Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Абай өлеңі өміршең

Абай өлеңі өміршең

Хәкім Абайдың 1880 жылдардың екінші жартысында жазылған өлеңдерінің ішінде барша оқырман көңілін өзіне қарай елітіп әкеткен бір топ шығармалары бар. Ол – көңіл-күй лирикалары. Бұны біз ақынның өз ойымен халық мұңын қоса мұңдаған ойшылдық, сыршылдық үлгідегі терең толғаулары десек болатындай.
«Ішім өлген, сыртым сау» деп, дерттене толғанған ақын:
«Қажымас дос халықта жоқ,
Айнымас серт қайда бар?
Алда көрген, артта жоқ,
Мысқыл өсек, айла бар» деп өзі өмір сүрген қоғамның бейнесін бейнелейді. Мұңдана отырып ызаланған Абай, өзі өмір сүрген қоғамның барлық кемшіліктерін оқырманына жайып салады. Бұл өлеңнің түрі де осы шаққа дейін ақын жазып келген өлеңдердің үлгісінен өзгеше. Шумақ сегіз жолдан қайырылғандықтан «Сегіз аяқ» атанған. Ұғынғанға көп ойларды айтқан, заман, қоғам шындықтарын және өз басының мұңдарын жинаған үлкен өлең бұл.
Өлеңнің мазмұны мен мақсатына терең зер салған сегіз жолдан тұратын шумақта заманының кеселді жақтарын әшкерелейтін ақын, соңғы екі жолды түйінді ойға құралған афоризммен тәмамдапты.
«Қайнайды қаның,
Ашиды жаның
Мінездерін көргенде:
«Жігерлен, сілкін,
Қайраттан, беркін!» деп
Насихат бергенде:
Ұятсыз, арсыз салтынан,
Қалғып кетер артынан» деген сегіз жолда ақын өмір сүрген қоғамның реалистік ақиқаты мен қоғам қайраткері, ұстаз-ақынның жан айқайы жатыр.
Біреуге ызаланып, қаның қайнаған кезден бастап, оған қайтадан жаның ашыған сәтке дейін адам қаншама көңіл-күй, жан сезімдерін бастан кешірмейді ме?! Қанша күйінсең де өз қолыңды өзің шаба алмайсың. Ойланасың. Қаныңның қайнауына себеп біреу. Ол – халқыңның надандығы. Бұл әрине, ақын пікірі.
«Оян, қазақ» деп ұран шақырып, халқын сан ғасырлық ұйқысынан оятпақшы болған, халқын соншалықты терең сүйген ұлт зиялыларының ең алғашқы қарлығашы әрине, ол – Абай. Және бұл тарихи шындық.
Өмірінде роман, драма жазбаған ақынның осы сегіз жолдан тұратын бір шумақ өлеңі, тұтас сюжетке құрылған үлкен бір көркем шығармадай әр оқырманның көз алдынан өтеді. «Сегіз аяқ» өлеңінде бас кейіпкер – ақынның өзі. Ол кейде жан-тәнімен күйінеді, кейде ойшыл, кейде мысқылшыл, кейде мұңдана отырып өз оқырманымен сырласады. Ал кейде ызалы ақынның көзінен қанды жас ағып тұрғандай. «Қайнайды қаның, ашиды жаның» деп басталатын «Сегіз аяқтағы» бір шумақта ақын туған халқы мен ол өмір сүрген қоғамның қаны сорғалаған ақиқатқа толы шындық бейнесін сегіз-ақ жолға сиғызып тұр.
Осы «Сегіз аяқта» ақын елден бірлік кеткенін, ел іргесі тозып бара жатқанын әшкерелей келіп, осы жаманшылықтың бірден бір себебін айтады.
«...Тамағы тоқтық,
Жұмысы жоқтық,
Аздырар адам баласын» деп жеке адам үшін де, қоғам үшін де, халық үшін де ең қадірлі, қажетті іс еңбек екенін айтады. Осы жоғарыдағы өлең тармақтары бүгінгі қоғамға қажет салиқалы дүние-ақ. Жанын жей отырып жазған ақын еңбегінің ұрпақ алдындағы тарихи құндылығы да осында шығар.

Сұлушаш МАДИЯРОВА

26 мамыр 2020 ж. 837 0