Кітапты бір күнде оқуға болады
Хакім Абай «Артық ғылым кітапта, ерінбе оқып көруге» демекші кітаптың қымбат қазына екенін және оны оқыған жанның рухани дүниесі толысатынын барлығымыз білеміз. Алайда қолымызды мезгілінен кеш сермеп, пайдасын біле тұра том-том туындыны парақтауға ерінеміз. Кейде күйбең тірлікпен қолымыз босамаса, кей кездері кітап сатып алуға қаржымыз жетпей қалады. Оқиын деп жатқан шығарманың қалыңдығын көріп «кеткен уақытыма тұра ма?» деп ойға қалуыңыз да ғажап емес. Осындай сан түрлі ой мен көңілдегі кірбіңді жою үшін көпшілік саммариді оқыса болады. Саммари кітапты бір күнде оқуға мүмкіндік береді. Тек тез оқу ғана емес, туындының негізгі мазмұны мен мәйегіне терең бойлай аласыз. Олай болса сынаптай сырғыған уақыт пен жарық жылдамдығымен өзгеретін заман талабына сай шыққан саммари туралы толық тарқатайық.
Көлемі кең кітаптарға саммари жасау бертінде пайда болған жоқ. Осы бағыттағы жұмыс сонау 1978 жылы АҚШ-та жүзеге асқан. Содан бері 40 жыл өтсе де аталған бизнес түрі өзектілігін жоймай керісінше, қазір көп сұранысқа ие болуда. Саммари дегеніміз – көркем шығармалардан басқа кітаптардың қысқаша мазмұны. Кейде мұны «ақылмен оқу» деп те атайды. Көркем әдебиетте бет санын көбейту үшін артық ауыз сөздің көп кездесетінін кез келген оқырман байқайды. Керексіз ақпараттың көптігі сонша, соңына жеткенше тағатыңыз таусылып, туындыны тәмамдағанша тыныштық таппайсыз. Ал саммари осындай шығармалардың «шырынын» сығып, бетіндегі «қаймағын» сүзіп, тек керекті ақпаратын ғана оқырманға ұсынады. Сол кезде 300-400 беттік кітаптың өзі 40-50 бет болып шыға келеді. Есесіне оқырман миына артық салмақ түсірмей, тек қажетті мағлұматпен сусындайды.

Әлгінде айтқанымыздай саммариге қазіргі таңда сұраныс едәуір көп. Осыған байланысты оны жасайтын халықаралық компанияның да саны артып келеді. Мәселен, швейцариялық GetAbstract компаниясының өнімі халықаралық тілде шығады. 2014 жылы нарыққа келген Blinkist неміс кампаниясы да алдыңғы қатарда. Ағылшын және орыс тілінде де саммариді қиналмай табуға болады. Ал қазақ тіліндегі саммари жеткілікті деп айтуға әлі ерте. Еліміздегі «Мазмұндама» қоғамдық қоры әлемдік туындыларға мазмұндама жасауды қолға алған. Қазіргі таңда платформада отызға тарта мазмұндама бар. Бұдан бөлек саммари түрінде мазмұндап, оқырманға ұсынып жүрген авторлардың бірі – Марфуға Шапиян. Ол «Сүйікті әйел болудың құпиясы», «Вавилондағы ең бай адам», «Таңғы уақыттың берекесі», «Сезіміміз суымасын десеңіз» және басқа да шығармалардың саммари нұсқасын жасаған.
Саммаридің қазақ қоғамында пайда болғанына көп болмаса да қоғамның көзқарасы екіге жарылып үлгерген. Бір тарап уақыт үнемдеуге, кітаптың негізгі мазмұнын түсінуге жақсы деп ойласа, екінші жақ автордың еңбегіне жасалған «ұрлық» деп топшылайды. Солардың бірі Steppe-World баспасының негізін қалаушы Раиса Сайран Қадыр. Оның айтуынша саммариді кез келген адам автордың рұқсатынсыз жаза алмайды. Бұл жөнінде «Саммари дегеніміз – шығарманың қысқартылған түрі. Оны кейде адаптация деп те атайды. Енді бірі мазмұндау, пішіндеу, жетілдіру дейді. Бірақ қалай десек те түп-төркіні – кітапты қысқартып, ондағы ойды оқырманға жылдам жеткізу. Біз мәселен, әлемнің ең мықты авторларымен жұмыс істейміз. Олардың рұқсатынсыз ешбір кітап та, саммари да басылмайды. Өйткені шығарманы жазған адамның құқығы болады. Шетелде көбіне саммарилерді тегін жасайды. Ал коммерциялық жоба ретінде шығарып, сатып, пайда табатын болса автордың рұқсатын алмастан саммари жазуға болмайды. Жазып, оны тегін таратамын десе, әңгіме бөлек. Өйткені мұндағы мақсат – пайда табу емес. «Кітапта осы жайлы айтылады» деп қысқа ғана талдауға болатын шығар. Бірақ көлемі шығарманың он процентінен асып кетсе, онда автордан рұқсат алу қажет» дейді Р.Қадыр. Ал «Мазмұндама» қоғамдық қорының негізін қалаушы Шыңғыс Мұқан «Америкада жүргенде саммари форматы туралы көп іздендім. Ол жақта кітапты оқымас бұрын көбіне қысқа-нұсқасын оқып шығады екен. Содан кейін барып өзіне нақты қажет болса ғана толық оқиды. Америка заңында саммари үшін авторлық алу шарт емес екен. Бұл кітаптарды насихаттаудың бір жолы деп саналады. Осыдан соң біздегі заң қалай екенін қарадым. Қазақстанда «Авторлық құқық туралы» заң бар. Ол жерде шолу үшін авторлық құқық міндеттелмеген» деп топшылайды.
Бір ескеретіні, көркем шығармалардан саммари жазуға келмейді. Саммаридің бағыты көбінесе психология, бизнес, тұлғалық дамуға арналады. Не десек те саммари көпшіліктің кітап оқуға деген құштарлығын арттыратын әрі қазақ тілінде бұрын соңды болмаған ағартушылық жобалардың бірі.
Маржан ҚҰРМАНҒАЛИЕВА