Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Баланың тәбеті нашар болса...

Баланың тәбеті нашар болса...

Кішкентай балаға пайдалы тамақ жеу керегін түсіндіру оңай емес. Айран ішуден бас тартады, жемістерді көргенде аузын қолымен жабады, ботқа жақсы көрмейді, ал дүкеннің тәттілерін үздіксіз жеуге дайын. Мұндай кезде не істеуге болады? Бала жасына қарай тамақтан пайдалы заттардың, дәрумендер мен минералдардың нақты мөлшерін алуы керек. Педиатрлардың айтуынша, тәбет – бала денсаулығының жай-күйін көрсететін маңызды көрсеткіштің бірі. Баланың тамақ жегісі келмеуінің объектив себептері бар. Бірақ егер баланың дені сау және рефлекстері қалыпты болса, ол тамақтан бас тартпауы керек. Баланың тамақ ішкісі келмеуіне кейде әке-шешесі мен ата-әжесінің әрекеттері себеп болады: - Баланы тамақ ішу кезінде алдандыру; - Бала тамақтанып отырғанда асықтыра береді. Бала өз темпінде тамақ ішуі керек; - Тамақтану режимін сақтамау; - Негізгі тамақтану аралықтарында (мысалы, таңғы ас пен түскі ас арасында) тәттілер беру; - Көп шырын ішкізу; - Бала тойғанын айтса да, ата-ана тауысып қоюға қинайды. Баланың қалауы мен сезімін құрметтеу керек. Балалар ересектерге қарағанда өз ағзасының қалауын жақсырақ біледі; - Балаға түбегейлі бас тартқан тағамын қинап беру. Педиатрлар бала қатты шаршаған болса, белсенді ойыннан соң қызып тұрса немесе жылап отырса, нашар тамақтанатынын айтады. Оған қоса, бала қызып тұрғанда шөлдейді де, тер бөліну мен тәбет төмендейді. Сондықтан баланы ыстықта, ауасы тар бөлмеде немесе қызуы көтерілгенде қинап тамақтандырсаңыз, оның жүрегі айнып, құсуы мүмкін. Баланың нашар тәбеті ата-ананы қай уақытта мазалауы керек? Кей аурудың бір белгісі – нашар тәбет. Оларға асқазан-ішек жолы мен бүйрек ауруы, жүйке-жүйесінің бұзылуы немесе гипербелсенділік жатады. Тонзиллит, гайморит, ішек құрты, дәрумен жетіспеушілігі – бұлардың барлығы баланың тамақтан бас тартуының себебі болуы мүмкін. Сондықтан егер тәбет мәселесі жүйелі түрде қайталанса, дәрігермен кеңесу керек. Нашар тәбеттің "медициналық" себептерін ескермесек, тамақ аз жейтін баланы қалай тамақтандыруға болады? - Мүмкіндігінше баламен бірге тамақтаныңыз. Сол кезде бала дастархан басындағы басқа адамдардың әрекетін қайталауы мүмкін; - Балаға тамақтың екі нұсқасын ұсыныңыз. Алдымен негізгі тамақты, содан соң сүйікті өнімі қосылған бірдеңе беріңіз. Сол кезде тамақтану бала үшін қызығырақ бола түседі; - Егер бала тамақты жақсы жесе, мақтаңыз, бірақ артық кетпеңіз. Балалардың көпшілігі мақтағанды жақсы көреді; - Тамақты мақтаңыз. Мысалы: "Қандай дәмді сорпа!". Бала үшін ересектердің орны бөлек. Егер тамақты ересек адам мақтаса, баланың оның дәмін көргісі келуі әбден мүмкін; - Балаға тамақты аз порциямен беріңіз . Егер барлығын тауысып қойса, оны мақтаңыз да тағы ұсынып көріңіз; - Балаға тамақты сіз бермеңіз, өзіне жеуге мүмкіндік беріңіз. Балалар ересектердің оларға сенгенін жоғары бағалайды. Айналасын шашып тастаса да, шыдам танытыңыз; - Баланы тыныш жерде тамақтандырыңыз: айналасына ойыншықтар қоймаңыз және теледидар қоспаңыз. Бала барлық затқа бірдей зейін аудара алмайды; - Тамақтану уақыты 20-30 минуттан аспауы керек. Одан кейін келесі тамақтанғанға дейін балаға ештеңе бермеңіз. Әйтпесе, оның қарны ашып үлгермейді; - Егер бала тойғанын айтса немесе көрсетсе, тамақты алып тастаңыз. Ешқандай жағымсыз сөздер айтпаңыз. Баланың дәмдік қалауы, әдетте, отбасыдағы тағамдық стреотипке байланысты қалыптасады. Егер отбасыда етті көбірек жесе, тәттіні немесе қамырлы өнімді жақсы көрсе, бала да сол тамақтарды көбірек жейтін болады.

https://massaget.kz


01 сәуір 2020 ж. 687 0