Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » АСҚАЗАНЫ ЖОҚ АДАМ

АСҚАЗАНЫ ЖОҚ АДАМ

Полковник Қайыркен Қалиұлы 30 жылға жуық уақыттан бері қалыпты өмір сүріп келеді

Ойламаған жерден ұшырасып, аяқасты таныстық. Қажет дәріні алмақшы болып қаланың батыс шетіндегі (Наурызбай ауданы) дәріханаға бара жатқанмын. Ол өзі бір қалтарыста тұр. Жалғыз автобуспен ғана барасың. Өзін екінің бірі біле бермейді де. Кезекті аялдамаға тоқтап, жолаушыларды мінгізіп жатқан жүргізушіге бір қария:
– Мына автобус 36-емханаға бара ма? – деп сұрады.
– Барады.
– Барған кезде айтып жібер, балам, жарай ма? – деп қария ішке енді.
– Мен де сонда барамын. Бірге түсеміз, – дедім мен жаныма келіп жайғасқан егде кісіге.
– Е-е, онда тіпті жақсы болды ғой. Маған дәлірек айтсам, емхана емес, соның ішіне орналасқан дәріхана керек, – деді әлгі кісі.
– Еш қам жемеңіз, мен сол дәріханаға барамын, – дедім мен тағы да үлкен кісінің көңілін тыныштандырғым келіп.
Әрі қарай, қазақ емеспіз бе, әңгіме өрбіп жүре берді. Бұрын бір мәрте келгенін, бірақ жолды да, автобустың бағытын да есінен шығарып алғанын айтты. Қай жері ауыратынын, қандай дәрі ішіп жүргенін сұрадым. Өзіне емес, дәріні кемпіріне алмақшы екенін, өзінің көзі сәл нашар көретінін, басқа еш жері ауырмайтынын да жасырмады. Әскери адам екен, шені – полковник.
– Ілгеріде асқазаным ауырды. Аты жаман ауру екен. Дәрігер асқазанымды түгелдей алып тастады. Содан аты жаман аурудан біржола құтылдым, – деді.
– Қазір асқазаныңыз жоқ па?
– Жоқ, әрине. 28 жылдан бері асқазансыз өмір сүріп келемін.
– Солай деңіз. Асқазанын алдырғандар жайында бұрын бір-екі әңгімені құлағым шалғаны бар. Бірақ 1-1,5 жылдан артық өмір сүргенін естімеппін.
Біздің кейіпкеріміз 1936 жылы Көкшетау облысының (қазіргі Ақмола облысы) Еңбекшілдер ауданына қарасты «Үлгілі» ауылдық кеңесі аумағында дүниеге келіпті. Анасынан 9 жасында жетім қалып, әкесінің, кейіннен өгей шешесінің тәрбиесінде болады.
14 жасқа келгенде әкесінен айырылады. Жетімдіктің зардабын сол кезде толық тартады. Әке-шешесінің көзін көрген кісілердің көмегі көп тиеді. Әсіресе, өзімен бір сыныпта оқыған Айжан қыздың үйіне жиі барғыштап тұратыны есінде. Анасы да, қыз да Қайыркенді қуана қарсы алатын. Сабаққа бірге дайындалуға да ыңғайлы. Үйлері де жақын, арасында екі үй ғана бар.
Буыны бекіп, бұғанасы қатпаған жасөспірімге мектепке бару, өзіне тамақ әзірлеу, киім-кешегін жуып-шаю, әрине, қиынның қиыны еді. Мектептен басы салбырап үйіне кетіп бара жатқан оның соңынан Айжан аянышты көзбен қарап тұратын.
Осы қиын кезде мектептің математика пәнінің мұғалімі Ислам Жайкенов деген ұстазы қол ұшын созып, мектептің интернатына орналасуға әрекет жасайды. Интернат негізінен малшылар мен ұжымшар балаларына арналған. Мұғалім интернат директорына кіріп, оқушының барлық жағдайын түсіндіріп, осы баладан түбінде жақсы математик шығатынына сенімді екенін айтады. Жататын орын беруін өтінеді. Мұнымен де қоймай ауылдық кеңестен қамқоршысы мен асыраушысы жоқ екендігі жөнінде анықтама қағаз алып, ақыры интернатқа орналастырады.
– Интернатқа орналасқан соң Айжан қызбен араңыз алыстап кеткен жоқ па?
