Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «ТІЛ» ӘКЕЛУДІҢ ШЕБЕРІ Шиелілік партизан Бақырдиннің ерлігі жайында

«ТІЛ» ӘКЕЛУДІҢ ШЕБЕРІ Шиелілік партизан Бақырдиннің ерлігі жайында

...1942 жылдың жаз айы. Белоруссияның ит тұмсығы батпайтын қалың орманы атылған оқ пен жарылған бомбалардың зардабынан жапырылып қалғандай. Бақырдин мен Синявский ағаштарды паналап жүріп келеді. Баратын жері – Поречье елді мекені.
Әлгінде ғана Громов атындағы отряд командирі майор Мармулев Бақырдинді шақырып алып отрядқа опасыздық жасаған сатқын Боровикті тірідей ұстап әкелуді тапсырған. Жас партизан оның үйін білетін-ді. Талай рет Боровикпен бірге сол деревниядағы астыртын жұмыстарға қатысқан.
Күн тастөбеде тұр. Аспан айналып жерге түскендей ыстық. Жүріп келе жатқан партизандар шамамен күнді бағдарлап қарады да, «түс болды-ау» деген тұжырымға келіп, орманнан шеткерірек тұрған, айналасы қалың, адам бойындай болып өскен әр түрлі шөптермен көмкерілген жуан ағаштың түбіне жетіп тоқтады. Синявский жан-жағын өткір көкшіл көзімен бір шолып өтті де:
– Бақырдин, бірер сағат осы жерде бой тасалай тұрайық. Ауылға кештетіп барғанымыз жөн болар, – деді.
– Жөн сөз. Солай етейік, – деді де Бақырдин мылтығын ағашқа сүйей салып, көгалға жантайып жата кетті. Талай күн ұйқысыз жортуылда жүрген партизандарды күннің ыстығы маужыратып, мүлгіте бастады. Бақырдин ұйқыға брілмеуге тырысты. Бірде артында қалған туған елі, әке-шешесі, асыл жары, бала-шағасы көз алдынан елес болып өтсе, бірде алдағы күнді ойлайды.
Кештете екеуі қайта жолға шықты. Орманның шетін ала отырып, жықпыл-жықпыл сүрлеумен сақтана басып келеді.
Міне, Паречье елді мекені де көрінді. Бұл кезде күн де ұясына кіріп, даланы едәуір қараңғылық басқан.
– Анау тұрған Боровиктікі, – деді Бақырдин ауылдың ортасына таман салынған бәкене үйді нұсқап. – Біз көзге түспеу үшін бақша ішімен барамыз. Көрдің бе, есігінің алдында паналайтын жалғыз талдан басқа ештеңе жоқ. Үйінде кім барын мен қазір біліп келейін. Сен осы арада күте тұр. Бақырдин ептеп басып ілгері кетті. Әне терезеден қарап тұр. Әлден уақытта қайта оралды.
– Үйінде көрінбейі. Коменданттың кеңсесінде ме, әлде немістермен бірге думандатып отыр ма? – деді Синявскийге бұрылып. Бұл кезде серігі де ауладан көз алмай қарап отыр екен. Біреуді аңдып отырған секілді.
– Әне қарашы, әне бір адам қисаңдап осылай қарай беттеп келеді.
– Сол ғой, – деді Бақырдин анадайдан танып. – Дәл өзі. Тез қамдан!
Бұлар аулаға кіріп ағашты паналады. Қаннен қаперсіз шылым тартып келе жатқан Боровик өзінше сөйлеп келеді: «Партизандардың қайда екенін айтып тұрсам, осы ішкенім ішкен ғой. Күнде ішімдік, рахат!» Осы кезде кіжініп тұрған Бақырдин ағашты айнала беріп Боровикті алқымнан ала түсті. «А-а» дегенше Синявский аузына сабан кептеп үлгерді. Осы үнсіз қимылдың бәрі көзді ашып жұмғандай уақытта өтті. Сатқынның қолын артына қайырып байлап, орманға кіргенше мылтықпен айдап барды.
Орманға кіре киімдері жеңілдеп, артық заттарын сатқынға арқалатып, таң ата отрядқа оралды...
