Атсейіс Әуесхан
Елбасы Н.Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында «Атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығы жер жүзінде Ұлы даладан тарағаны тарихтан белгілі» деп атап өткен еді. Расында, қазақ халқы жылқытану ілімімен ықылым заманнан бері айналысып келеді. Тіпті атбегілікті халқымыздың генеологиялық жадының туындысы десек артық айтқандық емес. Аталарымыз жылқы түлігін қолға үйретіп, бастықтырған ілгері заманнан бастап оны баптауға, бәйгеге қосуға әрі жауынгерлік өнерге үйретуге аса мән берген. Әрі бұл білгендерін ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырып, мұрагерлік ретінде үйреткен. Осындай жылқы түлігіне көңіл аударып, оны баптау және асылдандыру жұмыстарымен Шиелі ауданы өткен ғасырдың 80-90 жылдарынан бастап айналыса бастады. Соның арқасында аудан жүйрік бәйге аттарымен да танылды.
Алайда жылқы ұстаудың да, ат баптаудың да өзіне тән қыр-сыры болады. Осы орайда қазақтың «Ат шаба ма, бап шаба ма?» деп айтуы тегін емес. Ондағысы – жүйрік атты да баптаудың сырын білу керегін айтқан. Аттың сынын білген адам, оны баптай да алады. Ерте заманда атақты сыншылар тірі атты былай қойып, далада жатқан жылқының қу сүйегіне қарап-ақ қандай екенін дәлме-дәл тапқан. Қазақ даласында ізі қалған атбегілік өнерді қазір де жалғастырушылар бар. Солардың бірі – алғабастық Әуесхан Қыдырбаев.
Алайда жылқы ұстаудың да, ат баптаудың да өзіне тән қыр-сыры болады. Осы орайда қазақтың «Ат шаба ма, бап шаба ма?» деп айтуы тегін емес. Ондағысы – жүйрік атты да баптаудың сырын білу керегін айтқан. Аттың сынын білген адам, оны баптай да алады. Ерте заманда атақты сыншылар тірі атты былай қойып, далада жатқан жылқының қу сүйегіне қарап-ақ қандай екенін дәлме-дәл тапқан. Қазақ даласында ізі қалған атбегілік өнерді қазір де жалғастырушылар бар. Солардың бірі – алғабастық Әуесхан Қыдырбаев.
Сан жылдар бойы сыны бұзылмаған бұл өнердің қыр-сырын біліп, мән-жайына қанық болу үшін мен Алғабас ауылының тұрғыны, атақты атсейіс Әукеңнің үйіне тарттым. Ол жылқыдан әрі жерімепті. Сымбатты бір жылқыны жетектеп, олай-бұлай жүр екен. Қазақ халқының жеті қазынасының екеуі – жүйрік ат пен құмай тазы (жүйрік ит) қасында. Менен бұрын сөз алып, амандықтан соң «Ауру қалса да, әдет қалмайды» деп күліп алды. Онысы жасынан жылқы бағып, бала күнінен тайға мінуді армандаған, есейгенде арманы орындалып, 33 жыл үкіметтің жылқысын бағып, жылқы жалындағы ғұмырын бақыт санағанын еске түсіргендегісі. Түсінде атқа мінген адам өңінде арманына жеткен. Менің алдымда түсімде емес, өңімде 1975 жылғы Социалистік жарыстың жеңімпазы, 1977 жылы ауданның «Озат жылқышы» жүлдесінің иегері, осы жылы «Құрмет белгісі» орденін омырауына таққан, сондай-ақ ҚазКСР ауыл шаруашылығы Министрлігінің «Құрмет грамотасымен», басқа да медальдармен марапатталып, кеудесін алғыстар жапқан Әуесхан тұрды. Ол 1990 жылы Қазақстан бойынша ат спортынан өткен 1-ші спартакиада және 1993 жылы республикалық «Тайбурылда» жүлделі орынға ие болған. 