Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Коронавируспен күрес қарқынды

Коронавируспен күрес қарқынды

Жаһанды дүрліктірген дерт ешкімге оңай тиіп отқан жоқ. Әлемнің түкпір-түкпірінде және Қазақстанда коронавируспен күрес қарқынды жүруде. Қазақстан «тәж тажалының» көрші Қытайға келіп, әлемге ауыз салғанынан бастап әрекетке көшкен еді. Алдын ала жер-жерде оқу-жаттығу жасап, шекарадағы өткізу пункттерінде санитарлық-эпидемиологиялық қадағалауды күшейтті. Кезең-кезеңге бөліп, коронавируспен күресті бастады. Ал 1 наурыз күні карантиндегі елдердің тізімі ұлғайды. 13 наурыз күні елде бұл вирусты жұқтырғандар анықталды, 3 күннен өте төтенше жағдай жарияланды. Қазақстан үш мегаполисте 3 модульдік аурухана салуды ұйғарды. Алматыда 18 күнде 180 орындық, Нұр-Сұлтанда екі аптада 200 жанға шақталған емдеу мекемесі тұрғызылды. Әрине, Қазақстан тыңнан түрен салған жоқ, көп ел осылай әрекет етті. Академиктердің айтуынша, біздің ел дер кезінде қам жасапты. Қазақстан қазіргі уақытта да күресті тоқтатпады, керісінше дертпен шайқас күн өткен сайын күшеюде. Осыған байланысты 29 шілде күні облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың қатысуымен пандемиямен күрес бағытында атқарылып жатқан жұмыстар мен аймақтың экономикалық ахуалы жөнінде брифинг өтті.
Қызылорда облысында 2 859 адам коронавирус індетін жұқтырған. Бүгінге дейін науқастардың 1965-і, яғни 69 проценті дертті жеңіп шықты. Ал қайтыс болғандардың саны – 7. Эпидмаусым басталғанда облыста барлығы 976 төсек орын дайындалған. Оның 135-і инфекция, 241-і провизор, 600-і карантиндік орын. Бүгінгі күні олардың саны 2405-ке артқан. Сондай-ақ өңірде 52 ренгтен аппараты бар. Аппараттардың 20-ы облыс орталығында, 32-сі аудандардағы медицина мекемелерінде қызмет көрсетуде. 107 өкпені жасанды желдету аппараты бар. Денсаулық сақтау министрлігіне 192 өкпені жасанды желдету аппаратына тапсырыс берілген. Сондай-ақ 153 оттегі концентраторы бар. Кеше қосымша өңірімізге «Шұғыла» қоғамдық қоры тарапынан 200 дана оттегі аппараты жеткізілді.
– Қажеттілік туындаған жағдайда 500 төсек орын резервіміз бар. Оның ішінде инфекциялық 200 және провизорлық 300 орын әзірленді. Облыста 6 компьютерлік томограф қызмет көрсетеді. Оның төртеуі облыс орталығында, екеуі ауданда орналасқан. Қосымша аппарат алуға демеушілерді тарту мәселесі қарастырылуда, – деді облыс әкімі Г.Әбдіқалықова.
COVID-19 инфекциясына қарсы күрес шараларына тартылған 2407 медицина қызметкеріне қаржылай қолдау мақсатында пандемия кезеңінде 4 айда 1 млрд 117,6 млн теңге төленді. Сондай-ақ облыстың барлық емдеу мекемелері бірінші типтегі костюмдермен, қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етіліп, қажетті бекітілген 26 түрлі дәрі-дәрмектің 2 айлық қоры қалыптасты. «СК Фармациядан» келетін барлық дәрі-дәрмектің 100 проценті келді. Ал дәріханаларда 1 айға жетерлік дәрі қоры қалыптасты. Бүгінгі күні сұраныстағы дәрілердің 100% сатылымда бар. Облыс әкімі өңір экономикасын қайта қалпына келтіру аясында атқарылып жатқан шараларға тоқталды.
– Экономикалық жағдайды ескере отырып, облыстың 2020 жылға арналған бекітілген бюджеті қайта қаралып, 2,2 млрд теңге бюджет шығыстары қысқартылды. Экономиканы қайта қалпына келтіру жөніндегі облыстық жоспар бекітілді. Жоспарға сәйкес, жергілікті жолдарды жөндеу, су және жылу жүйесін жаңғырту, энергиямен қамтамасыз ету, жаңа жұмыс орындарын ашу, ауыл шаруашылығы және әлеуметтік саланы дамыту бағытында шаралар жүзеге асырылатын болады. Сыр өңіріндегі экономиканың негізгі қозғаушы күші ауыл шаруашылығы саласында да тың серпін бар. Биылғы жылы облыс бойынша 184,7 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді, – деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.