Екі партизанның ерлігіне риза болған отряд командирі майор Мармулов пен комиссар аға лейтенант Рябухо, штаб бастығы капитан Болдырев Бақырдин мен Синявскийге сапқа тұрған қаруластарының алдында алғыс айтты.
– Қанекей, тамақтанып, демалыңдар. Ертең ерте «тіл» әкелуге барасыңдар, – деді майор қос партизанға сеніммен қарап.
– Жарайды! – деді екеуі тік тұрған қалпы оң қолдарын шекесіне апарып.
...Таңғы уақыт. Күлімдеп күн ұясынан шығып келеді. Таңғы тыныштықты бұзып ұшқан неміс самолеттерінің даусы естіледі. Тағы да әлгі екі партизан орман ішімен жүріп келеді. Әлден уақытта матор үні естілді, екеуі де тұра қалып тыңдады.
– Машина маторының үні, – деді Синявский.
– Әне, анау келе жатыр ғой, – деді Бақырдин серігіне бұрылып. – Көрдің бе? Екеуміз жолдың екі шетіне жасырынайық, мен белгі бермей атушы бол ма!
Көз ұшында келе жатқан жүк машинасы жақындап қалды... Міне, ара қашықтық 50 метрдей.
– Ат! – деді осы кезде Бақырдин бар даусымен. Мылтық «гүрс» етті. Жүйткіп келе жатқан мәшина жолдан шығып сәл жүрді де кілт тоқтады. Кабинада екі адам бар екен. Бірі офицер, екіншісі шофер. Бұлар келгенде оқ тиген шофер өліп, офицер екі қолымен басын ұстап шыңғырып жатыр екен. Мәшинаның алдыңғы терезесіне басын қатты ұрып алса керек.
– Мынаны көтеріс, – деді Бақырдин иегімен жаралы офицерді меңзеп. – Тез далаға алып шығып орманға жеткізейік.
– ОҺ, тірі екен, жақсы болды ғой, – деп Синявский көтерісіп жүріп офицерге қарап қояды. Қолын байлап, аузын тығындап, мәшинеден керек заттарын алып, орманға сүңгіп жоқ болды.
Қолға түскен офицер немістердің штабында істейтін болып шықты. Біраз қажетті мәліметтер беріпті.
Біз партизан қазақ жігіті Бақырдиннің екі әрекетін ғана сөз еттік. Осындай ондаған әскери операцияны басынан өткерген қайсар жерлесімізді қаруластары «тіл» әкелудің шебері» деп атайды екен.
...1944 жылдың май айы. Минскінің орталық алаңында Белоруссия партизандары мен кеңес жауынгерлерінің салтанатты жиыны болады. Онда әскери тапсырмаларды мүлтіксіз орындаған жауынгерлерге наградалар тапсырылады. Партизан Бақырдин Әуезов І- дәрежелі «Ұлы Отан соғысының партизаны» медалімен марапатталды.
1946 жылы туған ауылы – «Авангард» (қазіргі Ақмая) кеңшарына жеңіспен оралған Бақырдин еңбек майданына араласты. «Авангард» күріш өсіруден 16 Социалистік еңбек ерін тәрбиелеп шығарған киелі мекен. Сол даңғайыр диқандардың жолын жалғап, кейбірімен қатарласа жүріп күріш екті. Кейін ауданнан «Телікөл» қой шаруашылығы ашылғанда шопан таяғын қолына ұстап, қой өсірумен айналысты. Өмірінің соңына дейін еңбектен қол үзген жоқ. Қазір ұрпақтары Шиелі ауданының елді мекендерінде тұрып жатыр. Жақында осы әулетте қуанышты оқиға орын алды. Партизан Бақырдин Әуезовке осыдан 75 жыл бұрын «І-дәрежелі Ұлы Отан соғысының ордені» берілгені ғаламтордан мәлім болды.

Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ,
Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі.
01 мамыр 2020 ж. 320 0