– О не дегеніңіз, қайта жақындай түсті. Интернатта жүргенде оның үйіне жиі баратынмын. Әкесін «папа» дейтін. Мен де ол кісіні солай атадым. Шешесі мен келгенде қымыз, айран ішкізіп, жұмыртқа пісіріп беретін. Интернаттың тамағы өте нашар болды. Сол апамыз мені өз баласындай күтетін.
Он жасымызда ата-анамыздың әзілдері ме, әлде шын ниеттері болды ма, мені «күйеубалам», Айжанды болашақ «келінім» деп, бізге сезім туғызды. Ол кезде газ жоқ, бәрі пешпен атқарылады. Отын деген қат. Үйіңнің жанында өсіп тұрған қайыңды рұқсатсыз кесіп, отынға пайдалана алмайсың. Менің әкем ағаш ұстасы болатын. Айжанды шешесі от тұтатын ағаш жаңқасын сұратып әкеме жібереді. Әкем болса жаңқа емес, керісінше отқа жағатын кеспелтек ағаштарды оның келуіне дайындап қояды. «Ала ғой, қызым, тағы да келіп тұр. Қысылма. Түбінде балама әперемін сені, келін етемін» дейді екен қалжыңдап.
Мені де шешем Айжанның үйіне ыдыс-аяқ сұратып жіберетін. Оның да шешесі мені күлімсіреп, жылы қабақпен қарсы алып «Кел, айналайын күйеубалам, кысылма, осылай келіп тұр. Үлкейгенде күйеубалам боласың, қызымды саған беремін» дейтін әзіл-шыны аралас.
Мектепте бір сыныпта оқыдық, бірақ қыз-жігіт болып қыдырған жоқпыз.
Мектепті бітіргенде Айжан маған кестелі орамал тоқып берді. Сонда да құшақтап сүймеппін. Бір-бірімізге деген сезімімізді білдіруге ұялатынбыз. Міне, 57 жыл. Өмірдің қызығын да, шыжығын да бірге көріп келеміз.
– Мұғаліміңіздің сізге қолұшын созғанына қарағанда, сабақты жақсы оқыған боларсыз? Әлде жетім деп мүсіркеді ме екен?
– Екеуі де болды ғой деймін. Дегенмен «Казгородок» орта мектебін өте жақсы бағамен бітірдім. Ұстазымды ұятқа қалдырғаным жоқ. Математикадан өтетін мектепаралық байқауларға қатысып, жеңіспен оралып жүрдім. Мектебімнің мерейін үстем еттім.
Аттестатты алған соң мектеп бітірушілер шағын отырыс өткізді. Біреуі ана оқуға, біреуі мына оқуға барамын деп арманын айтып жатыр. Менде үн жоқ. Не деймін, не жолға ақшам жоқ, не киетін киімім жоқ. Армандаған оқуыма қалтама ақша салып жіберетін әкем де, шешем де жоқ. Аттестатымның «4» пен «5» болғанынан не пайда? Үйге келген соң түнімен жылап шықтым. Елден жездем келіп ауылға алып кетті. Жұмыс істедім, жездем көмектесті, оқуға баратын жол қаражатын жинадым. Сөйтіп жүргенде елімізде тың және тыңайған жерлерді көтеру мәселесі қолға алынып, қарбалас тірлік басталды. Алматы облысының Талғар қаласындағы ауыл шаруашылық техникумы жанынан механизаторлар дайындайтын жылдамдатылған екі жылдық (техникум 4 жылдық болатын) курс ашылып, кеңшар (совхоз) мені сонда жіберді. Бітірген соң Ақмола облысының бір кеңшарына жіберді. Барған жерде кеңшар директоры денем шағын болған соң трактор рөліне отырғызбай, механизаторлыққа оқып жүргендерге сабақ бергізді. Курсты үздік бітірген мен, өз жұмысымды талапқа сай атқарып жүрдім. Бір жылдан кейін әскер қатарына алындым.
Айжан мектепті бітірісімен Алматыдағы ЖенПИ-дің физика-математика факультетіне түскен-ді. Әскерде жүргенде хат жазысып тұрдық. Махаббат туралы айтқан да, жазған да емеспіз. Мен солдаттық өмірдің, ол студенттік өмірдің жаңалығын, ауылдың жағдайын, бірге оқыған достар туралы әңгімелейтінбіз.
