Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Палуанның киесін көрген екеуміз...

Палуанның киесін көрген екеуміз...

Мен жас кезімде өте қатты ауырып, хал үстінде жатсам, Әшіркүл анамыз «Екі қақпас екі үйдің ортасындағы жалғыз баланы да жалмайтын болдық» деп, зарлап жылап жүр. Өзі сырқат Қуат әкеміз «Әй, зарлама, бала тәуір болды, түнімен жөтеліп таңға жақын көзім ілінген екен. Көлеңкеде жатқан баланы Қажымұхан палуан етегіне орап, үйге әкеліп төрге жатқызып кетті. Құдай қаласа бала тәуір болады» деп, жылап жүрген кемпіріне тоқтау салды. Бұны естіген анамыз мені үйге кіргізіп шалының бер деген дәрісін беріп, жылы төсекке орап жатқызды. Кеш қарайғанша сырқаттанып жатып азанда тәуір болыппын. Ай артынан ай, күн артынан күн, жылдар өтіп, ержете бастадым. Қуат әкем «Сені палуан болады деп ойламаймын, бірақ кезінде төрде отырарсың. Қаншалықты төрде отыратының сол кездегі басшыларға байланысты болар» дейтін. Аллаға шүкір, ебіне лайық еңбектің арқасында төрде отырдым. Нағыз еңбектің әділ бағасы берілмесе де, абырой беделінен түскеніміз жоқ. Басшылыққа жағымпаздану сынды айла-тәсілдер адамдар арасында болмады деп те айта алмаймын. Соның салдарынан жұмыстың жүйе таппай қалған кездері де кезікті. Бастысы түзу жолдан таймай еңбектену қажет деп өз-өзімді қайраумен, адалынан ас ішуді мақсат тұттым. Мен Қуат әкем айтқандай палуан болғаным жоқ, бірақ еңбектің палуаны атандым. Аллаға шүкір, қазір сексеннің екеуіне аяқ басып келемін. Палуан бабаның етегіне орап төрге жатқызғанының арқасында ма, әлде әруағы қолдады ма, Алланың берген сыйы осы болар деп бағамдадым. Қажымұхан бабамыз күрескенде «мен жығылам» деп ойламайды екен. Жығылу бұл кісінің ойына кіріп шықпайды да. Бар ойы күрескенін тек жығу екен. Иә, мен қырық жылға жуық уақыт қой бақтым. Осы еңбек еткен жылдарымда жарысқа шақырған шопандарды жықпасам, жығылғаным жоқ. Барлығын баса озбасам да шопандармен теңдей жұмыс жасауға тырыстым. Алтын алмасам күміс алдым, күміс алмасам қола алдым. Ал әңгімемнің әлқиссасында айтқан Қажымұқан бабамды бекерге сөз қылмадым. Сіздерге түсінікті болуы үшін Медет замандасымның анасының естелігін қысқаша айтып өтсем.– Соғыс жүріп жатқан кез. Әлмекей ана «балаларым қайта-қайта шетіней берген соң ойпырмай, бұл қалай болар екен» деп жүруші еді. Бірде Шиеліге палуан Қажымұхан келе жатыр деген хабар елге демде тарап кетті. Ертең пойызбен Шиеліге жетеді деген хабарды естіген соң, Медетін құшақтап жұртпен бірге сол жаққа жол тартады. Сәлден соң әне, Қажымұхан келе жатыр деген дауыс шығады. Қараса бір дәу қара торы кісі келе жатыр. Бажайлап қарасам құлағы шұнақ, ерні жырық біреу екен. Пойыздан түскен бойда базарға қарай жүре бастады. Қалың халық ішінен иығы мен басы ұзын болып көрініп тұр. Базарға келген соң адамдар Қажымұханды орталарына алып әңгімелесе бастады. Менің бар ойым баламды Қажымұханның етегіне орау. Адамдардың арасымен қыстырылып жүріп, қол созым жерге жеттім-ау. Әйтеуір «мына баламды етегіңе орашы» деген кезімде, баламды қолына алып, етегіне орап «көп жаса» деп қолыма қайтып берді. «Әруағынан айналайын» деп маңдайынан тәу етіп қойылған ыдысқа беретінімді беріп, рас па, өтірік пе деп үйге қайттым. Алла жар болды ма, Қажымұханның әруағы қолдады ма, мына алдарыңда жүрген Медетім дін аман, – деп әңгімесін аяқтады ана.
Иә, Қажымұханның етегіне оралған Медет қазір сексенде, ұл-қызы өніп-өсіп отыр. Немере-шөбере көріп солардың амандығын тілеп отырған жайы бар. Үлгілі ұстаз болды. Ұстаздықтан директордың орынбасары сынды қызметтерді қырық жылдан аса атқарып, зейнетке шықты. Ата-анасының орнында қадірлі қария болып отыр.

Болған оқиғаны жазған Жұмабек Айтбайтегі, Шиелі ауданының
«Құрметті азаматы»,
Жақаев ауылы
28 қыркүйек 2020 ж. 283 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№30 (9194) (1)

16 сәуір 2024 ж.

№29 (9193)

13 сәуір 2024 ж.

№28 (9192)

09 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930