1995 жылы ЮНЕСКО-ның қолдауымен өткен Абай Құнанбаевтың 150 жылдық мерей тойында «аламан» бәйгеден алғашқы жүлделердің бірі – шетел автокөлігін иеленген. 2003 жылы «ҚазМыс» компаниясының 80 жылдығына орай ұйымдастырылған республикалық ат жарысында «құнан» бәйгеден бас жүлдені алып, облыс намысын қорғайды. Сондай-ақ Ә.Қыдырбаев облыстық, аудандық деңгейде бірнеше дүркін чемпион атанды. Аймақта ат спортын дамытуға қосқан үлесі үшін 2017 жылғы облыс әкімінің «Құрмет» грамотасымен марапатталды. Қарапайым еңбек адамы, механизатор, әйгілі атсейіс Ә.Қыдырбаевтың ауданға, облысқа сіңірген еңбегі ұшан теңіз. Ол жайлы Қызылорда облысы Ұлттық ат спроты Федерациясының президенті Айтбай Көшербаев былай дейді «Облыста Сарықасқа, Брек, Сұңқар, Елік, Аден секілді аттардың атағы аспандап, дүйім елді дүркіретіп жүрді. Ол кезде ел көлеміндегі үлкен тойлардан бастап, ауыл-аймақтағы астарға дейін ат шаптыратын. Бәйге өтетін жерге бара қалсаң небір сейістер, сыншылар мен бапкерлер әңгіме болып жатады. Сонда шиелілік Әуесхан келді деп дүрлігіп кететін. Оның әкелген аттары жел ме, құз ба, әлде қанатының жыны бар ма, әйтеуір алдына тұяқ түсірмей, артына қара ілестірмей келіп, қанша тұлпар әкелсе, сонша бәйгенің басын сыпырып алып кететін. Әлі есімде, ол кісінің «Сұңқар» есімді аты Ұлы Абайдың 150 жылдық тойында 40 шақырымдық, 138 сәйгүлік қосылған «аламан» бәйгеден төртінші болып келіп, жеңіл автокөлік алғаны». Осы әңгіме әлі күнге аңыз болып айтылады. Мұншалықты тұлпарды жаратқан адам Сыр бойылық Әуекеңнің болғаны үшін біз де мақтанамыз.
Атсейіс аттың бабын қысқа ғана былайша суреттеп өтеді. «Ол қай кезде болса да атты көктемгі қар суында далаға қоя беріп, күздің басы тамыз айының аяқ шенінде қолға ұстап бапқа келтіру. Бәйге аты үшін сұлы жеңіл ауыздық, ол атты қазыландырмай, қара етін сақтап, қызылын сыртына тептіріп, сүйегін жақсартады. Жемді күндіз немесе мініп жүргенде бермеу керек. Жем көп берілсе, әрекет аз болса, аттың аяғына жем түсуі мүмкін. Тіпті атқа жоңышқаны көп бермейді». Міне осылайша аттың сан қилы бабы, сыры терең, суытуы жайында қажетті мәлімет береді. Мәселен, дүйім елді бір кездері тәнті еткен «Сұңқарын» «желке тұсы шүйделі, етсіз, жақ сүйегінің төменгі қырлары тік және иек астына түйіскен ері үшкір, саусақ сиятындай-ау, а? Қызыл иегі төмен, қабағының асты-үсті бірдей, танауының суағарлығы үш арналы һәм екі орамды» деп сипаттап көз алдыңа сұлу мүсінді алып келеді. Шындығында Әукең бәйгеге қосқан әртүрлі тұлпарын осылайша сынап, сыншы екендігін білдіріп отырған. Аттың бабында жоғарыдағыдай кәделерді біліп, сәйгүліктердің семіріп не ауырып қалмауын алдын ала біліп, бапкерлігін танытқан. А.Көшербаев Әуесхан жайлы ойын «Әукең жылқымен біте қайнасқан, аты аңызға айналған адам» деп түйіндепті. Бұл рас. Адамда туа бітті қасиет болады. Әукеңде сондай-ау. Ол атсейістілікті кәсіби тұрғыда меңгергенімен, қанында бар қасиет жылқыны баласындай көріп өскендігі арқасында көптеген жетістіктерге қол жеткізді.