Өңір экономикасын қайта қалпына келтіру аясында өңірге жаңа инвестициялар тартылуда. Атап айтсақ, құны 1,5 млрд теңге болатын жылына 130 тоннаға дейін түйе сүтінен құрғақ ұнтақ өндіретін цехтың құрылысы. Және құны 3 млрд теңге болатын жылына 180 мың тонна тұз өндіретін үшінші испандық цехтың құрылысы. Екі жоба да Арал ауданында жүзеге асырылады.
Мұнымен қоса 2020 жылдың екінші жартыжылдығында Арал ауданында кальцийленген сода, Қызылорда қаласында шыны пластик құбырлар шығаратын зауыттар мен Жаңақорған ауданында күн электр станциясының құрылысы басталады деп жоспарлануда. Сонымен қатар жыл соңына дейін 3 өндіріс іске қосылады деп жоспарлануда. Олар Қызылорда қаласында шыны зауыты, Арал ауданында кварц құмын байыту бойынша тау-кен байыту комбинаты (бірінші желісі) және Қармақшы ауданында құс фабрикасы.
Сондай-ақ аймақ басшысы «Жұмыспен қамту жол картасы» мемлекеттік бағдарламасының өңірде жүзеге асырылу барысын айтты.
«Мемлекеттік бағдарлама аясында 37 млрд теңгені құрайтын 276 жоба жүзеге асырылуда. Нәтижесінде облыста 9299 жаңа жұмыс орындары құрылады. Бүгіннің өзінде 7 768 адам жұмысқа орналасты. Ең бастысы жобаларды жүзеге асыруда пайдаланылатын тауарлар мен қызметтердің 90 проценті отандық өнімдер» деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.
Ал «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында біздің облысымызда 7,6 млрд теңгені құрайтын 96 жоба мақұлданды. Жобалар аясында 570-ке тарта жаңа жұмыс орны құрылады. Сондай-ақ «Бизнестің Жол картасы 2025» бағдарламасы аясында көзделген қаражат 1,7 млрд теңгеден 3,4 млрд теңгеге дейін екі есеге ұлғайтылды.
Сонымен бірге бизнесті қолдау бағдарламасы аясында қарастырылған құралдарды тиімді пайдалану үшін «Қызылорда облысының 2023 жылға дейінгі Экономикалық даму жоспары» әзірленді. Жоспардың негізгі мақсаты – шағын және орта бизнес жобаларын дамыту және қолдау. Жалпы жос­пармен экономиканың түрлі салаларында 265 жоба жүзеге асырылмақшы, оның ішінде биыл 24 млрд теңгенің 95 жобасы өз жұмысын бастады, оның ішінде тамақ өнімдерін өндіру, ауыл шаруашылық өнімдерін терең өңдеу, мал шаруашылығын дамыту және тағы басқалары.
Аймақта құрылыс қарқыны да бәсеңдеген жоқ. Қиын кезеңге қарамастан биылғы жылы барлығы 30 әлеуметтік нысанның құрылысын жүргізу жоспарланса, жыл аяғына дейін 22 нысан халық игіліне пайдалануға беріледі деп күтілуде. Қызылорда қаласы мен аудандарда барлығы 1406 пәтерді құрайтын 87 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілісе, жыл аяғына дейін 74 тұрғын үй халық игілігіне пайдалануға беріліп, 1000-ға жуық жерлестеріміз жаңа баспанаға ие болады.
Ақпараттық және насихаттық жұмыстар да жүйелі жүргізілуде. Облыс көлемінде 75 тақырыптық билбордтар және адамдар көп жиналатын қоғамдық орындарда, көп қабатты үйлердегі арнайы орындарда жадынамалар, пос­терлер, үнпарақтар орналастырылуда. Төтенше жағдай қызметкерлерімен радио хабарландыру жасалып, облыстық телеарнада күнделікті тікелей эфирде «Дәрігер сағаты» бағдарламасы арқылы мамандар медициналық кеңес береді. Мемлекетпен қатар, осы індетпен күресуге ерекше үлес қосып жүрген белсенді азаматтардың жұмысын бір ортаға тоғыстырған «Сыр волонтерлары» орталығы құрылды.
Жиын соңында облыс әкімі тұрғындарды сақтық шараларын сақтауға шақырды.
«Алдымызда барша мұсылман қауымының асыға күтетін «Құрбан айт» мерекесі келе жатыр. Кеше ғана облыстың бас санитарлық дәрігерінің қаулысы қабылданып, қаулыға сәйкес құрбан шалу рәсімдері онлайн форматта ұйымдастырылды. Сондықтан жақындарымыздың амандығы мен саулығы үшін көпшілік шаралардан бас тартып, жамағат болып жиналмай, отбасында атап өтуге шақырамын. Сақтық шараларына аса мән беріп, талаптарға бағыну – тек өзіміздің денсаулығымыз үшін ғана емес, тұтас ел алдындағы азаматтық борышымыз, саналы түрде басты ұстанымымыз болу керек» деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Маржан ҚҰРМАНҒАЛИЕВА
03 тамыз 2020 ж. 262 0