Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қымыздан асқан дәм бар ма?!

Қымыздан асқан дәм бар ма?!

Не жесең соған ұқсайсың. Әдетте үлкендердің осылай дейтіні бар. Сонда орыстың ойланбай айтқан мәтелін мысалға алғаны несі деп өкпелей түсетінімізді жасырмайық. Әйтсе де, бұл сөздің жаны бар. Оны франциялық генетиктер осыдан ІІІ ғасыр бұрын кесіп-пішіпті. Осы тұста атақты әл-Фарабидің «Егер ұлттың өзінің тарихи тағамы жоғалатын болса, ол ұлт ауруға ұшырайды» деген ғибратқа толы пайымы еске түседі. Иә, төл тағамынсыз тұтас бір халықтың өсіп-өнбейтіні, көктеп-жетілмейтіні бүкпесіз шындық.
Анығында, әлемнің екінші ұстазының біз тиек еткен сөзінде мынадай бір ақиқат жасырынып тұрғандай. Ғалымдардың пайымдауынша, бие сүтінің құнарлығы ана сүтінен кем емес. Оған Донецк медицина институтының ғылыми қызметкері Е.Гребников бастаған зерттеушілердің деректері дәлел болады. Қымыздың құрамындағы «С» дәрумені сиыр сүтімен салыстырғанда он есе көп болып, төрт түліктің ішінде жылқы сүтінің емдік қасиетін түзген. Қоңыр елдің осы бір қуатты дәмге құмарлығы көпті сүйсінтетіні тағы бар. Сыралғы сусын жайында жазушы Жүсіпбек Аймауытовтың атақты «Ақбілегі» жария етті емес пе? «...Тұтам емшек жануардың бауырынан сүт сорғалап, сүт емес-ау, құт сорғалап, көнек-көнек лықылдайды, қара саба емізіктеп, қою, салқын, сары қымыз, быжылдаған дәрі қымыз шара-шара шыпылдайды. Бір шарасын ішкен адам дәл қор қызын құшқандай боп, беті шиқан дуылдайды, аузы қобыз гуілдейді, мас болады, жас болады: жел жетпеске мініп алып, Алтай тауын дүсірлетіп, таудың тасын күтірлетіп, көкпар, жарыс, алыс-жұлыс, асыр салып жатқаны» деп әйдік бір суретті көкірегіңе сызып береді. Тәтті тіркестерді оқып отырып, тәбет клеткаларың оянады. Сұлу сусынның сырбаз кейпімен сырлы дәмі таңдайына келеді.
Аты мәшһүр Әуезовтің «Абай жолы» романында тарихи оқиғаларды талқылау үшін абыз-билердің малдас құрып, мәміле іздейтіні бар. Сол келелі жиында, кеңесуге келген кісілер саба-саба қымыздан шабыт алып шешіле сөйлейтіндей көрінеді бізге. Автор да мұны астарласа керек. Алыстан аңқасы құрып келген аттының ашуы қымызбен басылып, жан сарайы хан сарайдай ашылатынын қосып қойыңыз. Үй иесінің де сүйкімі сол тәтті сусын арқылы кіретіндей. Жазушының ұлттық сусынды шығармада әспеттеуінің өзіндік мәні бар. Атап өтсек, көшпелі қазақ тұрмысындағы ас пен тойдың салтанаты, мәртебесі саба-саба болып ашыған, көнек-көнек лықсыған көл-көсір ашытылған қымызбен өлшенетін.
Әсілі, қымыз қазақтың ұлттық тағамы ғана емес, жаны, тарихтан таған тартқан мықты болмысы. Біле білсеңіз, біздің эрамызға дейінгі V ғасырда грек тарихшысы Геродот скифтердің бие сүтінен сусын ашытатынын әрі олардың сүт сақтау құпиясын ешкімге айтпайтынын жазады. Ал түркі халықтары этнографиясын зерттеуші Л.Потапов «Қымызды ойлап тапқан – көшпенділер. Себебі нағыз көшпенді тұрмыс шыдамды да, жүріске мықты жылқы өсірумен байланысты болды. Көшпенді тұрмыста бұл жаңалыққа тап болу әсте қиын емес еді. Сауып алынған бие сүтін тері ыдысқа құйып көшіп жүргенде ыстық күнде шайқалған сүт өзінен-өзі қымызға айналған» деп қымыздың пайда болуы турасындағы өз пайым-пікірін осылай жеткізеді.
Иә, Потаповтың пікірімен келісу, келіспеуіңіз өз еркіңізде. Құптарлығы – осы бір сүттен ашытылған қышқыл сусынды көшпенділер тапты дегені болса, келіспейтін тұсымыз – тері торсықта ыстық күнде шайқалғаннан пайда болған дейтін атүсті ойы. Дейұрғанмен орыстың белгілі ғалымы В.Дальдің жазбасын оқығанда барып, жаңағы этнографтың пікірінен туындаған ренішің басылады. Ол «Қыстан жүдеп шыққан адамды әрлендіретін және қанша ішсе де тәбетін қайтармайтын қымыздың орнына жүретін сусынды ойлап таба қою, сірә, қиын шығар» дейді. Осы арадағы жалғыз-ақ «қиын шығар» сөзі қазақтың ұлттық сусынының бағасын асырып, бәсін арттырады. Анау айтқандай өз-өзінен қымызға айналған жай сүт емес екендігін растайды.
Ал бүгінгі медицина ғылымының атасы атанған грек дәрігері Гиппократ «Олар бір жерде малдың шөбі біткенше отырады. Шөп біткен уақытта басқа жерге көшеді. Өздері пісіріп ет жейді, бие сүтін ішеді және бие сүтінен жасалған ірімшік жейді» деп жазса, француз саяхатшысы Вильгельм Рубрун 1253 жылы Татарстанға жасаған сапары барысында жол-жөнекей қымыз ішкенін айтады. Әрі қымызды ашыту жолдарын, дәмін, адам ағзасына, оның ішінде несеп бөлуге әсер ететінін анықтап тұрып жазады. Енді бұған Ақтанберді жыраудың «Биенің сүті сары бал, қымыздан асқан дәм бар ма?!» деген нақылымен, жүз жасаған Жамбыл қарттың «Үйірілген сары алтындай сары қымыз, ауруға – ем, сауға – қуат, дәрі қымыз» деген жырын қосып қойыңыз.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, біз қымыз арқылы қазақтың көне кейпін, бекзат болмысын көрсеткіміз келеді. Себебі құмсағат ғұмырдың илеуінде қалған құндылықтарымыз осылай әспеттеп отыруға зәру. Бабалар аңсаған ұлттың ұрпағы болуы үшін ұлттық тағамдарымызды шама-шарқымыз жеткенше дәріптейік. Және ұлт тәрбиесінің өзегі ұлттық тағамда екенін ұмытпайық!

Сұлушаш МАДИЯРОВА
08 шілде 2020 ж. 794 0