Ә.Қыдырбаев алғашқы кездері Лашын, Қарақасқа жергілікті тұқымдарымен бәйгенің алдын бермеді. Содан соң Брек, Система деген атқа қолы әрең жетіп, оны жақсы жылқылармен асылдандырып, Сұңқар, Сәулет, Ызғар, Кастет секілді бірнеше тұқым өрбітті. Бір қызығы осы Бректі Алматы ат зауыты жарамсыз деп шығарып тастаған екен. Ал Әукең Брекпен жергілікті қазақы ат Сарықасқадан қанша тұқым алып, бәйгенің алдын бермеді. Одан шыққан тұлпарлар шашасына шаң жұқтырмас «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» атанды. Атап айтсақ, Вася, Сарықасқа, Гранд, Аден, Көктай, Система, Кастет, Брек, Тайкүрең, Сұңқар, Сәуле, Дахар, Елік,Кузия, Ызғаркүл, Арго, Еркетөбел, Марал, Сарытайлақ, Алтыналқа, Адмирал атты сәйгүліктер бірі тай, бірі құнан, бірі дөнен, бірі аламан бәйгелерде шауып бәйге алған Әукеңнің республикаға атын шығарған тұлпарлары еді. Қазақта «байтал шауып, бәйге алмас» деген мақалды жоққа шығарған да осы Әукең. Баптаса, байтал да бәйгеден келеді екен. Сонымен қатар Әуесхан Қыдырбаев аудандағы қаншама кісілердің сәйгүліктерін баптап беріп, талай бәйгеден келтірді. Оларға қызғаныш, іштарлық жасамады. Оның ойында аудан, облыс намысы тұрды. Кім болса да Шиелінің аты бірінші болып келсе, атсейіс Әукең соған қуанатын. Осы бір кеңпейіл мінезі оны құрмет биігіне көтеріп,сыйластықтың шыңына шығарды. Аудан, облыс намысын ат спортынан қорғап жүрген атсейіс, «Құрмет белгісі» орденінің иегері, қарапайым жылқышы аудандық спорт бөлімінің мақтанышы, еңбекқор, бейнеткеш жастардың тәлімгері. Ә.Қыдырбаев республикалық жарыстарда, облыстық бәйгелерде бағы жанған азамат. Оған аудан көлемінде қандай құрмет көрсетілсе де артық емес. Себебі ол соған лайық жан.
Ә.Қыдырбаев 1942 жылы 7 шілдеде Шиелі ауданы, Ортақшыл ауылында дүниеге келген. 1957 жылы №150 орта мектепті бітірген. 1958-1959 жылдары №97 СПТУ кәсіптік-техникалық училищесінде білім алып, Сырдария совхозында механизатор болып жұмыс жасайды. 1962-1965 жылдары Кеңес армиясы қатарында әскери борышын өтейді. 1966-1972 жылдары Сырдария совхозында жылқышыға көмекші, Гигант колхозында жылқышы болып еңбек етті. 1975 жылы аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының қаулысымен Қарғалы совхозына, 1978 жылы Еңбекші совхозына жылқымен бірге ауысады. 2005 жылы Еңбекшіден зейнеткерлікке шығады. Әкесі Қыдырбай Ұлы Отан соғысына аттанып, содан қайтып оралмаған. Анасы Қалипа әкесіз қос ағасы Әлайдар мен Шайхысыламды, апасы Нәткүлді, кенжесі Әуесханды «тұмсықтыға шоқтырмай, қанаттыға қақтырмай» еңбекпен тәрбиелеп өсірді. Ешкімнен кем қылмады. Бүгінде Әукең мен жұбайы Бейсенкүл екеуі өмірге үш қыз, бес ұл әкелген қадірменді әке-шеше болса, жиырмадан аса немере сүйіп отырған ардақты ата мен әже. Ұрпақ жайған бақытты жанұя. Ауылдың ақылгөй ақсақалы, жылқының білгірі, атсейіс.
