Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлболсын, Ұлдана, Ұлбала...

Ұлболсын, Ұлдана, Ұлбала...

Иә, осы тақылеттес есімдерді қыз баласы көп үйлерден кезіктіреміз. Соған байланысты БҰҰ Қазақстандағы әлем халқы қоры (ЮНФПА) елімізде есімінің түбірі «ұлдан» басталатын әйелдердің санын анықтапты. 1905-2019 жылдар аралығында 75 400 қызға ұлға тікелей қатысы бар есімдер қойылған. Көбіне азан шақырып қоятын бұл аттың түп төркінінде дүниеге келесіде ұл келсе екен деген арман-ниет жатады. Бірақ осындайда сауал туындайды неге топырлаған ұлдан соң қыз келсе деп «Қыздана», «Қызжалғас» деген қыз шақырар есімдер қойылмайды? Мейлі, ұлдың есіміне «қызды» қосу ұят делік, ал неге қызға «ұлды» жалғау қалыпты болып кетті?
Адамның тағдыры оның иемдеген есіміне байланысты. Мұны байырғылар бұрнағыдан біліп, ат қоюға ерекше ден қойған. Содан азан шақырып ат қою дәстүрі де пайда болды. Елге еңбегі сіңген, танымал тұлғалардың есімін беруі де тегіннен-тегін емес. Бала да сол белгілі азаматтың қасиеттерін бойына сіңіртіп, дарытсын дегені. Сәйкесінше қоғамда басқа ниеттен туған есімдер жиынтығын да кездестіруге болады. Мәселенки, бүгінгі мақалаға арқау болған есімінде «ұл» сөзі бар қыздар қауымы. Осының салдарынан арулардың басым көпшілігі буллингке, яғни есіміне байланыс­ты кемсітуге тап болып жатады. Келемеждеу, мазақтау бала психологиясына ауыр соққы болып тиетінін жасыруға болмас. Қала берді, олар бойжете келе есімін атап, танысуға да ұялып, қымсынуы бек мүмкін. Осындайда баласын ойлаған ата-ана ең бірінші кезекте қызға қойылатын аттың әуезді, әдемі, мәнді болуына ден қойғаны дұрысырақ.
ЮНФПА зерттеуіне зер салсаңыз, Ұлболсын аталған қыздардың 53,6 проценті ауылда дүниеге келген екен. Жалпы түбірі ұқсас мұндай есімнің 300-ге тарта вариациясы бар. Заманға қарай кей есімдер өздігімен шетке шығып қалады. Мысалы, бүгінде соңы «бай» деп аяқталатын аттар аз кездеседі. Ал Ұлболсынға ұқсас есімдер легі әлі өзекті. Бірақ бір қуантарлығы, әр он жыл сайын қыздарына түбірі «ұлдан» басталатын ат қоятындар біртіндеп азаюда. Мәселен, 1990-1999 жылдар аралығында 13 803 есім тіркелсе, 2010-2019 жылдарда 12 264-ке төмендеген.
Біле білсеңіз, «ұлдан» басталатын есімді қыздарына жиі қоятын өңір – оңтүстік. Атап айтар болсақ, Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстары, Шымкент және Алматы қалаларында мұндай есімі бар қыздар көп. Үлес салмағы бүкіл республикаға шаққанда 69,6 процент болады. Батыс өңірде – 16,3, орталықта – 8,4 процентті құрайды екен. Ал мұндай есімді аз қоятын өңір – Солтүстік-Шығыс. Мысалы, Шығыс Қазақстан, Қостанай және Солтүстік Қазақстандағы түбірі ұлдан басталатын ныс­пысы бар қыздардың үлесі – бар болғаны 5,7 процент. Қолда бар деректердің ішінде тағы бірнеше қызық факт бар. Республика бойынша осындай есімі бар қыздардың 29,8 проценті жоғары оқу орнын тәмамдаған. Орта білім алғандары – 22,9, арнайы орта және кәсіптік-техникалық білім алғандары – 32,7, негізгі орта және бастауыш сыныпты бітіргендері – 14,6 процент. Иә, адамның есімі оның білімі мен кәсібіне әсер етпеуі тиіс. Өйткені білікті маманның есімінде тұрған дәнеңе жоқ. Дегенмен кезінде кемсіту көргеннің салдарынан қабілетін дамытпағандығын есте ұстаған жөн-ақ. Яғни қыздардың өзіне деген сенімсіздіктің кесірінен толық ашыла алмай кетуін болдырмауымыз тиіс. Мысалы, ұл түбірлес есімді қыздардың 21,6 проценті жалдамалы қызметкер болса, 10,9 проценті – өзін-өзі жұмыспен қамтитындар. 9,4 проценті – студент, 7,7 проценті – зейнеткер. Қанша жерден көнеріп келе жатқан есімдердің қатарына қоссақ та, көп бөлігі орта жас шамасындағы қыз-келіншектер екенін байқауға әбден болады. Соңғы он жылдың статистикасын сөйлетсек, қызына айрықша ат қойған ата-аналардың жартысынан көбінде келесі болып өмірге ұл келіпті. Яғни ұл болсын деген тілекпен 1 923 қызға есім берілсе, қабыл болғаны – 53 процент. Қалған 907 жағдайда, ырымы қырын кетіп, отбасына тағы бір қыз келіпті.
Бала – ұрпақ. Ұрпақ – елдің келешегі. Саналы ұрпақ – елдің гүлденуі. Түсінікті. Осындайда қазақтың құдайдан тілейтін бір тілегі ойға түседі «Е, Құдайым, бала бер. Бала берсең, сана бер! Сана бермесең, ала бер». Сол үшін өмірге алдымен қыз келсе екен, болмаса ұл болсыншы деп тілеудің орнына, ең алдымен «Саналы ұрпақ болғай» деп іштей тілеген жөн болар.

Сұлушаш МАДИЯРОВА
07 қыркүйек 2020 ж. 2 470 0