Ол кезде әскери міндет 3 жыл еді. Мен бір жыл қызмет еткеннен кейін бір жылын өтеген солдатқа әскери училищеге түсуге болатындығы туралы қаулы шығып, әскери училищеге қабылдандым. Бұл жаңалығымды Айжанға жазып жібердім, ол да қуана қарсы алды.
Училищені бітірген соң әскери офицерлік қызметім басталды. Мамандығым – фортификатор. Соғыс бекінісін салатын әскери инженер-құрылысшы. Енді менің жаныма серік болатын жар табуым керек болды. Бірақ қалыңдық іздеп әуре болғаным жоқ. «Казгородок» кентіне – ауылыма бардым да, Айжанға жағдайымды айтып, көңілімді білдірдім. ЖенПИ-ді бітірген соң біз бітірген орта мектепте мұғалім болып жүрген. Ешкіммен махаббат құрмапты. Келісімін берді. Ата-анамыздың аузына құдай салды ма, әлде ниеттері дұрыс болды ма, осылайша екеуміз 1961 жылы отау құрдық.
Беларусь жерінде (екі облысында) ракеталық әскерде қызмет еттім. Әскердің мұндай түрі 1959 жылы құрылған болатын. Белоруссияда Қызымыз Гүлжан дүниеге келді. Екі жылдан кейін Ленинград қаласындағы Әскери академияға түстім. Онда 5 жыл оқыдым. Айжаным­ сол жерде мектепте физика мен математикадан сабақ берді. Ленинградта ұлымыз туды. Есімін Нұркен деп қойдық.
Оқу бітірген соң мені Қиыр Шығыс әскери округінің штабына жіберді. Ол жерде бес жыл әскери қызметімді атқарып, Алматыдағы Орта Азия әскери округіне ауыстым.
– Қанша бала-шағаңыз бар?
– Екеу, бір ұл, бір қыз, өз қанымнан.
– Немере, шөберелер бар шығар?
– Ұлымнан бір ұл, бір қыз бар. Қызымыз Гүлжаннан екі немере жиен сүйдік, олардан үш шөбере өсіп келеді. Айтпақшы, асырап алған бір ұлымыз бар, одан бір немере.
– Айып болмаса, сол ұлыңыз туралы айта кетсеңіз.
– Оның еш айыбы жоқ. Бірде әйелім еңбек демалысына шығып, елге, сіңлісінің үйіне барды. Барса, сіңлісі өкпесінен (туберкулез) ауырып, ауруханада жатыр екен. Үйінде күйеуі (кеңшарда жүргізуші), алты баласы (бәрі ұл) қалыпты. Алтыншы баласы 1,5 жасар, жүре алмайды, көрпемен орап, аузына дәкеге орап піспенан (печенье) тығып қойыпты. Басын көтере алмайды екен. Әйелім мұндай жағдайға шыдай алмай, демалысын тоқтатып, баланы Алматыға алып келді. Бұл 1974 жыл еді. Мен Орта Азия әскери округінің штабында істеймін. Әйелім Айжан Жобалау институтында инженер. Сонымен баланы Правда (қазіргі Алтынсарин) даңғылындағы Балалар туберкулезі ауруханасына алып бардық. Дәрігерлер «Сіздер қайдан келдіңіздер, баланы осындай жағдайға дейін неге жеткізгенсіздер?» деп ренішін білдірді. Бірақ баланы ауруханаға жатқызды. Оның бронхасында туберкулез таяқшасы бар екен. Бір жыл емделіп, сауығып шықты. Елге телефон шалып, «Балаларың сауықты, алып кетіңдер» десек, «Бізге керегі жоқ, өздерің бала қылып алыңдар» деген жауап алдық. Атымызға жаздырып, бағып-қағып өсірдік. Әскери мамандыққа баулыдым. Ержетті, үйлі болды. Қазір Астанада тұрады. Әскери шені – полковник. Одан бір немере сүйіп отырмыз.
– Әскери қызметтің өз еркіңді өзіңе билетпейтін жұмыс екенінен сырттай хабарымыз бар, әрине. Қарбалас қызметте жүріп ұрпағыңызға ұлттық тәрбие бере алдыңыз ба?
