінің міндетімен бірдей-ақ. Осы Қади әпендінің қайда жүргенін білмекке бағытталған материалға жауап қата қоймаған сала мамандарын пандемия түртіп оятты ма?

Сұлушаш МАДИЯРОВА
07 қараша 2020 ж. 429 0