Журналистің жегені жантақ, арқалағаны алтын

Кейінге көз жіберсеңіз, қазақ даласындағы кәсіби журналистиканың іргесі қаланғанына ғасырға жуық уақыт өтіпті. Бұл әрине, адамдар мұнан бұрын өзара ақпарат алмаспады, ұлы дала құлаққа ұрған танадай меңіреу болды дегендік емес. Көшпенді тайпалық рулардың ата-бабалары Алтайдан Атырауға дейінгі айшылық жерге бір-бірлеріне дұғай сәлем жолдап, «ұзынқұлақ» арқылы да бәрін біліп отыруды көздеді. Кейін жазу-сызуға көшіп, өсиет сөздерін балбал тастарға қашап жазып, өскелең ұрпаққа өз жайларынан ақпарат қалдырды.
Біле білсеңіз, кейбір зерттеушілер журналист еңбегінің ауырлығын жеті қабат жер астында көмір қазатын бұрғылаушылармен салыстырып жатады. Оны қисынсыз теңеу деуге келмейді. Қызып тұрған оқиғаның басы-қасында болуды, қайнаған өмірдің ортасынан «кен қазу» журналистің маңдайына әлдеқашан жазылып қойған. Мамандықтың талабы, міндеті сол болғандықтан амал жоқ, көндігуге тура келеді. Және журналистердің еңбегі жұмыстың сегіз сағатымен шектелмейді.
Өзгелер жұмыс уақыты біткен соң кеңселерінде бәрін қалдырып, демалуға қайтса, журналистің «арқалаған жүгі» одан бір елі қалмай үйіне қоса еріп барады. Көзі ұйқыға кеткенше аяқталмаған мақаласының, ертеңгі телебағдарламасының сценарийін жоспарлап жатуы тиіс. Түсінде көріп, оянған сәтте идеясын қойын дәптеріне түртіп қойып қайтадан жантайса, оған да таңқалуға болмайды.
Бірақ соны біліп, сезінбегендіктен бе қоғам журналистер қауымына қатал әрі биік талап-міндеттер қояды. Бұған халықаралық журналист Қуандық Шамахайұлының жазған сөздері факт болады.
–«Мынаны телеарналар неге көрсетпейді, газеттер неге жазбайды? Әлгі журналистер қайда жүреді, осы» деп бір тобы мін тақса, келесі бірі «Қарашы, жедел жәрдем мен өрт сөндірушілерден бұрын мына журналистер келіп алып түсіріп жүр. Не деген жамандыққа жандары құмар адамдар десеңші. Аңдыған баққандары өсек-аяң бұлардың» деп жатып кеп сөгеді. Қыл аяғы түрлі мекеменің есігін қорыған күзетшінің өзі оларды кеудеден итеріп маңына жолатпауға бар. Сөйте тұра бәрі тың ақпарат алып, тосын жаңалықтар көргілері келеді. Эфир арқылы немесе газет бетінде ұсынған туындының өзіне не көп, сыншы көп. «Ананы бүйтпеді, мынаны сөйтпеді» деп журналистерді кінәлауға келгенде біздің қоғам алдыға жан салмайды. Осылайша, ешкімге ұнамайтындығымен де журналистика деген қиындығы молдау мамандық.
Қала берді бәзбіреулер бүгінгі журналистиканың ауыр дерті – жеңіл жаргон сөздерінде. Ешқандай ана тілдің айраны, салиқалы сөздің сүзбесі, қарапайым әңгіменің қаймақ, қатықтары мүлдем көрінбейді дейді. Осы секілді пікірлерді жүз процент дұрыс айтылған деу қиын.
Кез келген мамандықтың қызығы мен шыжығы қатар жүреді емес пе? Міне, журналистикада да солай. Қарда ізі қалмаса да, қағазда аты, эфирде заты бар шығармашылық туынды жасайтын қызығы мол кәсіп. Қоғамда орын алған қайшылықтарды сөз етіп, олардың түйінін тарқатып, қолдау күткен жанның проблемасын шешіп, олардың көңілдеріне ізгілік ұялататындығын айта кеткен жөн секілді. Қоғамның игілігі үшін жан аямай күресу пешенелеріне таңбаланып қойғандықтан, бұл мамандықты таңдағандар салаға жан-тәнімен беріліп, оның жолында бәрін құрбан етуге даяр болып келеді. Ұдайы тың көріністерге тап болып, әркез түрлі оқиғалар мен деректердің сырына терең бойлайтындықтан журналистер барлық саладан хабардар зерделі жандар.
Негізі, журналистер қауымы деген қоғамдағы ағымға еріп, бірге жүзіп жүретін, жетекке еретін «түлкі алмайтын тазы» емес. Керісінше, жиған ақпараты мен оны тарату мүмкіндігіне қарай алдыңғы қатарға шығып, қоғамды даму мен өрлеуге жетелейтін көшбасшы тұлға болуға міндетті. Сонысымен де ол үкіметке елеулі түрде ықпал етіп, халықты жанама түрде басқаратын «төртінші билік». Иә, Қуандық Шамахайұлы айтқан бұл сөздер келісуге тұрарлықтай.
Сұлушаш МАДИЯРОВА