– Міне, қиын жері осы болып тұрған жоқ па? Ұлым орыс қызына үйленді. Содан қауіптеніп одан туған немеремізді өзіміз бауырымызға басып, қазақша балалар бақшасына, қазақша гимназияға (Алматыда) оқытып, тәрбиеледік. Қазақшасы жақсы. Аты Даян. Қазір Санк Петербургте оқып жүр. Грантта. Жатақханасы бар. Жатақханада жағдай нашар болған соң, пәтер жалдап тұрады. Ай сайын зейнетақымнан 100 мың теңге беріп тұрмын. Қазақ қызына үйлен десек, махаббат ұлт таңдамайды деп бөседі. Бірақ жақсы көретін қазақ қызы бар көрінеді. Зерттеп көрдім. Соны «ал» деп жалынып жүрміз. Арманым – ұрпағым өз ана тілінде сөйлесе, өз ұлттық дәстүрін білсе екен. Осы сөздерді айтқанда қарт полковниктің жүзінен әлде ұрпағына, әлде заманына деген наланың нышаны байқалды. – Немере қызым Энелді де қазақ бақшасында, қазақ мектебінде оқыттық. Қазір Италияның суретшілер гимназиясында (Алматыда) 6 сыныпта оқып жүр, – деді сәл үзілістен кейін сөзін қайта сабақтап.
1975 жылы Қайыркен Нұрсейтов Алматыдан Қиыр Шығыс әскери округіне қайта жіберіліп, әскери училищеде оқытушы болып қызметін жалғастырады. Сөйтіп жүргенде асқазаны ауырып госпиталға түседі. Дәрігерлер ота жасау қажеттігін айтады. Алматыдағы достары отаны Алматыға келіп жасатуға кеңес береді. Сызғанов атындағы хирургиялық ғылыми-зерттеу институты бір апта жатқызып тексеріп «Сенің ауруың біздің мамандығымызға сәйкес келмейді, онкологиялық ауру» деп сонда жібереді. Ол жерде Мельс Рахметов деген хирург әйелі Айжаннан қолхат алып, ота жасауға тәуекел етеді. Ота бір күнге ұласады. Әйелі дәлізде күтіп отырады. Таңертең отаға кіріскен дәрігер кешкі сағат 17:00 бөлмеден бір-ақ шыққан. 8 күн реанимацияда жатып, тоғызыншы күні көзін ашады. Палатаға шығарылып, бір аптадан кейін үйіне қайтарылады.
– Өзіңізге ота жасаған, былайынша айтқанда, қайтадан «өмір сыйлаған» хирургпен кездесудің кейін сәті түсті ме?
– Иә, кездестім. Ол былай болды. Арада бес жыл өткенде әскери өмірде үйренген әдетпен (асқазанымды алдырып тастағаным есімнен шығып кетсе керек) жарты стақан «тентек» суды тартып жібергенім бар. Шамалы уақыт өткесін ішім бүріп ауыра бастады. Түнімен ауырып шықты. Ертесіне дәрігерім Мэлс ­Рахметовке бардым. Ол мені көргенде шошып кетті.
– Оу, сіз тірі ме едіңіз, неге хабарласпай кеттіңіз?! – деді үрейлі дауыспен. –Жылына бір-екі рет келіп тұруыңыз керек еді ғой. Кезінде айтылған. Бес жыл бойына көрінбеген соң біз сізді ... ендігі...
– Жоқ, дәрігер, мен тірімін. Әуелі Құдай, сосын Сіз, мен тірімін, – дедім.
– Ажалыңыз жоқ екен. Бұл отадан 100 адамнан 4-5-еуі ғана тірі қалады. Мен сізге сифон жасадым, – деді дәрігерім. Мен:
– Оның не? – десем «Сұйықтықты бір ыдыс­тан екіншісіне ауыстыратын, жағымсыз иіс шығармайтын имек түтікше. Кеңірдекті созып идім, қозғалып кетіп қалпын бұзбасын деп қабырғаға бекітіп тіктім. Сосын тоқ ішекке жалғадым...» – деп түсіндірді.
Осыдан кейін кездесудің реті келмеді. Сырттай естуім бойынша, зейнетке шыққан көрінеді. Полковник Қайыркен Қалиұлымен әңгіме осылай аяқталды. Қатерлі ісіктің салдарынан асқазанын алдырып тастаған біздің кейіпкеріміз 30 жылға жуық уақыттан бері қалыпты өмір сүріп келеді.

РS: Айтқандай, осы мақаланы жазып болған соң кейіпкеріме телефон шалып, амандығын білдім. Жеміс-жидегін жинап алайын деп таудағы саяжайына жүргелі жатқанын айтты. Әлі тың. Қанша дегенмен полковник емес пе!..
Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ,
Қазақстанның «Құрметті журналисі»

13 тамыз 2020 ж. 489 0