Шиеліде ат спортына қызығушылық 1984 жылдары «Қазақстанның ХХХ жылдағы» кеңшарының бас есепшісі Иманберді Ысқақов ағамыздың Өзбекстаннан «Дипломат, Гетеборг» деген ағылшын асыл тұқымды айғырларын сатып әкеліп, «Қарабайыр, Фосфат» тұқымдарымен шағыстырып, мал басын асылдандыруға ден қоя бастағанынан басталғандай. Иманбердінің «Сарасы» шауып бәйге алып жүрсе, атбегінің атын «Дипломат» атты жүйрік бүкіл Қазақстанға жайды. 1989 жылы аудан әкімі Машрап Ахметжанов маман әрі атсейіс Сүйіндік Ахметовты шақырып бәйге аттары жайлы пікірлесіп, оны Өзбекстанға жұмсайды. Тәуір аттар әкелу үшін оған Ленин атындағы колхоз төрағасы Т.Апбасов пен Еңбекші совхозының директоры Ж.Баетовтер кепілдік жасайды. Сүйіндік осы мүмкіндікті ұтымды пайдаланып, қасына атсейіс Әуесхан Қыдырбаевты ертіп алады. Сөйтіп, Шиеліге Өзбекстанның олимпиадалық командасындағы №1 «Анонс» деген таза қанды ағылшын тұқымды ат, «Золотаус» атты айғыр Алғабас ауылына әкелінсе, Алматы асыл тұқымды жылқы зауытынан «Брек пен Система» Еңбекшіге әкелінген еді. Сол жылдары Бестамнан Досманның «Күреңі», Отызжылдықтан Әбидің «Қарасы», Шиеліден Қожаев Махмуттың «Ақтайлағы», Әуесханның «Сұңқары», Нұрланның «Торасы», Оразәлінің «Гаухартасы», Әбдіғанидың «Лоркасы» Шиелінің мәртебесін жарыстарда асқақтатқан болатын. Сондай-ақ сол кездерде Әуесхан Қыдырбаев бастаған Т.Шығанбаев, С.Ерзақов, Б.Досманов, Ә.Ыбыраев, С.Дүйсенбеков, Д.Ахантаев, Н.Шайрақов, Н.Махмұтов, С.Кенжеалиев, Ж.Әбжапбаров тағы басқа секілді «бәйге десе, асын жерге қоятын» атбегілердің жанкешті еңбектерін қалай еске алмасқа?! Олар ауданымыздағы ат спортының дамуына өшпестей із қалдырды. Ал Әуесхан Қыдырбаевтың жөні бөлек, жолы ерекше. Сонау 90-шы жылдардың соңын ала Елбасының Сыр бойына жасаған арнайы сапары әлі күнге дейін ел жадынан жоғала қойған жоқ. Сол сапарда киелі Шиелі жеріне табаны тиген Тұңғыш Президенттің тақымына дала дәстүріне сай сый-құрмет ретінде, тап осы атсейіс Әуесхан баптаған тұлпардың тартылуы тегін болмаса керек.
Қазақ қазанатты кие тұтып, тұрмыс-тіршілігімен тығыз байланыстырды. Ертеден шапса кешке озған, ылдидан шапса төске озған тұлпарын жырға қосып, арғымақты керімсал күй мен көркем әнге арқау етті. Біздің бабаларымыз осылайша жылқыны өміріне балап, өнеріне айналдырды. Ендігі кезекте осы бір үрдіс өткеннің көк шаңына көміліп кетпеу қажет. Асыл өнерге баланған атбегілікті, сыншылдық пен бапкерлікті келер ұрпаққа насихаттау – біздің парызымыз.
Өркен Исмаил,
ҚР Журналистер одағының мүшесі
ҚР Журналистер одағының мүшесі