Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке азаматтар сенім артып келеді
BAQ.KZ. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департамент басшысы Әділхан Әшірбаев айтты.
Соңғы үш айда елімізде қалыптасқан жағдайды ескере отырып, Агенттіктің бастамасымен онлайн түрде жүзеге асырылатын «Antikor live» жобасы іске қосылған болатын. Жоба аясында 60 спикердің қатысуымен әр түрлі тақырыпта 88 тікелей эфир ұйымдастырылды. Ал департамент жанынан қоғам белсенділерінен құрылған облыстық ақпараттық үгіт-насихат штабымен жалпы саны 55 кездесу өткізіп, онлайн режімінде 18 бейнеүндеу және 21 пост шығарды, – деп мәлімдеді департамент басшысы Әділхан Әшірбаев.
Оның айтуынша, адвокаттар, нотариустер және сот орындаушылары қатарынан құрылған заңгерлер «Adal komek» жобасы аясында 13 акция ұйымдастырып, 50-ге тарта азаматқа құқықтық көмек көрсетсе, онлайн форматта 39 рет тікелей эфирде құқықтық кеңес берді.
Сондай-ақ, Әшірбаев сыбайлас жемқорлық деректері туралы хабарлаған азаматтарды көтермелеу механизмі туралы айтты.
Сыбайлас жемқорлық дерегі бойынша хабарлаған тұлғалар саны 2019 жылы 6 айында 8 азамат болса, биыл 14 азамат хабарлап, оларға 2,1 млн теңге көлемінде сыйақы төленген. Бұл - азаматтардың біздің қызметке деген орасан сенімінің белгісі. Сыбайлас жемқорлық көріністеріне жол бермеу және оған қарсы тұру, бұл - кез келген азаматтың міндеті. Сол себепті сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Сіздердің әрқайсыларыңызды бұл індетпен күресуге және оған қарсы тұруға шақырады, – деді ол.