Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қымыздың сан қыры

Қымыздың сан қыры


Аурудан асқан жан бар ма?
Жылқыдан асқан мал бар ма?!
Биенің сүті сары бал,
Қымыздан асқан дәм бар ма?!
– деп Ақтамберді жырау жырлағандай, қымыздың қадірін бабаларымыз ертеден білген. Қымыз ішіп көңіл шерін тарқатып, той тойлаған қазақ халқының тұрмысы ежелден жылқымен біте қайнасып, байланыста екені белгілі. Оған дәлел дүниеге келген ұлын «ат ұстар», қызын «ат байлар» деп атаса, есейгенде «ат жалын тартып мінгенін» айтып, қуанғанынан байқасақ болады. Ренжісіп қалғанда «ат құйрығын кесісті» десе, қайта татуласқанда «ат тізесін қосты» деп жатады. Кішкентай бөбегін еркелеткенде «құлыншағым», «құлыным» деп атап, баласын текті түліктің төліне теңеуі қазаққа ғана тән қасиет. Жылқы – ер жігіттің пырағы, көшпенді халықтың көмекшісі, көлігі, сусыны, тамағы десек жаңылмаған болармыз. Бүгінгі әңгіме жылқы беретін қымыздың емдік қасиеті төңірегінде өрбімек.
Қымыз – құрамында 28 түрлі дәрумені бар сусын. Сүт өнімінің бұл түрін тұтыну атам заманнан басталғанын «Қымыз көптеген халықтарға ерте кезден-ақ белгілі. Оның түп тамыры сонау скифтерге дейін барады. Грек тарихшысы Геродот скифтердің бие сүтінен сусын ашытатынын айта келіп, олардың сүт консервілеу құпияларын мұқият сақтайтынын, ол құпияны ешкімге айтпайтынын жазған», – дейді биология ғылымдарының докторы З.Сейітов.
Емдік сусын – буын, құрт аурулары мен жұқарған нерв талшықтарына, бас айналуға, гепатит пен ұйқысыздыққа, гастрит сияқты аурулардың алдын алуға көмектеседі. С дәруменіне бай болғандықтан қан тамырларының бойындағы зиянды қалдықтарды жойып, ішек жолдарының жақсы жұмыс істеуіне, бүйрек пен бауыр ауруларына, адамның физикалық күш-қуатының артуына бірден-бір көмекші. Безгек пен жөтел кезінде қымыз науқасқа жәрдем бола алады. Туберкулезді қымызбен емдеу тәсілі бар. Ол әдіс алғаш 1858 жылы Самара қаласының қасындағы шипажайда қолданған.
Сусынды ішкенде қан құрамындағы гемоглобин көбейеді. Бұл қан тамырының жұмысы мен жүрек соғысы жақсарады деген сөз.
Микроэлементтер мөлшерімен ана сүтіне жуықтатылған сусынның химиялық құрамы процентпен есептегенде: қант – 6,7%, ақуыз – 2,0%, казеин – 50,7%, альбумин және глобулин – 49,3%, минералды тұздар – 0,3%, құрғақ заттар – 11,0 % және май, лактоза, белок, кальций, спирт, темір, мыс, йод болады.
Қазірде Германияда немістер қымыздан сабын, сабынсу, ұнтақ сияқты күнделікті тұрмысқа қажет бұйымдар мен косметикалық заттар жасап жатыр. Осыдан бірнеше жыл бұрын Алматы қаласындағы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің студенттері қымыздан антисептикалық сабын ойлап тапса, павлодарлық екі студент балмұздақтың жаңа түрімен таныстырған болатын. Қазақ тағамтану академиясының президенті бастамасымен бие сүтінен шоколад пен торт та жасалды. «100 нақты қадам» ұлт жоспарының 60-қадамы сүт және сүт өнімдері өндірісін дамыту үшін стратегиялық инвесторлар тартуға бағытталған.

Назерке Мұхамедиярова.
28 мамыр 2019 ж. 898 0